Райымбек ауданында «Алтын дән» атты сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді. Әр ауылдағы жекелеген шаруа қожалықтары ұйымдаса отырып, бас біріктірген орталықтың құрылғанына екі жылдың жүзі болды. Ауданның ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайтып, аталған саланы дамыту мақсатында құрылған орталықтың әлеуеті зор, мүмкіндігі шексіз. Оның айқын дәлелін қазіргі қарбаласқа толы жиын-терін науқанының жетістігі, өндірілген өнімнің көлемі арқылы аңғаруға болады.
Сервистік дайындау орталығы биыл өздеріне тиесілі егістік, шабындық, картопқа арналған суармалы алқаптарда тамшылатып суару әдісін қолға алған еді. Уақыт өткен сайын су тапшылығы байқалып келе жатқан бүгінгі таңда жаңашыл әдістің тиімділігі нәтижесін беріп отыр. Өйткені, тамшылатын суаруға арналған жаңа қондырғы ағын судың әр тамшысын желге ұшырмай, алқаптың өн бойына бабымен сіңіреді. Таулы өлкенің Жабыр аталатын өңірінде Қар(а)ой дейтін кең жазық бар. Жердің астымен де, үстімен де су келмейтін осы жазықтың көгеріп-көктеуі, бейіл-берекесі қыстың қары, жаздың жаңбырына тікелей байланысты. «Алтын дәннің» диқандары өткен жылдың күзінде осы жазықтың 1500 гектарын жыртып, арам шөптен арылтты. Химиялық тыңайтқышпен мейлінше қоректендіріп, келер жылға дәнді дақыл себуге дайындады. Аудандағы «Райымбек-нан» серіктестігінен таулы өңірдің ауа райына қолайлы «Любава-5» аталатын жаздық бидай сортының әр келісін 190 теңгеге бағалап, 200 тонна тұқым сатып алды. Қыстай Тегістіктегі сыйымдылығы 8000 тонналық қамбада сақтады. Көктем шығып, қардың көбесі сөгілісімен дәнді дақылды қыс бойы қардың астында жатып, иі қанған топырақ қабатына сіңірді. Үстін арнайы техникамен ашық жер қалдырмай таптап, тегістеп шықты. Дәнді егіске қажетті бұдан басқа да агротехникалық шаралардың толыққанды жүзеге асуын басты назарда ұстады. Өткен қыстағы еселеп түскен қалың қар мен жаз бойы толас таппаған жаңбыр да диқан қауымының тамшылата төккен маңдай терін еселегені ақиқат. Бүгінде алқапта алынып жатқан алтын дәннің көрсеткіші – соның айғағы. Орақ науқаны басталған алғашқы күндердің бірінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жанат Дүкенбаевқа ере жүріп, Қар(а)ойдағы қазандай қайнаған қарбалас қимылға куә болғанымыз бар. Самал желмен баяу тербетілген астық алқабы сары теңіздей толқып, көңілге шабыт ұялатады. Сабағы белуардан келетін, масағы дәнге толып, төгілуге шақ тұрған астықты орып бара жатқан комбайндар сары теңіздің үстімен баяу жүзген дала кемелері іспетті. Қорабы дәнге толы алып автомашиналар да сап түзеп, дайындау орталығының кіндігі – Тегістіктегі қызыл қырманды бетке алып, жолға шығып барады. Алқап басындағы қызу қимыл, толассыз еңбек дүбірі айналаны күмбір күйге толтырып, көңілді көк төріне самғатады.
– Қарқын жаман емес. Орылған жерден алынған түсім де межедегіден жоғары деңгейді көрсетуде. Нақтылай айтқанда әр гектардан қазірдің өзінде 25-30 центнерден өнім айналуда, – дейді бізді алқап басында қарсы алған «Алтын дәннің» жетекшісі, білікті фермер Дулат Құлмамыров.
Фермердің айтуына қарағанда, орақ науқанына алғашқы күні «CLASS», «M – 450» маркалы германиялық комбайндар тартылыпты. Қытайдың «SҺACMAN» аталатын ауыр жүк машиналары, «КаМАЗ» автокөліктері ортақ іске жұмылдырылған. Бәрі де толық қуатында. Науқан қызған шақта комбайндар да, автокөліктер де, қол күші де көбеймек. Мұның өзі маңызды науқанның дер кезінде аяқталып, астықтың ысырапсыз жиналуына анағұрлым септігін тигізері анық. Айбар Тойлыбаев, Ғалымжан Иманбаев, Ақжол Қожанберді, Ербол Бегібаев сияқты техниканың құлағында ойнайтын комбайншы, жүргізуші жігіттер де еңбек көрігін қыздыруға барынша мүдделілік танытуда. Қазір Қаройдағы қарбалас қимыл күн өткен сайын қарқын алуда. Ауа райының қолайлы шағын тиімді пайдаланып, ел ырысы – алтын астықты ысырапсыз жинап алуға білек сыбана кірісіп жатқан диқандар қауымы молшылыққа кенелер күн жақын.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы