Облыстағы жылумен қамту жүйесінің жаңартылуы: Блокты модульдік қазандықтардың іске қосылу
Республика күні қарсаңында облысымызда тұрғындарды жылумен қамтуды айтарлықтай жақсартатын Блокты модульдік қазандықтарды (БМҚ) іске қосу бойынша, маңызды жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.
2024 жылдың 24 қазанында Іле ауданы, Боралдай ауылындағы «Алмат» қазандығының ашылуы айрықша оқиға болды. Іске қосу алдында барлық қажетті желілік сынақтар мен іске қосу жұмыстары сәтті аяқталып, жаңа нысанның сенімділігі тексерілді.
Сол күні Кеңдала ауылында құны 234,5 миллион теңге болатын БМҚ іске қосылды, ол бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұр. Алатау қаласындағы «Офицерлер үйі» қазандығы 13 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп отыр.
Қазіргі таңда Талғар ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Алтын дән ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін, газбен жұмыс істейтін БМҚ құрылысы да жалғасуда. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалды, жобаның жалпы құны 106,6 миллион теңгені құрайды. Жұмыс қараша айының басында аяқталады деп күтілуде.
Бұл бастамалар тұрғындарды жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өмір сүру сапасының артуына да ықпал етеді. Облыс тұрғындары алдағы қыс айларында тұрақты жылумен қамтамасыз етілетініне сенімді бола алады.