1990 жылы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің егемендік туралы Декларациясы қабылданды. Бұл – республиканың өз алдына дербес мемлекет болуға ұмтылған тұңғыш заңнамалық акт еді. Аталған саяси құжат бойынша Қазақстан халықаралық қатынастарда толыққанды дербес объекті ретінде өзінің мүддесін айқындауды көздеді. Халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға ниеттенді. Еліміз егемендік туралы Декларация арқылы табиғи байлығымызды, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін республика халқының меншігіне алатынын паш етті. Қазақстан аумағындағы барлық әскери құрылымдар мемлекет қарамағына өту тиістілігі көзделді. Декларация бойынша Қазақстан дербестігіне қайшы келетін КСРО заңдарының күші жойылатыны хабарланды. Елімізді орталыққа бағынышты күйден арылтуға, Мәскеумен жаңа жағдайға сай тең әріптестікке икемдеуге күш салды. Біз сол бір тарихи шешім қабылданар сәттің мәнісін зерделеп көрдік.
Тоқсаныншы жыл кеңес одағы тарихына «егемендік шеруі» деген атпен енді. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы бойынша, 1990 жылдың 25 қазанында өткен отырысының күн тәртібіне шығарылды.
Жоғарғы Кеңестің екінші сессиясы 15 қазанда өз жұмысын бастайды. Онда төраға Ерік Асанбаев декларацияның негізгі жобасы туралы егжей-тегжейлі баяндама жасап, ол 17 қазанда «Социалистік Қазақстан» мен «Казахтанская правда» газеттерінде жарияланды. Мәреге жеткен қос жоба 15-16 қазан күні қызу талқылауға түсіп, жарыссөзге 40-тан астам депутат қатысады. Ұсынылған жобаның екеуі бір-біріне мүлде кереғар еді. «Демократиялық Қазақстан» атты парламенттік топ даярлаған жобада «ұлттық мемлекеттілік», «ұлттардың өзін-өзі билеуі», «мемлекеттік тіл» сияқты ұғымдар мүлдем қамтылмай, «ұлттық мемлекеттілік құқықтық мемлекет ұғымына сәйкес келмейді» деген жалған тезис басшылыққа алынды. Өкінішке қарай, осы топтың ішінде есімі жұртқа белгілі қазақ азаматтары да болды. Олар дайындаған жобаның атауынан да «мемлекеттілік» деген сөз алынып, декларация «Қазақ КСР егемендігі туралы» деген жадағай атаумен ұсынылды.
Талқылау, талас-тартыс барысында ешқандай мәмілеге келе алмаған депутаттар 1990 жылдың 16 қазанында 25 адамнан тұратын комиссия құрып, оның төрағалығына академик Салық Зиманов сайланады. Ұлты, әлеуметтік тегі, қызметі, өңірлік өкілдігі тұрғысынан әралуан депутаттардан тұратын комиссия он тәулік бойына күніне екі рет отырыс өткізіп, әрбір ұсынысты қызылкеңірдек болғанша талқылайды. Нәтижесінде, көбінесе дауыс екіге жарылып, көптеген бап 2-3 дауыс басымдығымен ғана мақұлданды. Салық Зиманов басқарған комиссия 10 күн бойы депутаттардан түскен жазбаша ұсыныстарды салыстырмалы кестеге түсіріп, ауызша ескертулерді комиссия отырысында тыңдап, сұрақтардың барлығына заңнамалық тұрғыдан дәлелді, тиянақты жауаптар қайтарады. Сондықтан күн тәртібіне шығарылған декларация әбден пысықталған, жан-жақты талқылаудан өткен құжат болатын.
Сонымен 1990 жылдың 25 қазаны – қасиетті жұма күні «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» депутаттар талқылауына шығарылды. Бұл кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы, көрнекті мемлекет қайраткері Ерік Асанбаев еді. Сессияны Ерік Мағзұмұлы ашып, әуелгі сөзді басқару жүйесіндегі жаңа құрылымдар жайлы ақпарат беру үшін Президент Н.Ә.Назарбаевқа береді. Одан кейін бірден декларация жобасын талқылауға көшіп, сөз комиссия төрағасы Салық Зимановқа ұсынылады. Жиналыстағы ұзақ талас-тартыстан кейін, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің талқылауға қатысқан 360 депутаттың 71-і қарсы дауыс берсе де, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке – Республика күніне арналған жиында: «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады», – деп Декларацияның тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орны мен мән-мағынасына аса зор баға берді. Иә, Республика күні – ұлтымыздың ұлық мерекесі ғана емес, Президентіміз ұсынған Жаңа һәм Әділетті Қазақстанның берік бастауы. Ал оның қайнарында Егемендік Декларациясы тұрғанын барша қазақстандық әрқашан жүрек төрінде сақтауы керек.
Ерзат АСЫЛ