Ақ күріш – аграрлы өңіріміздің басты байлығы. Осы тұрғыда аудан диқаншылары жаз бойы күтіп-баптап өсірген ақ маржанды төкпей-шашпай жинап, уақытылы қамбаға құйып алудың қамына білек сыбана кірісіп кеткен. Мол өнімді жинауда бар күшін жұмсап жатқан шаруашылықтардың бүгінгі еңбегі орасан.
Аудандық ауыл шаруашылығы мамандарының ұсынған ақпаратына сүйенсек, диқаншылар ерте көктемде кетпен-күректерін қолға алып, 28 570 гектар суармалы жерге егін ексе, оның 6697 гектарына күріш дақылын сепкен. Енді, міне, күріш егілген алқаптың 4574 гектарын шауып, 2957 гектарын бастырып та үлгерген.
Өңірдегі ақ маржанды ору науқаны бойынша көш бастап тұрған шаруашылықтардың бірі – Бірлік ауылдық округіне қарасты «Агорфирма «Бірлік» ЖШС. Аталмыш шаруашылықтың егіс алқабына арнайы атбасын бұрып, ол жердегі қызу еңбекті көзбен көріп, дала төсін дүбірге бөлеп, ерте тұрып, кеш жатып, егін орағын ысырапсыз жинауды мақсат тұтқан диқандармен сұхбаттастық.
Егіс алқабында жұмыс барысын бақылап тұрған «Агрофирма «Бірлік» ЖШС директоры Алмас Әбдіжаппарұлы бізді көріп, атқаратын жұмысы шаш етектен болса да бар шаруасын кейінге қалдырып, біздің қойған сұрақтарға жауап беріп, күнделікті атқарып жатқан жұмыс барысын байыппен баяндап берді.
Алмас Әбдіжаппарұлының айтуынша, бүгінгі таңда 1320 гектар күріш алқабын толықтай шалғыға жығып, оның 1000 гектарын бастырған. Қырманға 5000 тонна астық түсіріп, күріштің әр гектарынан орташа есеппен 50 центнерден өнім алуда. Сонымен қатар 1360 гектар жерге егілген бидай дақылынан 3400 тонна астық жинап, әр гектарынан 25 центнерден өнім алыпты. Мұның сыртында қысқы мал азығы ретінде 25 мың орама шөп дайындаған.
Күріш орағына 18 комбайн жұмылдырылып, шабу, бастыру жұмыстарын жүзеге асыруда. Астық тасымалдауға «МТЗ-1221» тракторлары сақадай-сай тұр.
Жауапты науқанда күн-түн демей жанталасып, жұмыс істеп жатқан еңбек майталмандарының қатарында шаруашылықтың бас агрономы Бақытжан Сәбитов, механизаторлар Ерболат Әтенбеков, Мирас Мейрам, Сәбит Дабыловтың есімдерін ерекше атап өтуге болады.
Ел аузында кеңінен тараған «Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген қанатты сөз ақ маржанды алажаздай өсіріп-баптап, ел берекесін тасытып жүрген аудан диқандарына бағытталып айтылса керек. Олардың жаз бойы төккен терінің өтелетін кезі – осы егін ору науқаны. Ал бітік өскен әрбір дәнді ысырапсыз жинап алу – диқандардың басты мақсаты.
Ақ күріш – аудан байлығы. Диқандардың ендігі міндеті – алажаздай баптап өсірген ақ маржанды төкпей-шашпай жинап алу. Ендеше, ерте тұрып, кеш жатып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген диқандар қауымының жұмысы берекелі болып, қамбалары астыққа толары сөзсіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы