Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың 135 жылдығы Жамбыл ауданының Мәдениет күні аясында кең көлемде аталып өтті. Бұл күні Үмбетәлі ауылына кіреберістегі жазықта жағалай киіз үйлер тігіліп, дала сахнасында ән-жыр қалықтады. Бұқаралық спорт түрлерінен жарыс өтіп, бір шетте белді ат мінген білекті де жүректі жігіттер көкпар көрігін қыздырды.
Алдаспан жырдың алыптары Сүйінбай мен Жамбылдың ізін басып, «Жырдың қара жорғасы» атанған ақынның құрметіне арналған шараға халық көп жиналды. Қатар өткен «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күні ақын тойын түрлендіре түсті. Шараға алыс-жақыннан келгендер алдымен елдімекен ішіндегі Үмбетәлі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ақынның әдеби-мемориалдық музейіндегі жәдігерлерді көріп, қолөнер шеберлері мен суретшілер туындыларының көрмесін тамашалады.
Ауыл сыртындағы алаңда Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас жұртшылыққа ақ тілегін жеткізді.
– Кез келген елдің ерекшелігі мәдениеті мен өнерінен, салт-дәстүрінен көрініс табады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет пен өнер ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деп, мәдениеттің мәртебесін көтеріп, шынайы бағасын айқындаған болатын. Жамбыл ауданы – ұлттық мәдениеттің дамыған өлкесі, тамыры терең, өмірі өлең киелі мекен. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Үмбетәлі Кәрібаевтың терең ойлы шығармалары – ұлт мәдениетінің асыл қазынасы. Ақынның өткір жырлары келер ұрпаққа әрдайым үлгі бола бермек. Ақын мерейтойы – оның мұрасына деген құрмет пен ықыласты арттырып, қазақ поэзиясының құндылығын дәріптейтін ерекше кезең. Жамбылдың дастандары мен айтыстарын, жырларын бүгінгі заманға жеткізуге Үмбетәлі Кәрібаевтың қосқан үлесі зор, – деген Нұрлан Ертасұлы аудан мәдениетін паш етер өнерпаздарға шығармашылық шабыт тіледі. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан Шолаққарғалы ауылдық округінің азаматтарына алғыс білдірді.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің ақын тойына арналған ықыласын жеткізді.
– Табиғатымен тамсандырған қасиетті Алатаудың етегінде дүбірлетіп той жасаған әлеумет, жыр алыбы Жамбыл жеріне қош келдіңіздер! Ұлыларын ұлықтаған елдің ұрпағымыз. Соның жарқын көрінісі – Жамбылдың төл шәкірті Үмбетәлі атамызға арналған осы шара.
Мәңгілік өлмейтін құндылық – біздің мұрамыз, бай тарихымыз. Өлмес мұрамызды насихаттап жатқан ел азаматтарына үлкен алғыс білдіреміз. Сүйінбайдың, Жамбылдың, Үмбетәлінің ізі қалған мынау қасиетті топырақта дүбірлетіп той жасап жатырсыздар. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді, сол бірліктің, тірліктің арқасы ел болып көгеріп, өсіп-өніп, өркендеп жатқанымыз. Бірлігіміз әрқашан берік болсын! Әманда осындай игі істердің басынан табылайық. «Ауылым – алтын бесігім» байқауының жастарға берер тағылымы мол. Биыл – мерейтойлы жыл. Әлемдік деңгейде қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы аталса, келесі жылы – ұлы композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы. Ұлт тұлғаларын ұлықтайтын шаралар жалғаса бермек, – деді ол.
Сахна төрінде Үмбетәлі Кәрібаевтың «Нұртілек» атты таңдамалы жыр жинағының тұсаукесер рәсімі жасалды. Ақын мұрасын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан тікелей ұрпақтары – Әлия Үмбетәліқызы мен немересі Әуелбек Мұсаханұлына сый-құрмет көрсетілді. Үмбетәлінің «Өз өмірімнен» дастанының желісінде дайындалған қойылым тамашаланды. Оны аудандық «Сүйінбай» театрының әртістері сомдады.
Көпшілік алдында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы сөз алып, Үмбетәлінің айтыскерлігі мен жыршылығына тоқталды. Көптеген дастан-қиссаларды жатқа айтып, жыраулығын, өлмес өлең қалдырған лирик, сатирик екенін атап өтті. Араб, латын және кирилл қаріптерін сауатты меңгеріп, Жамбылдың айтыстары мен өлеңдерін, өз шығармаларын жазып қалдырғанын айтты.
«Үмбекең қайтыс болғаннан кейін үйіндегі апамыз артында қалған мұрасы – төрт бума қолжазбасын маған аманаттаған болатын. Оны мен 1988 жылы музейі ашылғанда апарып тапсырдым. Музейін ашуда және жыр жинақтарын шығаруда ірі мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков тікелей қолдаған, ақынның күйеубаласы Сейілбай Мұсабековтің, ақын Надежда Лушникованың сіңірген еңбектерін ерекше атап айту ләзім. Мен 2006 жылы ақынның таңдамалы бір томдығын, 2009 жылы толық 2 томдығын құрастырып шығардым. Ол кітаптарға ұлы Мұхит Кәрібаев демеушілік еткен», – деді Нағашыбек Қапалбекұлы.
Белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газеті бас директорының орынбасары Серік Сарыбаев естелігімен бөлісті. «Мен бұл тойға қызметіме байланысты емес, Әбікеннің ұлы ретінде келдім. Әбікен Сарыбаев деген күреңбелдік ақын Үмбетәлі мен Қалқаның шәкірті болған. 1961 жылғы айтыста «Ұстазым Қалқа менен Үмбетәлі, Өзіме тірі жанның келмес әлі» деп дүбірлеткен, әкемді Үмбетәлі ақсақал сол республикалық айтысқа баптап қосқан. Сондағы Қалихан Алтынбаев пен Әбікен Сарыбаевтың айтысы қазақ ақындарының поэтикалық жинағына енген. Сондықтан да Үмбекең біздің шаңыраққа да бөтен емес. Кезінде үйімізден дәм татқан, әкем екеуі біздің үйде апталап айтысқа дайындалып, бір-бірімен қайымдасатын. Ағалығын көрсетіп, шәкірт тәрбиеледі. Ізіне ергенге жақсылық жасай алатын сондай ақсақалдардың қасиетін бұйыртсын бізге», – деді Серік Әбікенұлы.
Ал Қазақстан Жазушылар одағы басқармасынан Бейбіт Сарыбай ауыз әдебиетіне, қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан Үмбетәлі Кәрібаевтың мерейтойына қаламгерлер қауымының сәлемін былайша жеткізді:
– «Сыр елі – жыр елі» дейтініміздей, ежелден еншісі бөлінбеген Қарасай мен Жамбыл аудандарын «Ақындар мен батырлар елі» деп жатамыз. Бұл ешқандай талассыз, даусыз шындық. Ақындар дегенде ең әуелі ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаев еске түседі. Жамбылдай алыпқа шәкірт, іні болып еріп, батасын алып, жолын жалғаған – Үмбетәлі атамыз. Ақынның 125 жылдығында 3 томы жарыққа шыққан. 3-томында шығармалары туралы ғалымдардың зерттеп-зерделенген мақалалары жарық көрді. Демек, Үмбетәлі шығармалары ғылыми айналымға енген. Ақын шығармаларын уақыт өтіп, ұрпақ жаңарған сайын қайыра жарыққа шығарып, насихаттап отыру – бүгінгілердің парызы. Өйткені Үмбетәлі Кәрібаев өлеңдерінде, айтыстарында тұстас бір дәуірдің көркем бейнесі, шындығы жатыр. Шығармаларын насихаттау бүгінгі ұрпақ үшін, ел үшін керек, – деді.
«Ауылым – алтын бесігім» байқауы аясындағы Мәдениет күнінің ақын мерейтойымен тұспа-тұс келуі ұлттық құндылықтардың жалауын өзгеше желбіретті. Аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала биледі. Алаңның бір шетінде қаз-қатар қанат жайған шатырларда ауылдық округтер көрме ұйымдастырды. Онда әр ауылдың мәдени ерекшелігін танытуға басымдық беріліп, қолөнер бұйымдары қойылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен аудан, қалалардың өзіне тән мәдениетін өркендету, таныту, жандандыру, өзара мәдени байланысты нығайту мақсатындағы шараға қатысушылар тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Мәдени өрлеу мен жаңа жетістіктерді таныстыруға тырысты. Ұлттық өнер дәріптелген байқауға төрелік ететін комиссия көрмені аралап, қазылар алқасы баға берді.
Ақын тойына келген жұртшылық айтыстың ақтаңгері, жырдың жарық жұлдызының мұрасы ұрпақтар жадында мәңгі сақталатынына тағы бір мәрте көз жеткізіп, тарқасты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы