Балқаш ауданында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры өтті. Алдымен журналистер Миялы ауылдық округіне қарасты «Ынтықбай» шаруа қожалығында болды.
– Бұл тұқым – Қазақстанның өз өнімі. 1930-1980 жылдары «Шропшир» және «Прекос» қошқарларымен будандастыру арқылы пайда болған. Кезінде «Дегерес» тұқымы Балқаш ауданында өсірілген. Биязы жүнді, құйрықты қой ыстық-суыққа төзімді және шөп талғамайды. Бұл жүнді-етті бағыттағы қой тұқымын бізден сатып алуға қызығушылық танытып отырған шаруашылықтар аз емес. Бүгінде 1500 бас саулық өсіріп отырмыз. Алдағы уақытта мал басын көбейту жоспарда бар. Биылғы төлін 50 мыңнан сатамыз. Аналықтары 100 мыңға дейін барады. 100 бастың 20-30 пайызы егіз туады. Жақында бір шаруа қожалығының басшысы 500 бас төл сатып алуға ниетті екенін білдірді. Өкінішке қарай, жүнге деген сұраныс жоқ. Әрбір қойдың жүнін 700 теңгеден ақы төлеп қырықтырамыз. Қытай мен Монғолиядан көшіп келген қандастар бір келісін 10-15 теңгеден алады. Онда да аз мөлшерде. Қалған жүнді көміп немесе өртеп жібереміз, – деді елімізде жойылып бара жатқан «Дегерес» қойын өсіретін шаруа қожалығының иесі Нұрлан Әбдіманапұлы.
Ауылдық округтегі мал дәрігерлерінің айтуынша, шаруашылықтың 4 қыстауындағы асылтұқымды қойлар 15 түрлі жұқпалы індетке қарсы егіледі. Қан алу, тексеру, вакцинация жоспарға сай жүргізілуде.
Келесі кезекте БАҚ өкілдері «Динара» өндірістік кооперативінің күріш алқабына аялдады. Өндірістік кооперативтің басшысы Мырзақасым Әйменов пен орынбасары Бекен Басшыбаев егістікті аралатып, шаруашылық жайлы ақпарат берді.
– Күріш орағының науқаны аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі күні 2 гектардай ғана жер орылмады. Уақыт талабына сай заманауи комбайндар мен басқа да техникалар жеткілікті. Жұмысты бастағанымызға 24 жыл болды. Мемлекеттен жанар-жағармай жеңілдікпен беріледі. Күріш жинау бойынша гектарына орта есеппен 45 центнерден өнім алынуда. Күріштен басқа жүгері, бидай, арпа, жоңышқа және тағы басқа бақша дақылдарын егеміз. Қазір осы алқапта жиналып жатқан – күріштің «Янтарь» деп аталатын сорты. Оның тұқымын Қызылорда өңірінен алдық, – деді Мырзақасым Әйменов.
Бекен Басшыбаев аталған өндірістік кооператив 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын тілге тиек етті. Жыл сайын Наурыз мерекесінде еңбек озаттары марапатталатынын жеткізді. Сонымен бірге ара-тұра судан тапшылық көргендерін де жасырмады. Одан кейін журналистер аудан орталығы Бақанас ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне атбасын бұрды. Мұнда директордың міндетін атқарушы Фархад Мұсаев спорт үйірмелеріне қатысатын балалардың жаттығу залдарын аралатып, олардың жетістіктерін санамалап айтып берді.
Баспасөз туры аудан әкімінің орынбасары Марлан Жолдахметтің сұхбатымен мәресіне жетті.
– Бүгінгі күні күріш дақылын ору жұмысы қарқынды жүргізілуде. Биыл 6696 гектар алқапқа дән себілген болатын. Гектарына орташа өнімділігі 43,1 центнерді құрап отыр. Әрбір шаруа қожалығына мемлекет тарапынан субсидия беріліп келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр 133 тұрғын 964,4 теңге несие алып, өз кәсіптерін жүргізуде. 122 азамат шағын несиеге 893,5 млн теңгеге құжаттар рәсімдеді. Бұрын аталған бағдарлама аясында несие алушылардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысқан. Қазіргі кезде бал арасын өсіру, құс шаруашылығы, шұбат өндірісі, шаштараз және тағы басқа да бағыттар бойынша жобалар дайындалды, – деп сөзін түйіндеді аудан әкімінің орынбасары Марлан Қалдиханұлы.
Таңжарық Бақтыбайұлы