Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде Қазақстанның Құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері, белгілі жазушы Орысбай Әбділдаұлының 85 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосқан қаламгерді еске алу шарасына ақын-жазушылар, өнер мен мәдениет майталмандары, жақындары мен жалпы аудан жұртшылығы қатысты. Жиында ұлт руханиятын байытқан көрнекті қаламгердің сан қыры сөз болды.
Алдымен залға лық толы көрермен назарына Орысбай Әбділдаұлының өзі туралы өлеңінің негізінде дайындалған театрландырылған қойылым ұсынылды. Өмірін өлеңмен өрнектеген қаламгердің балалық шағы, есею, қалыптасу белестерін аудандық «Сүйінбай» театрының өнерпаздары сахналады. Салтанатты жиынның алғашқы сөзін алған аудан әкімі Нұрлан Ертас өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған талантты тұлғаның өмір жолына тоқталды. Қырық жылдан астам уақыт баспасөз саласында қызмет етіп, қазақ журналистикасының дамуына ерекше еңбек сіңіргенін, шығармаларында қазақ қоғамының маңызды мәселелерін көтергенін айтты. Әрбір жыры туған елге, жерге деген сүйіспеншілікке толы ел ардақтысының еңбегін жан-жақты баяндады.
– Біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені осы қасиетті жерден қаншама ұлы тұлғалар дүниеге келіп, артына өшпес із қалдырды. Соның бірі – Орысбай Әбділдаұлы. Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Саурық, Сұраншы батырлардың ұрпағы, Сүйінбай, Сарыбай, Жамбыл бабалардың жалғасы ретінде қазақы қалпын сақтап, өз шығармаларымен халқымызды сусындатты. Бүгінде кіндік қаны тамған Жамбыл ауылындағы орта мектепте ақын құрметіне Орысбай Әбділдаұлы атында кабинет бар. Қаламы жүйрік, қиялы ұшқыр журналистің еңбегі ұрпаққа үлгі. Көркем шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жетер мәңгілік мұра, – деген аудан басшысы Нұрлан Ертасұлы артында қалған асыл жары, ақын апамыз Баян Анарбековаға көпшілік алдында сый-құрмет көрсетті.
Сахна төрінде Орысбай Әбділдаұлының баспадан жаңа шыққан «Жырұйық», «Ақ баталар» кітаптарының тұсауы кесілді. Бұған дейін «Сымбат», «Қолтаңба», «Өмірсерік», «Палуан», «Туған жер лебі», «Уыз шақ», «Сөз бен саз», «Ойтоғыс», «Шапағат», «Тәуекел тағдыр тұмар», «Ізбасар» атты әңгіме, новелла, эссе, жыр кітаптары жарық көрген болатын. Орысбай Әбділдаұлы 1939 жылы 11 наурызда Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіріп, үш жыл әскери борышын өтегеннен кейін еңбек жолын түрлі салада қарапайым жұмысшы болудан бастаған. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітіріп, «Балдырған», «Лениншіл жас» газет-журналдарында, «Жалын», «Жеті жарғы» баспаларында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. 1997 жылдан бастап, облыстық «Жетісу» газетінің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды. «Баспасөз саласының үздігі» төсбелгісінің, Халықаралық Жамбыл атындағы, «Алаш» әдеби сыйлықтарының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі. Сегіз қырлы, бір қырлы өнер иесі әншілігімен, батагөйлігімен танылды. Классикалық күрес түрінен спорт шеберлігіне кандидат болды.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, көрнекті ақын Бауыржан Жақып сөз алып, қаламгердің 85 жылдығын үлкен салтанатпен атап өтіп жатқан аудан басшылығы мен азаматтарына, осындағы ел-жұртқа алғыс білдірді. Орысбай Әбділдаұлының еңбек жолы мен шығармашылығына тоқтала келе жеке өмірінен көпшілік біле бермейтін үзік сырларын былайша тарқатты:
– Мен Орысбай ағамен Алматыда он жыл көрші тұрдым, өмірден көрген-түйген көп әңгімесін тыңдадым. Бірде маған қасиетті «7» санына қатысты ғұмырнамасын айтқан еді. Ол 7 жасында мектеп табалдырығын аттап, 7 сыныптан соң оқымай қалыпты, өйткені ауылдағы мектеп жетіжылдық екен. Жеті жылдан кейін университетке оқуға түсіп, 7 жыл жатақханада тұрған, Алматыда 7 жыл пәтер жалдап, үй кезегін 7 жыл күтіп, одан кейін баспаналы болған. «Жеті жарғы» баспасында, «Жетісу» газетінде қызмет істеген, 7 рет өлім аузынан қалыпты. Орағаң оны да тізіп айтып берген. Балалары Олжас, Сымбат, Ақбота, Ақбөпе сынды ұл-қыздары ұлттық тәрбиемен өсіп, домбыра тартады. Әулетінің отанасы Баян Анарбекова елге танымал ақын, Ғафу Қайырбеков, Фариза Оңғарсыновалардың батасын алған. Әттең, ағамыздан 84-ке қараған шағында аяқ астынан көз жазып қалдық. Сонда туған жері асқан ұйымшылдықпен тік тұрып соңғы сапарға құрметтеп шығарып салды. Баян тәтеміз тыным таппастан қажетті рәсімдердің барлығын жасатып жүр, мектепте кабинетін жабдықтатып, қос кітабын шығарды. Соңында қалған ұрпағы, том-том кітабы, айшықты да шынайы жырлары барда Орағаңның аты ешқашан өшпек емес, – деп, ақынның 80 жылдығына арнаған өлеңін оқыды.
Орысбай Әбділдаұлы көптеген шәкірт тәрбиелеп, жас таланттарға жол ашып, бағыт-бағдар берген үлкен жүректі, ақ тілекті тәлімгер-ұстаз бола білген. Салтанатты шарада бір шоғыр қаламгер-шәкірттерінің атынан Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттері мен бірнеше электрондық ақпарат құралдарының басын біріктіретін «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәдірбек Құныпияұлы адами қасиеттерге толы ерекше болмысын айтып, қызықты естелігімен бөлісті.
Жиын соңында Орысбай ағаның асыл жары, ақын Баян Анарбекова сөз алып, шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген азаматтарға, ақынын алқалаған көпшілікке алғысын, ризашылығын білдірді. Жезтаңдай әнші Ұлжан Айнақұлова Орысбай Әбділдаұлының сөзіне жазылған «Майтөбе» әнін шырқады. Әуенін Жолдасхан Құрамысов шығарған бұл туынды халыққа кең таралған. Аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары шараны ән-күймен, мың бұралған бимен әрледі. Сол күні артына өлмейтұғын сөз қалдырған қаламгердің рухына арнайы құран оқылып, ас берілді.
Алдаспан жырдың алыптары Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі бабалардың сара жолын жалғастырған Орысбай Әбділдаұлы ел мен жер, өткен мен бүгін жайлы сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол тамаша туындыларды өмірге әкелген қаламгер. Жиырмадан аса прозалық және поэзиялық кітаптардың авторы. Ұшқыр қаламынан туған дүниелері оқырман жүрегіне жол тауып, қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналды. Қалың оқырманына рухани құнды дүниелер сыйлаған шығармашылық иесінің азаматтық тұлғасы мен жазбагерлік қарымы биіктен танылды. Салауатты өмір салтын сексен жастың сеңгіріне шыққанша жанына серік етті.
Орысбай Әбділдаұлының жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы