Еңбекшіқазақ ауданы Қызылжар ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте «Оқушыларға органикалық қалдықтарды өңдеу еңбегі арқылы ұлттық тәрбие беру» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның негізгі мақсаты – оқушыларды еңбекке баули отырып, бала бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, әрі болашақта үлкен сұранысқа ие болар экологиялық таза өнім өндірудің әдіс-тәсілдерін үйретіп, қоршаған ортаны қорғау мен табиғат ресурстарын рационалды пайдалану.
Алдына маңызды міндет қойған бір топ ғалым биыл жыл басында аудандағы Райымбек батыр атындағы орта мектепте республикалық конференция ұйымдастырып, білім, ауыл шаруашылығы салаларының мамандары мен кәсіпкерлердің басын қосқан-ды. Ол жиында Райымбек батыр және О.Жандосов атындағы мектептердің жанынан органикалық тыңайтқыштарды өңдеу оқу-тәжірибе алаңдары ашылған.
Аталған білім ошақтарындағы экоклубтарға «QazAGO» ЖШС оқу орталығының директоры Гүлзира Асамұратова бір-бір қораптан калифорниялық қызылшылаушын сыйға тартып, оқушыларға биологиялық тыңайтқыш жасаудың қыр-сырын үйретті. Микро және макроорганизмдердің әсерінен әртүрлі органикалық заттардың ыдырауы нәтижесінде алынған тыңайтқыш топырақтың құнарлығын арттырып, өнім сапасы мен көлемін де көбейтуге септігін тигізеді. Биогумус және оның экологиялық маңызы туралы көбірек білуге құмартқан О.Жандосов атындағы орта мектеп оқушылары «EСОbook» экологиялық жобасы аясында «QazAGO» оқыту орталығында қосымша білім алды. Ақпанда басталған жұмыстың нәтижесін экоклуб мүшелері – оқушылар ғалымдардың алдында зор мақтанышпен айтып, сегіз айда жеткен жетістіктерімен бөлісті. Бастапқыда сыйға алған бір қорап шылаушынды жас ғалымдар бүгінде екі жүз қорапқа жеткізіпті.
Конференция жұмысы басталмас бұрын мектеп алдында ұйымдастырылған көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Онда аудан мектептерінің оқушылары өз қолдарымен жасаған экологиялық таза өнімдерін таныстырды. Мұнда тері, ағаш, гипстен, органикалық және тұрмыстық қалдықтардан жасалған түрлі бұйымдармен қатар сабын, экокосметика да қойылды.
Көрмеден кейін жастарға органикалық тыңайтқыштардың қыр-сырын үйретіп жүрген педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Ұлттық құндылықтар академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Сайдахметов атында кабинеттің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Конференцияның ресми бөлімін «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Әділхан Дүйсебек жүргізіп, осынау жиынның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, жобаның басы-қасында жүрген Бауыржан Сейтбекұлы мен О.Жандосов атындағы орта мектептің директоры Айжан Жамешоваға алғысын білдірді. Аудандық білім бөлімінің қызметкері Айжан Тортаева аудан мектептеріндегі экоклубтардың білім мен тәрбие берудегі, балаларды жастайынан еңбекке баулудағы маңызы жайында айтса, әріптесінің сөзін құптаған облыстық білім басқармасының «Жас дарын» орталығы педагогикалық шеберлік бөлімінің басшысы Қымбат Сүлейменова аталған жоба алдағы уақытта облыс аумағын түгел қамтып, қолдауға ие болса деген тілегін жеткізді.
ҰҚА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қажымұқан Арынов, ҚР Ұлттық кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары қауымдастығы президенті Шайх Қазыбек, педагогока ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Мұхамедрахим Құрсабаев, Қазақстанның Еңбек Ері, ардагер ұстаз Аягүл Миразова, Абай атындағы ҚазҰПУ ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҰҚА академигі Берікжан Әлмұхамбетовтер сөз алып, оқушылардың бүгінгі жетістіктерін жоғары бағалады.
«QazAGO» ЖШС оқу орталығының директоры Гүлзира Асамұратова оқу орталығында білім алып, тәжірибеден өткен экоклуб оқушыларына сертификат табыстады. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары да осы істі қолға алып, топырақты құнарландыруда таптырмайтын тыңайтқыш өндіруді, нәтижесінде экологиялық таза, әрі мол өнім алуды бизнес жоба ретінде жолға қоймақ.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
Еңбекшіқазақ ауданы