Қонаев қалалық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде бірқатар мәселе талқыланып, мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік іс қаралды.
Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Арсен Жақыповтың жетекшілігімен өткен жиында мемлекеттік қызметкерлердің өз ісіне деген жауапкершілігі туралы айтылып, тәртіп мәселесі баршаға ортақ екені тілге тиек етілді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы А.Мұхтарова сөз алып, Кеген ауданы Жалағаш ауылдық округінің әкімі А.Садирова мен Алғабас ауылдық округінің әкімі С.Жексембиевке қатысты тәртіптік істер төңірегінде баяндама жасады. Бұл жайтты саралай келе, Кеген ауданы әкімдігіндегі лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты оларға қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.
Келесі кезекте Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Р.Қумашевке қатысты тәртіптік іс қаралды. Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы А. Битаев тәртіптік іс жайын баяндап өтті. Ол лауазымды тұлғаның азаматтармен қарым-қатынаста дөрекілік көрсеткенін жеткізді. Әдеп кеңесінің мүшелері мемлекеттік қызметкер өзінің әрекетімен сынға себепкер болғаны үшін Р.Қумашевке қатысты тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелерін жария етті.
– Бүгінге дейін аудан аумағында мемлекеттік қызметкерлер арасында әдеп нормаларын түсіндіру жөнінде және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында бірқатар кездесу мен көшпелі отырыстар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округтерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаулар жасалып, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар өткізілді, – деді ол.
Кеңес отырысын қорытындылаған Арсен Жақыпов мемлекеттік қызметкерлерге қатысты кейбір жағымсыз жайттарға тоқталып, алдағы уақытта ондай олқылыққа жол бермеуге шақырды. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің ел алдындағы жауапкершілікті жіті сезініп, жұртшылықпен тіл табысып жұмыс істеуі керектігін баса айтты.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы