Ұлттық мереке – Республика күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат марапатталды.
Президенттің баспасөз қызметі хабарлағандай, марапат алып, мерейі тасығандардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мамандары, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар. Атап айтсақ, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаев бастаған бірнеше тұлғаға берілді. Ал «Отан» ордені Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалиннің өңіріне тағылды. Бұдан бөлек, І дәрежелі «Барыс» ордені ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға табысталды. Дәл осындай «Барыс» ордені басқа да салада көш бастаған мемлекеттік қызмет өкілдері мен білікті мамандарға ұсынылды.
Мерекеге орай белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері мен өндіріс мамандары «Парасат» орденінің иегері атанды. Олардың қатарында «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова бар.
Елеулі еңбегімен, ерен ерлігімен танылған тағы бірнеше қызметкер «Құрмет», «Даңқ», «Айбын» «Ел бірлігі», «Еңбек даңқы», «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» орден-медальдарымен марапатталды. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына ие болды. «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышеваға, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді. Сонымен қатар биылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы енгізілді.
Биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар. Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты.
Қуаныш ТҰНҒАТАР