«Ауылым – алтын бесігім» атты өнер байқауы Қарасай ауданында жалғасын тапты. «Киелі мекен – Қарасай» атауымен шымылдығын ашқан игі шарада өңірдің руханият саласындағы қол жеткен табыстары жұртшылыққа кеңінен паш етілді.
Бұл жолы қонақтарға жуырда Павлодар қаласында өткен оқушылар арасындағы республикалық ақындар айтысында топ жарған Рауан Нұршабеков өрнекті өлеңімен шашу шашты. Аяулым Дүйсекенованың шәкірті мәнді де мәнерлі шумақтарымен көпшіліктің көңілінен шықты. Осыдан кейін қазылар алқасының назарына аудандық кітапхананың арнайы жасақталған көрмесі ұсынылды. Қазақ халқының бағзы заманнан келе жатқан салт-дәстүрінен, тұрмыс бұйымдары мен саз аспаптарынан мол мағлұмат беретін жәдігерлер, осы өлкеде өсіп-өніп, халқының жарқын болашағы жолында еңбек еткен азаматтар, әдебиет пен мәдениеттің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ақын-жазушылар жайындағы көркем туындылар топтамасы сөрелерден орын алды. Ал балалар әдебиетінің классигі, биыл 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайындағы көрме мазмұндылығымен ерекшеленді.
Мәдениет үйінің екінші дәлізінде қонақтарға тағы бір тамаша сый әзірленді. Атап айтқанда, Ақторқа Тотымбаеваның жетекшілігімен Шапағат Ерсінұлы, Ерлан Лесбаевтардың орындауындағы итальян әндерінен попурри әркімнің-ақ көңілінен шыққаны анық. Көне қаланың қалқасында, қайық үстінде орындалған әлем классикасының жауһар туындылары жүректі тебірентпей қоймады.
«Өнерліні ел таныр» атты бағдарлама аясында «Замандастар» вокалды-аспаптар ансамблінің орындауындағы Әсет Бейсеуов пен Нұрсұлтан Әлімқұловтың «Алтыным» әні нағыз өнер туындысының өміршең екендігін тағы бір мәрте көрсетсе, «Мерей» ансамблі орындаған «Первое утро столицы» әнін саңыраулар қоғамдық клубының мүшесі Азиза Гасанова ым-ишара тілінде орындап, қол мен бет-әлпет қимылы арқылы да поэзия мен музыканың сұлулығын сезінуге болатынын аңғартты. Осы жерде жиылған қауымның назарына ұсынылған «Қарасай жастары» театры мен «Арт спорт» жобасының бишілері өнер көрсетіп, домбырашылар «Ерке сылқым» күйін күмбірлетті.
Мәдениет үйінің екінші қабатында қолөнер шеберлері мен суретшілердің, спортшылардың көрмесі ұйымдастырылды. Садақ ату, қазақша күрес, бес асық, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша облыс, республика және әлемдік жарыстарда ел қоржынына жүлде салып жүрген спортшылар өз өнерлерін паш етсе, келесі кезек қолөнер шеберлері мен суретшілерге, ұлтымыздың дәстүрлі бұйымдарын жасаушыларға тиді.
Мәдениет күнінің қорытынды бөлімінде «Қарасай жастары» театрының әртістері орындаған «Аманат» қойылымы ұлтымыздың болашағы жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің өмірінен көрініс берді. Сахнадағы өтіп жатқан өмірге тебіренбей қарау мүмкін емес. Ал «Үшқоңыр ақ әжелері», «Дария – дархан», «Ардагерлер» және «Асыл әжелер» ансамбльдерінің орындауындағы «Туған ел» әні осынау ауқымды шараның мазмұнын одан сайын арттырды. Сол сияқты «Грация», «Шаттық», «Кербез» топтарының өнерпаздары мың бұралған биімен көрерменді тәнті етті. 100-ге жуық бишілер тобы бірінен кейін бірі шығып жатқан композицияда орындаушылардың шеберлігімен қатар олардың ұлттық бояуы қанық киімдерінің аса ұқыптылықпен тігілгенін айтпай кетуге болмайды. «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі орындаған «Күрескер» күйі, Нұрдәулет Жуасбек, Алуа Бауыржанқызы мен Әділет Тілеш қосыла шырқаған дәстүрлі әндер шеруі, Алмас Нұғыман, Санат Сұлтанов, Жалғасбек Ілияс, Жаңабек Азамат сахнаға шығарған «Күй шашу» композициялары жаңашылдығымен, тартымдылығымен тамсандырды.
Осыдан кейін сахнада «Тұмар» би тобының орындауында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы негізінде түсірілген фильмдегі этюдтік биі, Эльдар Омаровтың Т.Тұрысбектің сөзіне жазылған «Иә, сол мен қазақ» әні автордың шырқауында көрермендер назарына ұсынылса, Хамит Сатаев, Мөлдір Ахасова, Аружан Данышпандар әуелеткен «Алатау» әні де өз тыңдармандарын тапты. Бұл жолы сахна салтанатын Т. Тұрысбектің сөзіне жазылған Е. Көшербаевтың «Қарасай елім» атты әні қорытындылады.
Мәдениет күндеріне арналған ауқымды шараның соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев ауданның рухани тіршілігінде жасалынып жатқан жұмыстар мен мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді. «Ауылым – алтын бесігім» байқауының қорытындысы Республика күні қарсаңында жарияланады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы