Қанша жерден Кеңес өкіметін қараласақ та, сол тұста қазақ ауылы жақсы дамығанын мойындауымыз керек. Өйткені кеңестік саясат о бастан Қазақстанды бүкіл Одақты ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ететін аграрлы республика жасағысы келді. Сондықтан бұл саланы керек-жарақпен мейлінше қамтамасыз етіп, барынша дамытуға тырысты. Тіпті мектепті бітірген жастарға ауыл шаруашылығында екі жыл еңбек етсе, жоғары оқу орындарына түсу үшін жолдама берілетін.
Әрине, мұның астарында қазақ жастары жоғары білім алсын, өз заманының озық ойлы азаматы, білікті маманы болсын деген ойдан гөрі, олар мейлінше ауылда қалсын деген астарлы саясат жатты. Мектептен кейін екі жыл жұмыс істеп, әскерге кетіп, бірқатары үйленіп шаңырақ көтерген соң жеке өмірінде біраз өзгеріс болып, олардың көбі шынында да ауылда қара жұмыс істеп қалатын. Бірі мал бақты, бірі егін салды, енді біреулері тракторшы, жүргізуші, құрылысшы болып еңбекке араласты. Оларға жақсы жағдай да жасалды: ауылдарда Мәдениет үйі, кітапхана, монша, байланыс, спорт кешендері сияқты әлеуметтік нысандар, жолдар салынды. Сөйтіп ел көлемінде миллиондаған гектар егін егіліп, миллиондаған бас қой-ешкі, мүйізді ірі қара өсірілді. Оған қазіргі аға және орта буын толық куә. Жалпы ауыл – сол кезде қазақ халқының нағыз өзегі, алтын бесігі болды. Небір талантты ақын-жазушылар, майталман мамандар мен атақты ғалымдар сол ауылдан шықты. Бірлік, бауырмалдық, мейірімділік, қайырымдылық, қонақжайлылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қазақы асыл қасиеттер мен ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің де саф түрінде сақталған ортасы – сол ауылдар еді.
Әттең, еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет атанудан осы біршама дамыған саланың тоз-тозы шығып, сол миллиондаған бас мал мен ауылшаруашылық техникалары талан-тараж болды. Мәдениет үйлері, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандарды, машина-трактор парктерін, қоралар, қоймалар, тіпті стратегиялық нысан саналатын су қоймаларына дейін билікке жақын қалталы жандар «жекешелендіру» дегенді сылтау етіп, «пышақ үстінен» бөліп алды. Тым жақсы жұмыс істеп тұрған ауылшаруашылық кәсіпорындары тұралап, халық жұмыс іздеп босып кетті. Мемлекет тарапынан ауылға көңіл бөлінбей, кешегі бірлік пен татулықтың, қайнаған еңбек пен жап-жақсы жетістіктердің мекені, ұлттық бірегейлік пен ынтымақтың ордасы болып тұрған орта азып-тозып, ауыл халқы лек-легімен қалаға көше бастады. Бұл қай жағынан да үлкен қателік еді, көпті көрген көнегөз қарттар, абыз ақсақалдар қанша айтқанмен, олардың сөзіне құлақ асқан билік болмады. Қарап отырсаңыз, қазіргі кезде қалаларда баспанасыз, бар тапқанын уақытша жалдап отырған пәтеріне жұмсап, қиын өмір кешіп жатқан көп балалы отбасылардың басым көпшілігі кезінде ауылдан кеткендер. Олардың бәрі сол қателіктің құрбаны десек те артық айтқандық емес.
Жалпы, егемендіктің елең-алаңындағы жан-жақты зерттеп-негізделмей жүргізілген реформалардың салмағы тым ауыр тиіп, ауылдар тоқырап қалды. Кейінгі жылдары жағдай біраз жақсарғанымен, әлі де ауыл еңсесін толық тіктей алған жоқ. Сарапшы мамандар мен ғалымдардың есептеуінше, қазір көп ауылдардағы жұмыссыздық деңгейі 75-80 пайызды құрайды. Әсіресе, жастар жұмыссыз қалды. Олардың көбі көктемнен күзге дейін қалаларға барып, әр жерде әртүрлі жұмыс істейді, онда да ешқандай келісімшартсыз. Соның салдарынан еңбекақыларын да толық ала алмайды. Арыздануға, шағымдануға құқықтық негіз жоқ, себебі жалданып істейтін жұмысын ауызекі келісім арқылы атқарады. Қыстың алдында қайтып келген соң үш-төрт ай жұмыссыз отырады. Соның салдарынан әртүрлі заңбұзушылықтарға ұрынады. Бұзақылық, мал ұрлығы, есірткі қолдану мен өз-өзіне қол салудың көбейіп бара жатқандығының да басты себебі осы жұмыссыздық екені даусыз. Қазақтың атакәсібі саналатын мал бағу емес, керісінше ауылдардағы ең тиімді жұмыс – мал ұрлау болып тұр.
Үкіметтің дерегіне сенсек, елімізде жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан аспайды. Бұл статистика өте күмәнді. Бізде статистиканың дұрыс жүргізілмейтінін Президенттің өзі бірнеше рет айтты. Мысалы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отырғанын айтты. «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек» – деді.
Еліміздегі жұмыссыздық туралы статистика да шындыққа сәйкес келмейді деуге болады. Өйткені бізде 3 миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамды тұрақты жұмысы бар адамдар санатына қосады. Негізінде оларды жұмыссыз жандар деуге болады. Себебі олар ешқандай табыс салығын, әлеуметтік төлемдер төлемейді, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарна өткізбейді. Соның салдарынан мемлекет тарапынан міндетті медициналық қызмет топтамасын ала алмайды, келешекте зейнетақысы да өте аз болатыны айдан анық. Егер шын мәнінде бізде ресми жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз болса, мұндай көрсеткішпен Гиннестің рекордтар кітабына енуге болар еді. Салыстырып қараңыз, Еуропаның дамыған елдерінің өзінде жұмыссыздық деңгейі 10 пайыздан асады, кейбір елдерде тіпті – 15-25 пайыз! Сонда мыңдаған адам еңбек ететін ірі өнеркәсіп орындары, зауыт-фабрикалары жоқтың қасындағы Қазақстан бұған қалай жеткен?! Шынтуайтына келгенде, бізде 22-25 пайыз адам жұмыссыз деуге болады!
Ауылда егін салып, мал бағуға мүмкіндік өте аз. Құнарлы, шұрайлы суармалы жердің көбін баяғыда-ақ қалталы азаматтар бөліп алған. Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның 85 пайызына дейін ірі холдингтер мен монополист компанияларға беріледі де, қалған 15 пайызы ғана орта шаруашылықтарға бөлінеді екен, біздегі шегіне жеткен жемқорлық, тамыр-таныстық жағдайында соның өзі толық жетпейтінін ескерсек, жағдай тым ауыр. Ал ұсақ шаруа қожалықтарына көк тиын да тимейді. Негізінде 80 пайызға дейін ет, сүт өнімдері осы жеке шаруа қожалықтарында өндіріледі.
Ауыл шаруашылығындағы техникалық парктің де жағдайы сын көтермейді, 70-75 пайызы тозғандықтан, дағдарысты жағдайда деуге болады. Олардың жұмыс мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, қайта жаңғыртуды іске асыратын амортизациялық бағдарламасы жоқ. Салада жалақы өте төмен, мамандардың, әсіресе талғам-талабы жоғары жастардың ауылға бармайтын басты себебі де сол.
Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартуды өте маңызды міндет ретінде айқындап, саланы тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіру жөнінде тапсырма берді. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жерлер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін де ескертті. Жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керектігін, оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын ескеру қажеттігін де қадап айтты.
«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне де тоқталып, қазіргі дейін 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылғанын, жыл соңына дейін тағы кемінде 5 миллион гектар қайтарылатынын, жалпы заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайтынын айтып, Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осыған қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс екенін айтты. Президент ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын, бұл тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын, бар судың да 40 пайызы құмға сіңіп жатқанын ашына айтты.
Әрине ауыл шаруашылығында қордаланған түйткілдер мен орын алып жатқан кемшіліктер аз емес, оларды қалай шешу керек? Түптеп келгенде ауылды қалай дамытамыз? Бұл мәселелер төңірегіндегі өз ойын экономика ғылымының докторы, академик Оразалы Сәбден былай жеткізді:
– Қазір Қазақстан халқының 43 пайызы немесе 8,5 миллионға жуық адам ауылдарда тұрады және оның басым көпшілігі өзіміздің қаракөздер. Бұрын қазақ «Ауылына қарап, азаматын таны» деуші еді. Бүгін ауылға барсақ ұяламыз. Ұсақ шаруа қожалықтарына иелігіндегі жер телімдерін игеруге жаңа техника, технология жетіспейді. Сол себепті олар ірі шаруашылықтармен бәсекеге түсе алмайды, өнімдері өтпейді, өтсе де тым арзан бағаға сұрайды. Сондықтан ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, ауыл шаруашалығын жедел кооперациялау қажет. Ол үшін «Кооперация туралы» заңды тезірек іске асыру керек. Әр ауданда бір немесе екі техникалық сервис орталықтарын құру және ауыл шаруашылығын жаңаша ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр. Ал оның негізі – кооперация!
Бұл жерде тікелей мемлекеттік қолдау қажет. Сол құрған кооперацияда, орталықтарда Үкіметтің үлесі 20-30 пайыз болуы мүмкін. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы өндірісіне субсидиялар мен несиелердің көптеп бөлінуін, олардың жергілікті жерге жетуін қадағалау керек. Президент биылғы Жолдауында бұл жайында жақсы айтты, нақты міндет жүктеді. Сонда ғана инвестиция тиісті жерге салынады, жұмыс орындары көбейіп, ауыл серпіліс алатын болады.
Ауылда тұтыну коперацияларын құра отырып, қосымша инвестиция тарту, тауар өндіру, өңдеу жұмыстарын жандандыру қажет. Бұған АҚШ, Канада, Еуроодақ елдерінің тәжірибелері дәлел бола алады. Бізге дамыған елдердегідей «білімді технологиялық ауылдар» керек. Оны «Жаңа ауыл» деп атауға болады. Тәуелсіздік алар тұста Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 27-29 пайыз болатын, ал қазір бар болғаны 5-ақ пайыз. Осыны тым болмағанда 20 пайызға жеткізу керек.
Қазір бізде ет пен сүттің 40 пайызы, кейбір азық-түлік өнімдерінің 60-70 пайызы шеттен келеді. Соның өзінен қаншама қаржы шетке кетіп жатыр! Керісінше ұлан-ғайыр аумағы, 30 миллион гектардай егістік, 190 миллион гектардай жайылымдық жері бар біз оны өзге елдерге сатуымыз керек емес пе?! Ең болмаса атакәсібіміз саналатын мал бағуды дұрыс жолға қойып, ет пен сүттен өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмасақ, болашағымыз қандай болмақ? Сондықтан мемлекет бұл бағытта «Мал өнімдері» және «Астық» холдингтерін құруды қолға алуы керек. Сөйтіп, бұл салада дүние жүзінде алдыңғы орынға шығуға бар күшті жұмсап, ауылдарды да жоғалтып алмаудың амалдарын іздегеніміз жөн. Біздің ел мал өсіруді дамытудың жолдарын біледі. Кезінде Тұрар Рысқұлов Сталинге: «Жолдас Сталин, ет – валюта. Мал өнімдерін дайындап, Еуропаға ет сатып, одан түскен қаражатқа өндірісте істейтін маман-инженер дайындайық» – деген. Осы ойдың мәні қазір де маңызды.
Біз әлі де болса дүние жүзінде ауылшаруашылық өнімдері бойынша бәсекеге түсе аламыз. Өйткені алдағы 30 жылда әлемде азық-түлікке деген сұраныс екі есеге артады, ал су тапшылығы 50-60 пайыз өседі. Осы мүмкіндікті мүлт жібермей, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді еселеп арттыру арқылы қазақтың алтын бесігі саналатын ауылды, Президентіміз алға қойып отырған халықты жұмыспен қамту, табысын арттыру міндеттерін де ойдағыдай шеше аламыз. Ал ауылды дамыту – елді дамыту деген сөз. Ауылда жұмыс орындары көптеп құрылып, өндірілетін өнім көбейсе – базарда баға арзандайды, халықтың күнкөрісі жақсарып, әлеуметтік жағдай да мейлінше тұрақты болады. Ел тұрғындарының басты тілегі осы емес пе?!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ