Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың қайраткер ұлы Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдығын атап өту мәселесіне көңіл бөлді. Туған ауданының орталығы Кеген ауылына ескерткішін орнату жөнінде нұсқау берді. Бұл шешімді мен де қуана қабылдадым. Өйткені Зәкеңнің көзін көрдім, ел үшін атқарған қайраткерлік істеріне куә болдым. Соның бірқатарына тоқталайын.
Ол кісі өтпелі кезең қиындықтырын еңсеруге зор үлес қосты. Билік қызметтеріндегі мол тәжірибесі, білімі мен танымының тереңдігі, халықшылдығы ісін ілгері бастырды. Батылдығы өзіне жарасатын. Шешімді тез қабылдайтын және оның ойдағыдай орындалуына жіті мән беретін.
Аудандағы басшылық қызметтерде жүргенде облыс ұйымдастырған түрлі шараларға қатысатын едік. Сондай жиналыстың бірінде Заманбек Қалабайұлымен сөйлесудің сәті түсті. «Жақсыда жаттық жоқ» деген рас екен. Бірден сөзіміз жарасып, ойымыз түйісті. Өзім күнде көріп жүрген ағамен әңгімелескендей болдым. 1990 жылы Алматы облыстық партия конференциясында қатар тұрып фотосуретке түскеніміз бар. Ол сурет жеке архивімде ерекше құрметпен сақталауда.
Зәкең 2000 жылдың басында Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Мен бұл кезде Кеген ауданына қарасты Ұзынбұлақ ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істейтінмін. Біздің аумақтағы Жалаулы, Ақсай елдімекендерінде орта мектептердің жағдайы талапқа сай келмейтін. Мәселен, сандаған жылдар бұрын Жалаулы мектебі қамыстан салынса, Ақсай мектебінің керегесі қара кірпіштен қаланған. Екеуінің де әбден тозығы жеткен. Қысты күндері бірнеше жерден ескі пештерге от жағылады. Сыныптардың іші суық. Балалар киімдерімен қорбиып отырып сабақ тыңдауына тура келеді.
Сол жылдары елді елең еткізген бір жағымды оқиға болды. Жалаулы ауылында мектеп оқушылары үш келіден аса алтын тауып алып, оны мемлекетке өткізген. Осыған орай жоғарғы орындар жаңа мектеп салып беруге шешім шығарған. Өкінішке қарай, аталған құрылыс басталғанымен, қаржының тапшылығы деген желеумен тоқтап тұрды.
Мен қолымнан келгенше осы жайды талдап айтып, ауыл әкімі құзырының атынан Заманбек Нұрқаділовке хат жаздым. Облыс әкімі оған бейжай қарамапты. Көп ұзамай облыстық білім басқармасы мен қаржы басқармасының басшылары ауданға келді. Жұрт мұның Заманбек Қалабайұлының пәрменімен қолға алынғанын білді. Қисынын тапса қиындықтан шығуға болатынын көрдік. Нәтижесінде, мөлшерлі мерзімде өте ыңғайлы екі мектептің құрылысы пайдалануға берілді. Бұл – 2001 жыл болатын.
Кейін ауданға бір жолы түскенде Заманбек Қалабайұлы Ақсай орта мектебіне арнайы барып ұстаздармен кезесті. Мұғалімдерді тыңдады, пікір алмасты. Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Шаруашылықтар таратылып, жеке меншікті меңгере алмаған адамдар ақша табудың жеңіл жолдарын іздей бастады. Алматы қаласына жолы жақындау Қулық тауының қарағайын кесіп, ағаш сатумен айналысатындар көбейді. Бұған көз жұмып қарауға болмайды. Тосқауыл қою да оңай емес. Облыс әкіміне хат арқылы хабарлауға тура келді. Заманбек Нұрқаділов шұғыл шешім қабылдап, іске тез кірісті. Облыстық орман шаруашылығы басшыларын жіберіп, бәрін бұрынғы қалпына келтіріп үлгерді.
Мен куә болған, ойдағыдай орындалған мұндай жұмыстар аз емес. Зәкеңде сөз бен істің алшақтығы болмайтын. Барлық әрекеті бір біріне тұтасып тұратын. Ол кісіні облыс жұртшылығы ғана емес, Алматы қаласының тұрғындары да ұмытпайды. Алаштың айтулы ері десе – дегендей! Еске алу шаралары арқылы қайраткер өнегесін жас ұрпақтың бойына дарыта алсақ қандай ғанибет?!
Марат Тақабаев,
Кеген ауданының Құрметті азаматы