Елімізде әр жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып келеді. Дәстүрге айналған мерекеге Райымбек ауданының табиғат қорғаушылары биыл да зор мереймен келіп отыр. Мереке қарсаңында «Нарынқол орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орманшыларын төл қуаныштарымен құттықтай барып, мекеме директоры Нұрбол Әлиевті сөзге тартқан едік.
– Нұрбол Мәжитұлы, орман – Отан байлығы, халық қазынасы дейміз. Осынау орны бөлек байлықты қалт етпей күзетіп, көздің қарашығындай сақтау өзіңіз басқарып отырған мекеменің міндеті екенін білеміз. Сөзіңізді осы табиғат байлығын сақтауда қандай мәселеге мән беріп жатырқандықтарыңыздан бастасаңыз.
– 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елімізде 2 миллиард ағаш отырғызу қажеттігі туралы тапсырма берген еді. Осы Жолдауда айтылған сөз орынды қолдау тапты. Сол кезден бастап мекеме бойынша орманды молықтыру және табиғи көбеюіне жәрдемдесу жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп, тиісті жемісін бере бастады. Оны таулы өңірдегі орманды алқаптардың ауқымы көбейе түскенінен, тау беткейлеріне отырғызылған қарағай көшеттері мен жас өскіндердің көкке бой созып, ну орманға айнала бастағанынан айқын аңғаруға болады. Әрине, осынау өзіндік тәжірибені, ерен еңбекті қажет ететін жұмыстың бәрі де мекемедегі арнайы білімі бар мамандар мен іс тетігін іскерлікпен шеше білетін қарапайым еңбеккерлердің ортақ мақсат жолына тамшылата төккен терлері арқылы жасалғанын жоққа шығармаймыз. Мекеме қызметкерлері табиғат байлығын сақтауды, өрттен қорғауды басты міндеттері санайды.
– «Нарынқол орман шаруашылығы» мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен де хабардар ете кетсеңіз?
– «Нарынқол орманшаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің жалпы жер көлемі – 194066 гектарды құрайды. Оның 67432 гектары орманды, 126634 гектары ормансыз алқап. Аталған алқаптар 6 орманшылыққа бөлінген. Олар – Текес, Қақпақ, Байынқол, Шалкөде, Ойқарағай, Сарыжаз орманшылығы. Орташа орман күту алаңы 4,0 гектардан бөлінген. Қазіргі таңда 6 орманшылықта 6 орманшы, 6 орман көмекшісі, 10 орман шебері, 58 орман күтушісі жұмыс істейді. Оманшылар жаздық, қыстық киімдермен, қызметтік аттармен, байланыс құралдарымен жеткілікті қамтылған. Орман күтушілері арнайы салынған 32 үйде отбасыларымен тұрады. Кордон аталатын бұл үйлердің 13-і электр қуатын, 17-сі күн нұры қуатын, 2-еуі жылжымалы электр қуатын пайдаланады. Мекеменің материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Нақтылап айтқанда, орманшыларға қызмет бабына пайдалану үшін 14 патрульдік автокөлік берілді. Орманшылар сондай-ақ, 2 өрт сөндіру автокөлігі, 4 «МТЗ-82» тракторы қосалқы тіркемелерімен қамтамасыз етілді. Ал, биыл «ДТ-75» тракторы бульдозерімен алынды. «Зил-131» автокөлігі де орман қызметінің пайдасына асуда. Аталған техникалардық толық қуатында жұмыс істеуі мекемедегі арнайы мамандардың жауапкершілігінде. 27 тұрақты, 104 жылжымалы, 13 автокөліктік радиостанцияның қызметі де орман шаруашылығы үшін маңызды рөл атқарып отырған жайы бар.
– Сөзіңіздің басында орманды молықтыру мәселесіне тоқталдыңыз. Осы ретте атқарылған жұмыс барысы туралы айтып өтсеңіз?
– Биыл 6729 гектар жерге отырғызылған ағаш мекеменің орманды алқабы есебіне алынды. Сонымен қатар 183 гектарға отырғызылған ағаш та күтіп-бапталынуда. Бұған қоса 0,7 га жерде 1060 мың дана шренк шыршасының, 0,06 га жерде 23,7 мың дана қайыңның, 0,04 га жерде 77 мың дана қарағаштың екпе көшеттері өсірілуде. Мұның сыртында қайың, шетен, қарағай, бал қарағай, Қырым қарағайы, көгілдір шырша, тағы басқа ағаш тұқымдастарының өскіндері бар. Болашақта осы тұқым түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. 2025 жылы екпе көшеттер отырғызуға 17 га жерге топырақ даярланды. Орман қорын молайту – қай кезде де күн тәртібінен түспейтін мәселе.
– Табиғат байлығы орманды қорғау бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Алатау орманы өртке қауіпті аймаққа жатады. Соған орай, орман күзеті әр айналым бойынша бақылау сызбасы арқылы жүзеге асырылады. Орманды қорғауға орманшылар ғана емес, ауданның барша тұрғындары мүдделі болуға тиіс. Өйткені, табиғат байлығы бәрімізге ортақ. Осы мақсатта ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмысы ұдайы жүргізіліп отырады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігі кеңінен пайдаланылады. Орман өртінің алдын алу мақсатында ауылдық округ әкімдерімен бірлескен жұмыс та тиісті нәтиже беріп келеді. Биыл орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға қатысты нақты шаралар жасалып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Нарынқол комендатурасы, кенттік полиция бөлімі, өрт сөндіру бөлімі, аудандық емхана, электр тарату торабы, «Қазақтелеком» АҚ аудандық бөлімімен тығыз байланыс орнатылды. Тұрғындар арасында 300-ге жуық әңгіме өткізілді. Орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігі мен орман шаруашылығы заңдылықтарын сақтау туралы 92 дана түрлі-түсті үгіт-насихат панносы мен 13 жерде тау беткейлерінде өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде ескертпе жазулар ілінді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 6 адамға, заңсыз мал жайған 5 адамға хаттама толтырылып, 273 мың теңге айыппұл салынды. Шаруа қожалықтарының басшылары мен жеке азаматтарға жазбаша түрде орман өртін болдырмаудың алдын алу мен ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздік ережесін сақтау, өрт сөндіруге қажетті құралдардың талапқа сай болуы ескертілді. Күн тәртібіндегі бұл мәселе өзектілігін жоғалтпайтыны анық.
– Өзіңіз арқылы орман шаруашылығында атқарылып жатқан біраз жайтқа қанық болдық. Сөзіңізді орманшылардың ертеңгі кәсіби мерекесіне деген тілегіңізбен қорытындыласақ.
– Біз, адамзат баласы – табиғаттың ең басты қорғаны болып саналамыз. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғат анамызды аялап, көздің қарашығындай сақтау арқылы келер ұрпаққа қаймағы бұзылмаған бүтін күйінде қалдыру – парызымыз. Табиғат – тіршілік біткеннің бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдіктің әлемі. Сол сұлулық пен әсемдікті жоғалтпай, қастерлей білгеніміз абзал. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұғымның тәрбиелік маңызы зор екенін ұрпақ бойына сіңіре білуіміз қажет. Осы мақсатта жұмыс істеп жатқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен әріптестерімді құттықтай отырып, еңбектеріне табыс тілеймін! Мереке құтты болсын! Орман байлығымыз ортаймасын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Жұмабек ТҰРДИЕВ, Райымбек ауданы