Ат бәйгесі дегенде делебесі қозбайтын қазақ барма?! Кейінгі жылдары еліміздің түпкір-түпкірінде ат спорты жанданып, жүлде қоры да ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге жетті. Ұлттық ойындардың дамуына Балқаш өңірінің азаматтары да айтарлықтай үлес қосып келеді. Аудандық ат спорты федерациясы жыл сайын аудан кубогын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Биылғы бәйгенің ашылу кезеңі көктем айында Желтораңғы ауылында ұйымдастырылған. Енді, міне, аталған жарыс Бақбақты ауылында қорытындыланды. Дүйім жұрттың алдында эстафетаны қабылдап алған бақбақтылық азаматтар өз қаражаттарына жүлде тағайындап, ат бәйгесін ойдағыдай өткізіп, жеңімпаздарды марапаттады.
Жарыс қорытындысы бойынша, 7 шақырымға созылған тай бәйгесінің алдын бастап келген Бақбақты ауылының азаматы Қасым Алтынбайдың «Бозбиік» атты арғымағы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтсе, Бірлік ауылының тұрғыны Алмат Мамырбаевтың «Бақторысы» ІІ орын, ал бақанастық Айдын Сапарғазинның «Сакура» есімді жүйрігі ІІІ орын алды.
Келесі кезекте бәйге алаңына 15 шақырым бойынша бір-бірімен жарыса шапқан құнандардың жүлдесі табысталды. Бұл жарыста Көкжиде ауылының намысын қорғап жүрген атбегі Айгелді Көмековтің арғымағы – «Көзмоншақ» бірінші келді. Береке ауылының азаматы Омар Сүлейменовтің «Қарамергені» мәре сызығына екінші болып жетті. Жүлделі ІІІ орын Көктал ауылының атбегі Алмаз Жетпісбаевтың «Башка» арғымағына бұйырды.
Бұдан кейін жұп-жұмыр тұяқтарымен жер тарпыған тұлпарлар бақ сынаған аламан бәйгенің жеңімпаздары марапатталды. Жарыста бабы мен бағы жанған Бақбақты ауылының азаматы Өмірсерік Октябровтың «Қарақұйрығы» қара үзіп, бас жүлдеге тігілген автокөлікті еншіледі. Сондай-ақ ІІ орынды Бақанас ауылының тұрғыны Қайролла Маусымовтың «Тәуекелі» қанжығаласа, ІІІ орын Береке ауылының атбегі Омар Сүлейменовтің тұлпарына бұйырды.
Марапаттау барысында арғымақтары бәйгелі болған атбегілерге бас жүлдеге тігілген автокөліктен басқа да техникалар, бағалы заттар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Бағзы заманнан бері сайын даланы еркін жайлап, таза ауасымен тыныстап, сары қымызын сапыра ішіп, шашасына шаң жұқтырмайтын сәйгүліктерді таңдап мініп, дұшпанына бас имеген көшпенділердің атбегілік өнері тылсым сырға толы. Бабалардың салып кеткен сара жолын жалғап, келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған ат бәйгелерінің жастарға берер тәрбиесі мол.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,
Балқаш ауданы