Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуде мемлекеттік аппарат өкілдерінің елге адал қызмет етуі маңызды екенін атап өтті. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданының орталығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасының қандай екенін Есік қаласының әкімі Жан Құраметов айтып берді.
Оның айтуынша, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, электрондық форматқа көшіру бойынша жыл басынан бері әкімдік тарапынан көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. БАҚ, әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланып, «Онлайн режимде мемлекеттік қызметтер алу», «Ашық есік күні», «QizmetLive» сынды семинарлар, онлайн жәрмеңкелер – жалпы саны 123 іс-шара өткізіліп, 260 695 адам қамтылды. Қала тұрғындарына электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету үшін аппарат ғимаратында «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жұмыс істеп тұр. Осында жыл басынан бері 2926 қызмет түрі көрсетілген.
Қалалық әкімдікте халықты хабардар ету үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты ережелер, анықтама телефондарының нөмірлері, өтініш бланкілерінің үлгілері орналастырылған стенділер ілінген. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі туралы ақпарат, оның ішінде қызметтердің электрондық форматы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің ресми интернет сайтында, «Электрондық үкімет» веб-порталында, «Азаматтарға арналған Үкімет» МК-ның интернет ресурсында да орналастырылған. Яғни, аталған дереккөздердің кез келгенінен тұрғындар өзіне керектіні оңай таба алады.
Есік қаласының әкімдігі мемлекеттік қызмет көрсетудің алты түрін жүзеге асырады. Олардың бәрі де – жер телімдеріне байланысты көрсетілетін қызметтер. Атап айтсақ, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, сауда-саттықты өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу, жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп, не бөліп төлеуге сату, жер учаскесін алу үшін кезекке қою, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту.
Бұлардың ішінде халық жер учаскесін алу үшін кезекке қоюға қатысты қызметке көбірек жүгінеді. 2024 жылдың 9 айында барлығы 1465 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 1400-і дәл осы кезекке қою екен. Ал жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге 52 шешім берілсе, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзартуға 7 азамат өтініш білдіріпті. Сондай-ақ 6 азамат жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп, не бөліп төлеуге сатқан. Қалған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша биыл өтініш түспеді.
Жалпы, әкімдік тарапынан халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы, уақытылы көрсету, заңбұзушылыққа жол бермеу қатаң бақылауға алынған.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы