«Әкеге қарап ұл өсер», «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық», «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген ата-бабадан қалған өсиет сөздер отбасындағы әкенің орнын айшықтайды. Осыған орай Кеген аудандық Мәдениет үйінде «Ұлттық құндылықтар негізіндегі әке өнегесі» атты әкелер форумы өтті.
Аталған шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр актері Бекжан Тұрыс, дінтанушы ғалым, «Кемел адам» кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлы, ауылдық округ әкімдері, аға буын өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. Сөз тізгінін Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев алды.
– Бұл форум биыл ауданымызда екінші рет өтіп отыр. Шараның негізгі мақсаты – отбасында ер азаматтың орны қандай болатынын түсіндіріп, бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін күшейту. Ұлттық тәрбиені бүгінгі заманмен сабақтастырып, жаңашыл идеяларға қолдау көрсету, – дей келе, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«Ұлттық құндылықтар негізіндегі әке өнегесі» атты тақырыпта баяндама жасаған аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Қызыр Әбжанбаев отбасындағы қазақы құндылық, береке-бірлік, әулеттің өсіп-өнуі және оның ұрпақ тәрбиесіндегі ерекшелігі қоғамның өркендеуіне ықпал ететінін айта келе, ауданда атқарылып жатқан әкелер кеңесінің жұмысы жайлы қысқаша тоқталып өтті. Бұдан кейін сөз кезегі Алматыдан арнайы келген өнер қайраткері Бекжан Тұрысқа берілді.
– Ұлттық тәрбие тізгінін босатып алғанымызды ылғи айтып жүрмін. Оған бүгінгі әкелер беделінің төмендігі, заманын ойлап бәйек, айтса сөзі дәйек болатын қариялардың азайып кеткендігі дәлел. Кезінде бір қарияның кесімді сөзі бүтін бір ауылды тәрбиелеген халық едік. Ал қазір ұлттың бойындағы осы бір қасиет аузы дуалы аталарымызбен бірге кеткендей көрінеді. Ата жолын жас ұрпақтың санасына сіңіру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Оған осындай игі шаралардың қосатын үлесі зор, – деді ол.
«Кемелдіке жету жолдары» тақырыбында дінтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы кеңінен сөз қозғады.
– Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары ауадай қажет. Қазір әр адамның қолында бір-бір телефон, онда бүкіл әлемнің ақпараты құйылып жатыр. Үлкені де, кішісі де бос уақыттарын телефонға телмірумен өткізеді. Сондықтан жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруді әрқашан естен шығармайық, – деген дінтанушы әр отбасында кітап оқу сағатын қолға алуды тілге тиек етті. «Кемел адам» кітабынан үзінділер келтіріп, жиын соңында форум қатысушыларына аталған кітаптың жүз данасын тегін үлестірді.
Жиынды қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы Алмасбек Нұғыман форумның қарарын қабылдау жөнінде ұсыныс тастап, аудандық және ауылдық округтерде әкелер кеңесін құруға шақырды. Аталған шараның өскелең ұрпақққа берері көп болды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы