ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалында «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін нығайтудың заманауи тәсілдері» тақырыбында семинар-тренинг өтуде. Аталған семинар аясында кәсіби мамандар бес күн ішінде депутаттарға бюджетті құру, мемлекеттік қызметтің өнімділігін арттыру, коммуникациялық құралдармен ұтымды жұмыс істеу сынды тәжірибелік сабақтар өтеді.
Семинардың алғашқы күні облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев аудандық мәслихат депутаттарымен интерактивті пікірталас өткізді. Пікірталаста халық қалаулылары қызметті тиімді ұйымдастыру, қоғаммен байланыс орнату және тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау мәселелері жөнінде өз пікірлерін білдірді. Қуат Сұлтанұлы депутаттардың белсенділігін арттыру, тұрғындармен ашық диалог жүргізу және мәслихат жұмысының нәтижелілігін арттыру бойынша ұсыныстар жасады.
– Елорда төрінде өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам мәселесін шешуде маңызды рөл атқаратын депутаттық мандат иелерінің біліктілік деңгейін артыру керектігін айтты. Сондықтан да мәслихат депутаттары елдік мәселеге белсене үн қосуы қажет. Сонымен қоса әр депутат жергілікті бюджеттің игерілуі мен көптеген мемлекеттік бағдарламалардың шынайы жүзеге асуына қырағылық танытуы керек. Сонымен бірге жақсы әлеуметтік бастамаларға да қолдау көрсете білуі шарт. Мұның барлығы депутаттардан кәсіби біліктілікті талап етеді, – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Семинар барысында депутаттарға заңнамалық өзгерістер, бюджеттік процестер және жергілікті басқару тетіктері туралы ақпарат берілді. Халық қалаулылары топтық жұмыс барысында өз тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі мәселелерді шешудің жолдарын талқылады. Қатысушылардың айтуынша, мұндай семинарлар депутаттардың кәсіби деңгейін көтеруге, халықпен тиімді коммуникация орнатуға және жергілікті мәселелерді шешуге септігін тигізеді.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы