Кеген ауданындағы Мәдениет күні ұлттық құндылықтарды паш еткен көрмемен ашылды. Қонақтар өнер туындыларымен, өлкетану мұражайы жәдігерлерімен танысты. Ақ жаулықты әжелер табақ тарту, текемет басу, жүн сабау, көрпе жасау жолдарын көрсетіп, бабадан балаға мирас болған дәстүрді дәріптеді. Ауыл ақсақалы Ұлан Нұрақынов ақ батасын арнады.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өлкетануға, рухани мұраларды дәріптеуге Мәдениет күнінің қосатын үлесіне тоқталды.
– Облыс көлемінде өтіп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күндері біздің ауданымызға да келіп жетті. Шара аясында мәдениет саласының майталмандары да өнерлерін ортаға салып, өңіріміздің өзіндік ерекшелігі мен ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртып, татулық пен достықты ту еткен халқымыздың ауызбірлігін айғақтап жатқан жайы бар. Оған барша аудан жұртшылығы атсалысуда. Батырлар мен ақындар, жазушылар мен спортшылар көптеп шыққан бай өлкенің мәдениет саласында атқарған жұмысы көп. Осы бағытта ауданымыздың 14 мәдениет мекемесі мен кітапханалар желісі жұмыстарын абыроймен атқарып келеді, – деді аудан әкімі.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Әнуар Үмбетәлиев Мәдениет күніне жиналған жұртшылықты құттықтады.
– Облыс әкімінің қолдауымен қолға алынған «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала Мәдениет күндерінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – ұлтымыздың айнасы, рухани келбеті. Дәстүрге айналған шара болғандықтан, жыл сайын тоғыз аудан, бір қалада өтіп келеді. Бүгін Райымбек ауданынан бастадық, Кеген ауданына келіп отырған жайымыз бар. Шараның негізгі мақсаты ұлттық мәдениетіміз бен мұраларымызды паш ету, жас дарын, таланттарды анықтау болып саналады, – деді Әнуар Мұқтарханұлы.
Бұдан кейін көпшілік Мәдениет үйіндегі көрермен залына жайғасты. Кеген халық театрының әртістері дайындаған режиссер Аршын Нұрбақыттың «Мұқатай Жылқайдаров» атты поэтикалық-сахналық қойылымын тамашалады.
Ары қарай мерекелік шара «Кегенім – жұмақ мекенім!» атты өнер байқауына ұласып, ауданның мәдениет қызметкерлері жиналған жұртшылыққа үлкен концерттік бағдарлама ұсынды. Концертте Қаршыға Ахмедияров пен Секен Тұрысбековтің күйлері және жергілікті сазгерлердің әндері, ұлттық билер орындалды. Осылайша, аудан тұрғындары мәдениет мәйегінен мол мағлұмат алып, ұлттық өнерден сусындап қайтты.
Байқауға әр елдімекен қатысуда. Байқау барысында арнайы комиссия мүшелері өңірлерді аралап, үздіктерді анықтайды. Мәдениет күндерінің қорытындысы барлық ауданда толық өткізілгеннен кейін жарияланады. Алдағы уақытта мәдени шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырған өнер шаңырақтары байқауға белсене қатысқандары үшін ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталатын болады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы