Қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы Қазақ ұлттық кітапханада «Бердібектің биігі» атты әдеби-сазды кеш өтті. 15 қазан – жазушының туған күнінде ұйымдастырылған шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, әдебиет пен өнер қайраткерлері, оқырмандар қауымы қатысты.
Кеш қонақтары 50 жыл бұрын таспаланған, «Шалқар» радиосының алтын қорында сақталған Бердібек Соқпақбаевтың дауысын тыңдап, ерекше сезімге бөленді. Онда қаламгердің: «Балаларым, кітапты сүйіңдер! Кітап – сендердің ең үлкен ұстаздарың. Кітап оқысаңдар көкірек көздерің ашылады», – деген өсиет сөзі бар. Қаламгер үні қолдарынан телефоны түспейтін бүгінгі жас ұрпаққа да көп нәрсені ескертіп тұрғандай сезілді.
Әдеби шараның тізгінін белгілі журналист, ақын Бақыт Жағыпарұлы ұстады. Сөз кезегін алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев классикке арналған салтанат Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де өз жалғасын тауып жатқанын тілге тиек етті.
– Түркияның Стамбұл қаласында Бердібектің мерейтойы өтуде. Қараша айында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде жүз жылдығы аталады. Мен өткен аптада Бакуге барып, онда ұйымдастырылған үлкен кешке қатысып қайттым. Аталған игі шарада Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» тұңғыш рет әзербайжан тілінде сөйледі, – дей келе, Ұлттық кітапхана қорына Бакуден әкелінген сол кітапты сыйға тартты.
Бұдан кейін Бердібектің шығармаларын қастерлеп өскен қаламгерлер – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекен Ыбырайым, Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті секциясының жетекшісі Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Мағлұмовтар ойларын ортаға салып, Бердібекке қатысты әсерлі естеліктерімен бөлісті.
«Оқырманның жүрегіне жол тапқан жазушы – дүниедегі ең бақытты жазушы. Классик деген сөзді екінің біріне телу жараса бермейді. Бұл теңеу Бердібек сияқты ешкімді қайталамаған, әдебиетте өзінің дара жолын қалыптастырған жазушыларға тән», – деді Нұрлан Оразалин.
Жиын барысында Алматы облысы әкімдігінің және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен жарық көрген жазушының таңдамалы жинағы, кезінде «Балдырған» журналына шыққан шығармалары топтастырылған «Ағасы мен қарындасы» атты кітабы және ҚР ұлттық кітапханасы дайындаған «Бердібек Соқпақбаев (1924-1991)» библиографиялық көрсеткіші көпшілікке таныстырылды.
Кеште ән әуелеп, күй шалқыды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова, қаламгер туған өңірден келген Райымбек аудандық Мәдениет үйінің әншілері өнер көрсетті. Студенттер мен мектеп оқушылары Соқпақбаев шығармаларынан үзінді оқыды.
Аталған шараны ҚР Ұлттық кітапханасы, Алматы облыстық әмбебап кітапханасы, республикалық «Балдырған» журналы, «Қазақ» және «Шалқар» радиолары ұйымдастырды.
Болат Батықұлы