Талғарда 4 қазанда бүкіл елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Дүкенде туындаған жанжал салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат мерт болды. Әйтсе де, жанжалдың себептері әлі күнге дейін белгісіз. Бастапқыда БАҚ-та оқиға сыраға ақша төлемеуден басталды деген болжам пайда болды. Алайда, бейнекамера жазбаларын талдау, куәгерлерді сұрастыру және қаржы транзакцияларын тексеруден соң бұл болжам күмән пайда болды. Бұл туралы прокуратура мен ішкі істер министрлігінің өкілдері брифингте айтты. Олар жанжалдың “тұрмыстық сипатта” болғанын айтып, әлеуметтік желілерде айтылған «хуторлық» қылмыстық тобы туралы әңгімелерді теріске шығарды.
Брифингте құқық қорғау органдарының өкілдері дүкендегі екі бейнекамераның жазбасын көрсетті, оның негізінде сол түнгі қайғылы оқиғалардың хронологиясын қалпына келтіруге болады. Ол бойынша, 4 қазан күні Шерзат әкесіне дүкенде көмектесіп жүрген. Қазір басты күдікті – дүкенге келген ер адам екі бөтелке сыра мен темекі сатып алып, «Каспи» қосымшасы арқылы төлейді, кейін тағы бір бөтелке сатып алып, қолма-қол ақшамен төлейді. Тергеу барлық төлемдер мен транзакциялар жасалғанын растаған.
— Сатып алушы телефонмен аударым жасағанын көрсетіп, кейін қосымша бір бөтелке сыра үшін қолма-қол ақша төлеп, қалған ақшасын алады. Бұл жерде жанжал белгілері байқалмайды, — дейді ІІМ тергеу департаментінің орынбасары Самат Аисов бейнежазбаны түсіндіріп. — Кейін ол телефонын зарядтау үшін қайта келеді, ал оны алып жатқанда бір нәрсе болып, жанжал туындайды.
Бейнежазбадан сатып алушының телефонын алып, дүкеннен өзі шыққаны, ал кейінірек көшеде жанжал басталғаны көрінеді. Күдікті дүкеннен шығар сәтте не болғанын және Шерзаттың күдіктіге не үшін жұдырық жұмсағанын тергеу анықтауы тиіс.
Оқиға орнына тез арада күдіктінің таныстары келеді, және осы сәттен бастап жағдай күрт ушыға бастады. Бейнекамераның жазбасында Шерзаттың әкесі пышаққа ұқсас затты шығарып жатқанын көруге болады, ал Шерзат оны тоқтатуға тырысады. Алайда, бұл затты нақты суық қару деп айту қиын. Бір уақыттан кейін сыра сатып алған жігіттің таныстары пайда болады. Алдын ала деректер бойынша, олар бірнеше көлікпен келмеген, жақын маңдағы кафеде демалып отырған. Одан әрі жағдай ушығып, күдіктілердің бірі тепкілеп жатқаны байқалады. Құзырлы органдардың мәліметінше, одан кейінгі жанжал бейнекамералардың бақылау аумағынан тыс жерде өтеді.
Жанжал кезінде пышақ қолданылғанын тергеу анықтайды. Брифингте сонымен қатар істе тегіс ұңғылы қарудың бар екендігі айтылғанымен, оның нақты кімге тиесілі екені және жанжал кезінде қалай қолданылғаны айтылған жоқ.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жазбаға қарағанда, бұған дейін оқиғада бой көрсетті делінген қыздардың жанжалға қатыспай, жігіттерді жанжал орнынан алып кетуге тырысқаны байқалады.
Құзырлы орган өкілдері қазіргі уақытта он күдікті ұсталғанын айтып, олардың ешқайсысы ұйымдасқан қылмыстық топтармен “байланыста болмағанын” жеткізді.
Жағдай қайғылы оқиғадан кейін Шерзаттың отбасына тиесілі үйі өртенген кезде одан әрі шиеленісті. Өрт орнынан резеңке қолғаптар мен бос канистр табылған, бұл үйге қасақана от қоюы мүмкін деген болжамды растайды. Қазіргі уақытта ол заттарға сараптама жүргізілуде.
Брифингте полицияның әрекетсіздігі туралы шағымдарға жауап ретінде Алматы облысының прокуроры Берік Адамов: «Полицияға шынында да бірнеше сағат ішінде марқұм Шерзаттың отбасына қауіп-қатер төніп тұрғаны туралы хабарланған, бірақ бұл жағдайда күзет мүлікке емес, адамдарға беріледі», — деді. Еске сала кетейік, өрт шыққанда үйде ешкім болмаған.
Қазір өрттің сырттан басталғаны анықталып, бірнеше қылмыстық іс қозғалды: өрт қою, қоқан-лоқы, кісі өлтіру, сондай-ақ қылмыс туралы хабарламау. Соңғысы, жағдайды бақылап отырған, бірақ полицияға хабарламағандарға қатысты.
Қазақстан Республикасының ішкі істер бірінші вице-министрі Бауржан Аленов тергеу ерекше бақылауда екенін және криминалдық элементтердің қатысы туралы барлық қауесеттердің расталмағанын атап өтті.
— Қазір БАҚ-та көптеген әңгімелер тарап жатыр. Кейбір блогерлер мен тіпті ресми басылымдар асығыс қорытындылар жасайды. Біз қоғамның шындықты білгісі келетінін түсінеміз, сондықтан бүгін оқиғаның бейнежазбаларын ұсынып отырмыз. Халыққа тергеудің ашық жүргізіліп жатқанын және әрбір фактінің мұқият тексеріліп жатқанын көрсеткіміз келді. Бұл жалған айыптауларды болдырмау және шынайы ақпарат ұсыну үшін маңызды, — деді Бауржан Аленов. — Біз барлығын сабырлық танытып, тергеудің аяқталуын күтуге шақырамыз, өйткені жалған ақпарат тарату тек зиян келтіруі мүмкін.
Алматы облысының прокуроры Берік Адамов қазіргі уақытта он адамның күдікті ретінде танылғанын, тағы екі адамда қорғау құқығы бар куәгер мәртебесі барын растады.
— Барлық күдіктілер тергелді, олардың айтқан сөздері тексеріліп жатыр, — деді ол. — Біз процестің барынша ашық болғанын қалаймыз. Біз марқұмның отбасы мен қоғам үшін шындықты білу және барлық сұрақтарға жауап алу қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.