Күн райы суытып, жылыту маусымының басталуымен әсіресе жеке тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі мәселесі алдыңғы орынға шығады. Осыған байланысты Алматы облысы Төтенше жағдайлар Департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, облыста биылғы өрт қауіпсіздігіне қатысты жағдайды баяндады. Момбаевтың дерегінше, 2024 жылдың басынан бері облыс аумағында 635 өрт тіркеліп, 2023 жылмен салыстырғанда 5,2%-ға азайған. Тілсіз жау 16 адамның өмірін жалмап, 15 адамға зардап шектірген. Десе де биыл өрттен келген материалдық шығын былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 55 пайызға азайып, 25 млн 619 мың теңгені құраған. Баяндамашының сөзне сенсек, өрттердің көпшілігі жылыту маусымында жеке үйлерде тұтанады. Мәселен, биыл 420 өрт тіркеліп, оның 12-сі кісі өліміне себеп болған.
Керісінше, автокөліктердің өртенуі жиілеген. Айталық, биыл 106 көлікте өрт болып, былтырғы көрсеткіштен 17 пайызға өскен, ал сауда кәсіпорындарындағы өрттер саны 7-ге, орман өрттері 19-ға азайған.
Төтеннен келетін апаттан зардап шекпес үшін департамент тұрғындарға өрттің алдын алудың маңызды екенін, ол үшін қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін ескертеді. Бұл тұрғыда тұрғындар әсіресе жеке үйлерде пешті пайдалану кезінде қараусыз қалдыруға, от жаққанда тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға және пештен шыққан күлді кез келген жерге төгуге тыйым салынатынын біле бермейді. Пештен шыққан күлді сумен қызуын сөндіріп, арнайы бөлінген қауіпсіз орынға апару қажет. Сонымен қатар, пештің қызуын 1,5 сағаттан артық ұстамау және ұйықтар алдында пешке от жағуды тоқтату да айтып келмейтін апаттан сақтандыратынын да ескерген жөн.
Бұдан бөлек, электрмен жылыту құралдарын пайдалануда да қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. 2024 жылы электр жабдықтарының ақауы салдарынан 301 өрт оқиғасы болған, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 26,4 пайызға жоғары. Өрттің алдын алу үшін электр желілерін, сымдардың жарамдылығын тексеріп, уақтылы жөндеу, ақауы бар құрылғыларды қолданбау, жылыту құралдарын отқа төзімді материалдарда сақтау және ақаулы жабдықтарды пайдаланбаған жөн. Өртті сөндіруден гөрі оның алдын алудың оңайырақ екенін есте ұстасақ, өз қауіпсіздігіміз бен жақындарымыздың өміріне қамқор боларымыз хақ.