Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев биылғы 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Онда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобалар, кәсіпкерлік субъектілерді дамыту жайы сөз етілді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеттерінің бірі – ел көлемінде кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде «Атамекен» ҰКП бүгінде бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіпкерлікке қатысты заң шығару ісіне белсене атсалысып келеді. Бұл ретте кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің жұмысы тиімділігін көрсетуде. Қазан айына дейін аталған кеңестің 45 отырысы өткізіліп, күн тәртібіне 49 мәселе шығарылған және оның 14-і оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің 687,6 млн теңгеден аса көлемдегі мүліктік құқығы қорғалған. Тимур Бекеевтің сөзінше, бүгінде бизнесті қорғау «Атамекен» ҰКП-ның ғана емес, құқық қорғау органдарының да негізгі жұмысына айналған. Осы орайда палата прокуратура органдарымен бірлесіп «Бизнесті қорғау экожүйесі» жобасына атсалысып жатыр. Осы негізде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментімен қоян-қолтық іске асырылып жатқан «Бизнеске жол» жобасы аясында да проблемалар тез әрі оңтайлы шешілуде.
Өз кезегінде Тимур Берікұлы палатадағы адами капиталды дамыту бөлімі мектепке дейінгі мекеме, орта оқу ошақтары, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірге жұмыс атқарып, нәтижесінде жас кәсіпкерлерді жасақтау ісі жолға қойылғанын айта кетті.
– Палата кәсіпкерлерді қаржылай қолдап қана қоймай, бағыт-бағдар сілтейді. Атап айтсақ, «Кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету» жүйесі арқылы менеджер-кеңесшілер бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, заң мәселелері және конкурстық рәсімдер, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау, бизнес-жоспарды әзірлеу бойынша кеңес береді. Бұл тұрғыда биыл қазан айына дейін 3511 жұмыс берушіге сауалнама жүргізіліп, қорытындысы бойынша 826 кәсіпкерлік нысанға 4435 маман қажет екені анықталды. Облысымызда кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағытында оқытатын 28 ұйым бар. Оның 12-сі кәсіпорындар, 9-ы колледждер базасында, ал қалған 7-еуі дербес оқу орталықтарында құрылған. Аталған орталықтарда сұранысқа ие 56 мамандық бойынша 624 адам оқыту курсынан өтті, – деді кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
Сөз арасында Тимур Берікұлы «Бір ауыл – бір өнім» жобасын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, тамыз айында Қонаев қаласының орталық алаңында өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне 80-ге жуық кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін таныстырған. Онда өнімдері барлық талапқа сай, инфрақұрылымды дамытуға, ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты жоюға, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосып жүрген 10 үміткер іріктелген. Сонымен қоса биыл облысымыздағы бірқатар кәсіпорын индустриялық сертификатқа ие болған.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы