«Respublica» партиясының бастамасымен Республика күні мерекесіне орай, 10-20 қазан аралығында ел көлемінде ересектер арасында ұлттық ойынымыз – асық ату спорты бойынша аймақтық ашық турнирлер өтіп жатыр.
Талғар қаласындағы №25 мектеп-гимназиясында Алматы облысы бойынша іріктеу жарысы ұйымдастырылды. Оған Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Кеген, Іле, Райымбек, Талғар және Ұйғыр аудандары мен Қонаев және Алатау қалаларынан 21 жастан асқан 30 сақа спортшы қатысып, республикалық турнирге қатысу үшін берілетін екі жолдаманы сарапқа салды.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «Respublica» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақтияр Қабасов бұл бастаманы «Көшпенділердің асық спорты» халықаралық федерациясы, республикалық Асық ату федерациясы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сонымен қатар Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы бірлесіп ұйымдастырып отырғанын жеткізді.
– «Respublica» партиясы ұлттық спортты қашанда қолдайды. Партияның сайлауалды бағдарламасында «Көшпенділердің тарихи мәдени мұрасы – бұл біздің байлығымыз, оны мирасқор ұрпақ ретінде сақтап қана қоймай, сонымен бірге бүкіл әлемге насихаттауға, таратуға, қоғамдық сананы жаңартуға міндеттіміз» деп нақты жазылған.
Бүгінгі асық турнирі – аймақтық іріктеу кезеңі. Осы додадан оза шауып, жүлделі болған спортшылар 25 қазанда Астанада өтетін республикалық турнирге қатысып, облыстың намысын қорғайтын болады. Бәріңізге сәттілік серік болсын, асықтарыңыз алшысынан түссін, – деді ол. Сондай-ақ жарыс қатысушыларын облыстық Асық ату федерациясының президенті Назым Байырбаев, жарыстың бас төрешісі Тоқташ Елмұрат және Талғар аудандық Спортты дамыту орталығының басшысы Жандос Бұсырмановтар құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Аймақтағы аудандар мен қалалардан сайдың тасындай іріктеліп келген ересек жастағы сақа асық атушылар арасындағы сайыс аса тартысты өтті. Ойын қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының өкілі Данияр Жанбосын жеңімпаз атанды. Екінші орынды Талғар ауданынан Еркебұлан Қожалым иемденді. Ал екі үшінші орынды тағы бір талғарлық Сабыржан Қалибеков пен кегендік Бекнұр Жексенов өзара бөлісті. Сөйтіп бірінші, екінші орындарды иеленген екі спортшы Астанада өтетін ақтық сайысқа берілген жолдаманы жеңіп алды.
25 қазанда Астанада өтетін республикалық ашық турнирдің бас бәйгесіне «Respublica» партиясы атынан автокөлік тігіліп отыр. Бұл – спортшылардың жеңіске деген құштарлығын арттыра түсетіні анық.
Айта кетейік, елімізде 2010 жылы 4 қазанда республикалық Асық ату федерациясы құрылып, заңды тұлға ретінде жұмысын бастады. Асық атудың ойын ережесі 2011 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті тарапынан бекітілді. 2017 жылы желтоқсан айында материалдық емес мәдени мұра ретінде асық ойыны ЮНЕСКО-ның қорғау тізіміне енді. Бүгінгі таңда Қазақстанның 18 өңірінде аккредиттелген федерация, 1124 жаттықтырушы, оның 84-і штаттағы, жұмыс істейді. Қазір ел көлемінде 77864 адам асық атумен жүйелі түрде айналысады. Алматы облыстық Асық ату федерациясы 2023 жылы желтоқсан айында құрылды.
Биыл Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттық сайыстар тізіміне асық ойынының кіруі және Қазақстан құрамасының жеңімпаз атануы – елімізде ұлттық спорттың, соның ішінде асық спортының қарыштап дамып келе жатқанын білдіреді.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы