«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Қытайдың Солтүстік-Батыс университетіндегі «Жібек жолы» археологиялық бірлескен орталығының Есік филиалы ашылды.
Шараға Қытай Халық Республикасы Шэнси провинциясының Сиан қаласындағы «Жібек жолы» археологиялық зерттеу орталығының директоры, профессор Жао Роң, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғар, Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Домбай және ұстаздар қауымы қатысты.
Шара аясында «Жібек жолы» археологиялық бірлескен зерттеу орталығының Есік филиалын құру мақсатында екі ел арасындағы келісімшартқа қол қойылды. Профессор Жао Роң барша қазақ халқын құттықтап, «Жібек жолы» археологиялық бірлескен зерттеу орталығының Есік филиалы ресми ашылғанын жеткізді. Филиалда археологиялық және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, сақтау, насихаттау жұмыстары жүргізіледі. Филиалдың ашылу салтанатына келген қонақтарға қорғандар мен музей іші толық таныстырылды. Шара соңында қазақ халқының қонақжайлылығы көрсетіліп, киіз үй ішінде ақ дастарқан жайылып, дәм ұсынылды.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы алғаш құрылған күннен бастап шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатуға баса назар аударып келеді. 2017 жылдан бері ғылыми-археологиялық зерттеу саласында ҚХР Шэнси провинциясы Сиан қаласындағы Шэнси археологиялық институтымен бірлесе жұмыс істеуде. Есік филиалы осындай көп жылғы ғылыми байланыстың негізі ретінде ашылды.
Ерзат АСЫЛ
Еңбекшіқазақ ауданы