Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында жылыту маусымының қатерсіз өтуі мен газ тұтынуда қауіпсіздікті сақтау жайы сөз етілді. Брифинг спикерлері Алматы облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары Қанат Есболғанов пен облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Александр Пархоменко өңірімізде кідіріссіз ауыстыруды талап ететін, 70-80 жылдардан бастап пайдаланылып келе жатқан шамамен 21 983 мың ықтимал қауіпті тұрмыстық газ баллоны бар екенін жеткізді. Сондай-ақ жыл сайын республика аумағында тұрмыстық газ баллондарын дұрыс пайдаланбау салдарынан газ-ауа қоспасының жарылысы орын алатынын да тілге тиек етті.
Алғашқы болып сөз алған Қанат Есболғанов көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдалануға және оларды жанар-жағармай бекеттерінде толтыруға тыйым салынғанына қарамастан, оны қолданушылардың қатары азаймай отырғанын алға тартып, салдарынан жарылыс пен өрт орын алатынын жеткізді. Сала маманы мұндай жағдайлардың газ және газбен жабдықтау саласында тиісті жұмыстар дұрыс деңгейде жүзеге асырылмағандықтан, газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану бойынша халықты хабардар ету шаралары жүргізілмегендіктен болатынын да жасырмады. Ол өз сөзінде:
- 2023 жылдың қыркүйегінде Еңбекшіқазақ ауданында өрт салдарынан 36 баллон ауаға ұшып, нәтижесінде 4 адам зардап шекті, 2 адам қайтыс болды. Екі жағдайға да табиғи газ құбырындағы қысымның көтерілуі себеп болды. Ал биыл 18 қыркүйекте Қарасай ауданы Жалпақсай ауылында газ-ауа қоспасынан болған жарысылыс нәтижесінде екіқабатты үйдің құлауы орын алып, үй иесі қаза тапты, – дей келе, мұндай жағдайды болдырмас үшін атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті. Сондай-ақ автогаз құю стансаларында көлікте пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға жол бермеу қажеттігі мен тұтынушыларға сатылатын әрбір тұрмыстық баллонға сапа кепілдігі талоны табысталуы тиістігін атап өтті.
Келесі сөз кезегін алған азаматтық қорғау подполковнигі Александр Пархоменко жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі жайлы әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 613 өрт оқиғасы тіркелген. Спикер жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында орын алатын өрт санының әлі сейілмей тұрғанын айтып, биылғы жылдың 9 айында осындай 379 өрт оқиғасы болғанын, салдарынан 14 адамның қаза тапқанын жеткізді. Бұл орайда ол:
- Мұндай жағдайларды болдырмау үшін өңір тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салғым келеді. Негізгі күш-жігерді қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын сақтай отырып, өрттің туындау себептерін жоюға бағыттау керек. Үйді жылыту кезінде жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыруға және оны қадағалауды жас балаларға тапсыруға тыйым салынады. Ағаш пен жанғыш заттарды пеш алдына қоюға, от тұтату үшін бензин, керосин, дизель отынын пайдалануға болмайды, – деп жыл басынан газ-ауа қоспасының өршуінен қайғылы 7 жағдай орын алғанын жеткізді. Сондай-ақ жеке сектор тұрғындарына өрт қауіпсіздігінің үлгілік ережелерін бұзбай, тұрмыстық газды пайдалану тәртібін қатаң сақтау қажеттігін айтты. Төтенше жағдай кезінде дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу керектігін ескертті.
Құралбек СӘБИТОВ