Құтқарушы-сүңгуірлер – бірегей дағдылары мен тәжірибесі бар жоғары санатты мамандар. Жақсы сүңгуірдің бойында батылдық, қайсарлық, өз мамандығына деген құштарлық пен мықты денсаулық болуы керек.
Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Қасенов Ержан Асылбекұлы азаматтық қорғау органдарында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Тоғыз жылдық жұмыс барысында ол өзін сауатты, білікті әрі тиянақты қызметкер ретінде көрсете білді. Ол өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп, алған білімін күнделікті жұмысында дұрыс қолдана біледі. Көпшіл, бауырмал Ержан әріптестерінің арасында үлкен сыйға ие.
«Ауыр сүңгуір жабдықтарын киген құтқарушы суда зардап шеккендерді құтқару және суға батқан адамдарды іздеу үшін суық суға түседі. Жоғалғанды ұзақ және қауіпті іздеу жұмыстары жүргізіледі. Өйткені, терең судың астында әр басқан қадамың қауіп төндіруі мүмкін. Ал кез келген экстремалды жағдайда тек өзіңе ғана сену керек. Сүңгуір-құтқарушылардың жұмысындағы негізгі қиындықтардың бірі – жоғары су қысымының денеге әсері. Үлкен тереңдікке сүңгу кезінде ауыр ауруға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін декомпрессиялық ауру қаупі бар. Осыған байланысты, біз сүңгуірлер декомпрессиялық ережелерді қатаң сақтауымыз керек, сүңгудің алдында және суға түскеннен кейін арнайы процедураларды орындауымыз керек, су астында ауыр заттарды көтеріп, жылжыта білуіміз керек, сондай-ақ қиын ағыстар мен күшті толқындар жағдайында, сондай-ақ көру қабілеті төмен жерлерде жұмыс істей білуіміз керек», – деді Ержан Асылбекұлы.
Оның таңдаған мамандығы қауіпті һәм қызық. «Менің мамандығымда эмоцияға орын жоқ, салқын оймен жұмыс істеу керек. Төтенше жағдайларда бейтаныс адамның өмірін сақтап қалу үшін құтқарушы тез арада дұрыс шешім қабылдауы маңызды. Бұл ретте өз өміріңізге де абай болу керек. Құтқарушы болып жұмыс істеу – менің міндетім. Өйткені, бұл ең сауапты мамандықтардың бірі. Құтқарушылар үшін ең жақсы марапат – құтқарылған адамдар мен олардың жақындарының алғысы».
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі