Орталық саябақта терек пен сірке ағашының 50 көшеті, ал қалаға кіре берісте Алматы облысының символы – қар барысы мүсінінің жанында 100 жаңғақ көшеті отырғызылды. Іс-шараға қатысушылар жас ағаштарды отырғызуға үлкен ынтамен кірісті. Кейбіреулер шұңқыр қазса, енді бірі көшет дайындап, су алып келіп құйды. Ешкім қарап отырмады. Бәрі бірдей атсалысты. Дәстүр бойынша қоқыс жиналып, айнала тазартылды.
– Бүгін біз қаламыздың жасыл желекке бөленіп, көркеюіне өз үлесімізді қостық. Отырғызылған тал-көшеттер алдағы жылдары көктеп, өсіп, биік ағашқа айналып, жапырақ жайып, жаздың аптап ыстығында ел-жұртқа сая балады деп үміттенеміз,– деді акцияға қатысушы Данил Радионов.
Айта кетейік, бұл акция Қазақстанның барлық облысы мен қалаларында бір апта бойы өтуде. Ондағы мақсат – еліміздің экожүйесіне елеулі үлес қосу. Осындай акциялардың арқасында біз табиғатқа деген сүйіспеншілікті, қоршаған ортаға деген қамқорлықты қалыптасырып, елімізді көгалдандыра аламыз.
Сондай-ақ облыс орталығының тұрғындары «Таңбалы тас» шатқалы мен «Көшпенділер қаласы» туристік аймағының маңына сенбілікке шықты. Оған 150-ден астам адам қатысып, 5 бірлік техника жұмылдырылды.
– «Таза Қазақстан» экоакциясы басталғаннан бері біз барлық сенбілікке қатысып келеміз. Онда байқағанымыздай, әр жерде үйілген күл-қоқыс көп. Осы орайда біз адамдарға: «Балық аулап, ашық ауада демалғаннан кейін тұрмыстық қалдықтарды қалдырмаңыздар! Мәдениет өзімізден басталады» дегеміз келеді, – деп ағынан жарылды шараға қатысушы Аяулым есімді қыз.
Сенбілік нәтижесінде 60 тонна қоқыс шығарылды. Барлық қалдық полигонға жеткізілді. Күн сайын Қонаев қаласында тазалықты сақтау жұмыстарына 50-ден астам қызметкер жұмылдырылады.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы