Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауданына барған жұмыс сапарында алдымен аудан орталығы Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізді. Есеп беру жиынын облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев жүргізіп отырды. Кездесуге мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Жиын барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылып, шешу жолдары айқындалды.
Алдымен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Ол сөзінің басында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша барлық салада оң динамика сақталғанын айта кетті. Былтырмен салыстырғанда өсім қарқыны тұрақты сақталып, жоспар шеңберінде орындалғанын, жыл соңына дейін орнықты әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын 6 пайыздық өсіммен орындау межеленгенін айтты. Өткен жылы жалпы бюджетке 17,9 млрд теңге салық түскен. Ал 2024 жылдың жоспары 23,5 млрд теңге, оның ішінде аудандық бюджеттің жылдық жоспары 10,1 млрд теңге болса, орындалғаны 8,8 млрд теңге екенін жеткізді. Жыл аяғына дейін салық түсімі 24,8 млрд теңге көлемінде немесе 1,3 млрд теңгеге артық түсуі жоспарлануда.
– Ауданымыз ауыл шаруашылығына, оның ішінде негізінен мал шаруашылығына бағытталған. Ауыл шаруашылығында 9 айдың қорытындысы бойынша 59,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,8 %-ды құрады. Төрт түлік өсіруден де аудан едәуір ілгеріде. Атап айтқанда, аудандағы ірі қара малы 10,3%-дық өсіммен 115 мың басқа, қой мен ешкі 23,8%-дық өсіммен 1 млн 131 мың басқа, жылқы 36,2% өсіммен 50 мың басқа жетіп, облыста 1-орында тұрса, түйе 31,5% өсіммен 1724 басқа жетіп, 2-орында, – деген аудан басшысы саладағы өзекті мәселелерге ойысты.
Айтуынша, мал санының көбейгені жақсы-ақ, бірақ ол табиғатқа, флора мен фаунаға зардабын тигізбей қоймайды. Бұрынғы ұжымшар кезінде шаруашылық орталықтандырылып, ауыспалы жайылым белгіленетін. Ал қазір жыл он екі ай бойы бір жерде отырып, мал жаятын шаруа қожалықтары көбейген. Оған жердің жетіспеушілігі мен ары-бері көшудің қиындығы қолбайлау. Салдарынан ауыл төңірегі тозып, топырақ құнарсыздануда.
– Жалпы ауданның 1 млн 931 мың гектар жерінің 1 млн 561 мың гектары ауыл шаруашылығына арналған жерлер, оның ішінде 91 пайызы жайылымдық жердің үлесінде. Қазақстан Президентінің пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасын орындау мақсатында, 2023 жылға жоспар 20 мың гектар болса, нақты қайтарылғаны 40100 гектар, яғни жоспар 2 есе орындалды.
Биыл жалпы көлемі 31822 гектарды құрайтын 52 субъектіге тиесілі пайдаланылмайтын ауылшаруашылық жерлері анықталды. Жоспар бойынша 7 мың гектар қайтарылуы қажет болса, бүгінге нақты 10 253 гектар ауданның жер қорына қайтарылды. Жалпы, бұл мәселе – біздің тұрақты бақылауымызда. Жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жалпы көлемі 45 мың 340 гектар жер учаскелері 61 елдімекенге ортақ жайылым ретінде тұрақты пайдалануға берілді, – деді.
Аудан әкімі дала жұмыстары, қысқа дайындық, ауылшаруашылық техникалары паркін жаңарту, су үнемдеу технологиясын енгізу, суармалы суды тиімді пайдалану, «Кең дала», «Ауыл аманаты» бағдарламалары, «Бір ауыл – бір жоба» жобасы, инвестиция тарту, бағаны тұрақтандыру сияқты жұмыстарды тарқатты. Басқа салаларға ойысып, шағын және орта кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, мәдениет, қылмыстық ахуал бойынша жұмыстардан жан-жақты хабардар етті. Алда межеленген жоба-жоспарға тоқталды.
Одан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды. Республика бойынша өңір алдыңғы орындардың бірінде тұрғанын, бірдебір индикатор төмендемегенін атап өтті. Алға қойылған межелер айқын, орындалуында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Облыстың даму қарқынын саралағанда, ондағы Жамбыл ауданының алар үлесіне тоқталып өтті. Облыстың кешенді түрде өсу нүктелері ретінде 8 индустриалды аймақ құрылып жатқанын, оның ішінде осы аудандағы Қазыбек бек бекеті барын еске салды. Әр салаға жеке-жеке тоқталып, ондағы істің барысын бағамдап, шаруаны ширататын тұстарға атқарушы органдардың назарын аударды.
Одан кейін өңір басшысына залдан тұрғындар сұрақ қойды. Ардагер-ұстаз Күлкен Жаубасарқызы үшауысымды мектептер мәселесін көтеріп, оны шешуде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша білім орындары салына бастағанымен, жұмысы баяулағанын, келесі жылы тоқтап қалмай ма деген күдігін білдірді. Теміржол ауылдық округінен Жөкен Тотыбаев Ұзынағаш-Күрті автожолының жағдайы үлкен жүк көліктерінің салдарынан күрт нашарлап бара жатқанын жеткізді. Ардагер-дәрігер, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Доғдыркүл Молдахалықова Қасымбек және Үмбетәлі ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар орналасқан ғимараттардың тозығы жетуіне байланысты жаңасын салу қажеттігін ұсынды. Қарғалы ауылының тұрғындары жап-жақсы басталған Мәдениет үйі мен мектеп құрылыстарының тоқтағанына, 40 мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенде спорт кешенінің болмауына қынжылып, ауызсу жүйесі жөндеуді қажет ететінін, ауыл әкімінің жұмысына көңілі толмайтынын білдірді. Сондай-ақ санитарлық қызмет ардагері, Ұзынағаш ауылының тұрғыны, медицина ғылымдарының кандидаты Зинаш Күштекова ауылдардағы ескірген «Жедел жәрдем» автокөліктерін жаңалауды сұрады. Айдарлы ауылынан Бекзат Тәңірбердіұлы бау-бақша егу көлемін ұлғайтуға су тапшылығы қолбайлау болып тұрғанын, Күрті арнасынан басталатын суармалы жүйенің әбден тозып, су ысырап болып жатқанына байланысты арнаның толық бетондалуын және ішкі шаруашылық су жүйелерінің жөнделуін өтінді. Ақсеңгір ауылының тұрғыны Өркен Серікбай көшелерге асфальт төселсе деген тілегін жеткізді. Ұзынағаштағы Таусамалы көшесінің тұрғыны Гүлнұр Сәлімбетова табиғи газ таратушы мекеменің жұмысына шағымданып, көше жарығының жоқтығын, қаңғыбас иттер балаларды қауып алғанын алға тартып, тиісті шара қолданылуын сұрады.
Барлық сұраққа облыс пен аудан әкімдері толымды жауап беріп, салалық басқарма басшылары да әрбір істің жөн-жосығын түсіндірді. Тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер бойынша арнайы іс-қимыл жоспары жасалатыны, оның орындалу барысы ресми интернет-ресурстарда және электрондық үкімет веб-порталында тоқсан сайын жарияланатыны айтылды. Кездесу осылайша ашық әңгіме түріндегі еркін форматта өтті.
Кездесу аяқталғаннан кейін Марат Елеусізұлы Ұзынағаш ауылы Байқоңыр көшесі, 39 мекенжайға барып, әлеуметтік осал топтарға сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне қатысты. «Күміс алқа» иегері, көпбалалы ана Нұргүл Имансейітова күйеуі Жасын Болатбеков екеуі жеті бала тәрбиелеп отыр, оның біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Нұргүл мен Жасын Ақсеңгір ауылдық округінің Көкдала ауылында жалдамалы пәтерде тұрып келді. Енді, міне, оларға аудан орталығынан су жаңа баспана беріліп отыр. Нұргүл бала тәрбиесімен және жеке кәсіпкер ретінде тәтті тоқаш пісірумен айналысады, ал жолдасы – құрылысшы. Олар 2016 жылы әлеуметтік осал топтар санатында көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген болатын. Өңір басшысы көпбалалы отбасын жаңа қонысымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Облыс әкімі бұдан соң Ұзынағаш ауылындағы 1500 орынды мектеп құрылысымен танысты. Сонымен қатар аудан орталығында жаңадан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерді көрді. Сапарының соңында Қасымбек ауылындағы «Империя фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатына барды. Мұнда жануарларды сою халал технологиясы бойынша атқарылып, ет өңдеудің толық циклы іске қосылған.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы