Ұлттық өнердің шамын жағып, Алатау жұртшылығының көңілін әнмен әрлеп, сазбен тербеп жүрген Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы өнерсүйер қауымды тағы да тәнті етті. Алматыдағы «Қазақконцерт» залында облыс әкімінің қолдауымен филармония жанынан ашылған ішекті-симфониялық оркестрінің «Таңғажайып симфония» атты алғашқы концерті көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Қарасөздің қаймағын қалқыған жыршы-термешілер, күміс көмей әншілер мен дәулескер күйшілер, мың бұралған бишілерден құралған жарты ғасырлық тарихы бар Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы – өнердің алтын ұясы. Қасиетті шаңырақта 1985 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қолдауымен дүниеге келген «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, «Адырна» және «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері жұмыс істейді. Сондай-ақ 2002 жылы ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұратбек Жүнісбековтің бастамасымен құрылған «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Ақжауын» камералық оркестрі де бар. Таланттар тоғысқан ордадағы өнер ұжымдарының қатарына биыл қаңтар айында ішекті-симфониялық оркестрі қосылған. Тәй-тәй басқан ұжымға 21 штат бөлініп, кәсіби шеберліктері жоғары, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, музыка саласында білімі биік бірқатар мамандар қызметке тартылған. Оркестрге арнайы қаржы бөлініп, қажетті аспаптар сатып алынып, репертуарларының қатары да толықтырылған. Міне, өнер ордасында жұмысын жаңа бастаған ішекті-симфониялық оркестрі жылға жуық уақытта жоғары нәтиже көрсетіп, ел алдында есептік концерт берді.
Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев киелі өнерді құрметтеп келген көрермендерге ізгі лебізін арнады.
– Бүгін бәріміз қасиетті шаңырақта қуанышты сәтке көзайым болып отырмыз. Өмірі өнерімен өріліп, өнері өмірімен біте қайнасқан қазақ жұрты үшін ұлттық құндылықтарды әспеттеп жүрген тарихы терең шығармашылық ұжым – Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының құрамы жаңғырып, шығармашылық шырайы арта түсуде. Ішекті-симфониялық оркестр өзіміздің танымал туындылармен қатар әлемдік деңгейдегі музыкалық шығармаларды тамылжыта орындап, жүрекке жылу сыйлауда. Бүгінгі кеште жас оркестрдің жыл бойы атқарған жұмысының жемісін көретін боламыз, – деп мәдениетіміздің тасын өрге домалатып жүрген өнер ұжымына алғыс айтты.
Кеш скрипка, альт, виолончель, контрабас секілді музыкалық аспаптарды еркін меңгеріп, шығармашылық шабыты арта түскен оркестрдің әуезді әуенімен басталды. Өз репертуарларын қазақтың халық әндері мен күйлерінен, классикалық, заманауи шығармалардан құраған өнерпаздардың әр туындысы жүрекке жетіп, көрерменді ән әлеміне жетеледі. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Мақсат Нұрлановтың шеберлігіне тәнті болды.
Филармония құрамындағы ансамбльдер де жас оркестрдің алғашқы концертіне өз үлесін қосып, ішекті аспаптардың үнін домбыра дауысымен даралап, қобыз сарынымен үндестірді. Тіпті, жеке дауыстағы күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер де заманауи оркестрдің сүйемелдеуімен көрермендерге ерекше туындыларды тарту етті. Қасиетті шаңырақтың өнерпаздары Шаба Әденқұл, Әділ Ахметжан, Балауса Самрұққызы, Айбек Жекенов, Ғаламат Бейсеқожа, Диас Елеместің орындауындағы әндер жас оркестрдің жігерін жанып, шырағын жаға түсті десек, еш қателеспегеніміз. Ішекті аспаптарға қобыздың қоңыр үні қосылғанда бірде қайғы, бірде мұңды шиеленістірген әуезді үн шықса, домбыра ырғағы шаттықты шалқытып, оркестрмен бірге тербелген баян дауысы көңілді көкке өрлетті.
Өнерпаздардың әр репертуарынан Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік төгіліп тұрды. Ішекті аспаптар оркестрі Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін, әлем классиктерінің туындыларын нақышына келтіре орындады. Арындап келіп, жалындап кететін күй өнерінің қасиетін де ұқтырып, өнерсүйер қауым тік тұрып қолдайтындай дарындарымен дараланды. Қол соққан қауымның құрметі жас оркестрдің жаңа серпін алуына жол ашқандай ерекше әсер қалдырды.
Құралбек СӘБИТОВ