Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы жыл басында бекітілген болатын. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленгенін, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 15-ін жаңарту, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отырғанын айтқан еді.
Осы орайда, Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы Жалағаш ауылдық округінде қолданыла бастаған су үнемдеу технологиясын көрді. Жалағаш ауылының тұрғыны Жаңалық Тойшыбай «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен су үнемдеу технологиясын іске асыру бойынша тамшылатып суару мақсатында 8 300 000 теңге жеңілдетілген несие алып, өз жұмысын бастап кетті. Келер жылы оның нәтижесін көрмек. Аталған технология 20 гектар жерді суару үшін орнатылды.
Мұхтар Батырханұлы өз кезегінде су үнемдеу технологиясын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыра отырып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты.
Тамшылатып суару – топырақ, өсімдік үшін де ең қолайлы тәсіл. Мұндай әдіс бойынша су сорғыш арқылы арнайы жаңбырлатқышқа су беріледі де, жоғарыдан топыраққа тамшы түрінде себіледі.
Айта кетерлік жайт, тамшылатып суаруды пайдаланамын деген шаруаларға мемлекеттен қолдау бар. Суару жүйесін сатып алу үшін субсидиялар беру механизмі мынадай: шаруа қожалығының иесі субсидияға қажет құжаттарды даярлап, суару жүйесін жеткізуші мекемемен келісімшарт жасайды. Ауыл шаруашылығы басқармасы құжаттармен танысып, суару жүйесін субсидиялауға келісімін береді. Шаруа қожалығы суару жүйесін жеткізуші ұйымға аванстық төлем ретінде қаржының 20 пайызын, ауыл шаруашылығы басқармасы 50 пайызын аударады. Одан соң, жеткізуші ұйым суару жүйесін әкеліп, орнатып береді. Шаруа қожалығы қалған 30 пайызын келісімшартқа сәйкес бірден немесе бөліп төлей алады.
– Тамшылатып суару әдісі өте тиімді. Алдағы уақытта суару жүйесінің тиімділігі мен пайдасы, оны сатып алу үшін мемлекеттен субсидияны қалай алуға болатыны туралы түсіндірме жұмысын барлық ауылдық округтерде жүргізетін боламыз, – дейді Кеген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақов.
Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Әрі суды екі-үш есеге дейін үнемдейді. «Судың да сұрауы бар» демекші, аз су жұмсап, мол өнім алу болашаққа да сенімділікті нығайтады. Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да зор серпін береді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы