Мерзімдік басылымдар қай кезде де халық үнін жеткізді. Билік пен бұқара арасында алтын көпір болды. Технология кезеңі саналатын ХХІ ғасырда да газет-журналдар өз мәнін жойған жоқ. Өйткені, газет бетінде басылған әрбір мақала – тарих. Міне, осындай рухани құндылық – баспасөздің мәні мен маңызына терең үңілу мақсатында Қарасай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақ газетінің тарихы: бүгіні мен болашағы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қошмамбет ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып, күні кеше ғана ұстаздар мен оқушыларға есігін айқара ашқан білім шаңырағында өткен жиынға тіл білімі институтының қызметкерлері, облыстық және аудандық газеттердің бас редакторлары, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих және әдебиет пәндерінің мұғалімдері қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева мерзімді басылымдардың бүгінгі жай-күйі турасында толғамды ойларымен бөлісті. Алқалы басқосуға жиылған қауымға алғысын жеткізген Әсел Әбілеқызы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай қажет болса, халыққа газет те сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр!» деген даналық сөзін тілге тиек ете келіп, рухани байлығымыз бен елдік мәртебеміздің деңгейін аңғартатын осы маңызды саланың бүгінгі жай-күйі ой-санамыздың, тұрмыс-тіршілігіміздің деңгейін көрсетіп отырғанын баса айтты.
– Бүгінгі жаһандану заманында мәдениеті қалыптасқан, білімді, білгір, ең бастысы өз елінің паториоты болатын баланы тәрбиелеу негізгі мақсатымыз екені мәлім. Бұл бағытта Қарасай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Сонымен бірге, өткенімізге үңіліп, болашағымызды болжайтын болсақ, қоғамды өркениетке жетелейтін баспасөздің маңыздылығын түйсіну де маңызды. Газет-журналдарды оқу арқылы дұрыс сөз саптау, әдеби тіл қалыптастырып, сауатты жазу, есте сақтау қабілетін жетілдіру сияқты көптеген оң дағдыны қалыптастыра аламыз.
Сөз қадірін түсінетін зиялы қауым өкілі ретінде мерзімді басылымдардың тағдырына араласып, кәсіби маман ретінде азаматтық ұстанымымызды көрсету парызымыз деп ойлаймын. Мұғалім – зиялы қауым, ағартушы, баладан бастап барлық қоғам мүшесіне үлгі көрсетуші, тәрбиеші дейтін болсақ, баршаларыңызды ұлт ұстынын қалыптастырушы – газет-журналдарға қолдау көрсетуге шақырамын, – деді.
Келесі кезекте мінберге көтерілген облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жай-күйіне тоқтала келіп, орыс тілінде жарық көріп отырғанымен, ұлт мүддесін бірінші орынға қойып келе жатқан, 106 жылдық тарихы бар «Огни Алатау» басылымына жазылудың маңыздылығын айтты. Осынау жиынды ұйымдастырып отырған аудандық білім бөлімінің басшылығына алғысын жеткізген ол газет журналистикасының мәні мен маңызын ашып көрсетті. Ал облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар қазақ баспасөзінің тарихынан мәлімет келтіре келіп, еліміздегі басылымдардың қарлығашы саналатын «Жетісу» газеті мен күні кеше ғана Алматы облысының екіге бөлінуіне байланысты өз алдына шаңырақ көтерген «Алатау арайы» газетінің бүгіні мен болашағы турасында ой қозғады. Ол басылымның құрылымы, қызметкерлер қатары, газеттің айдарлары мен көтеретін тақырыптары жайлы да мол мағлұмат берді.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхамет Маралбекұлы «Қазақ» газетінің стильдік тармақтарды кеңейтудегі рөлі» атты баяндамасында негізінен ұлт ұстазының газетті шығарудағы жетекшілік қызметі мен қазақ тілінің емлесін қалыптастырудағы ерекше еңбегіне тоқталып өтті. Ахаң жайында бұрын жарық көрмеген тың деректерді келтіре келіп, ол жайлы түсірілген көркем фильмнің мазмұн-мағынасы жайында да келелі ойларымен бөлісті.
Конференцияда сөз алған Қарасай аудандық «Naqty» газетінің бас редакторы Атлана Исаева өзі жетекшілік жасап отырған басылым жайында ой толғап, жалпы еліміздегі мерзімді басылымдарға қатысты өзін толғандырып жүрген мәселелерді жұртшылық назарына ұсынды. Ал Жамбыл атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлдана Мәлік «Қазақ» газеті – қазақ баспасөзінің мәңгілік көшбасшысы» тақырыбында баяндама жасап, жалпы ұлттық баспасөздің қалыптасу, өркендеу кезеңдері жайында жиылған жұртшылыққа мол мағлұмат берді.
«Қазақ» газетін шығарып, оның таралымын үш мың данаға дейін жеткізген ұлт ұстазының еңбегі конференция барысында қайталана айтылып отырды. Соның бір жарқын көрінісі – А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің «Жауқазын» драма үйірмесі көрсеткен «Ахмет – ұлт ұстазы» қойылымы десек болады. Сахнагерлер бұл қойылымда Ахаңнын ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы өлшеусіз еңбегін барынша ашып көрсете білді.
Конференция спикерлері жиынға келгендерге баспасөз тарихынан мол мағлұмат беріп қана қоймай, мәселенің маңыздылығына жұртшылық назарын аудару үшін «Ғылым мен шәкірт» сұхбат алаңын да ұйымдастырды. Сахнаға Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхамет Маралбекұлы, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар шақырылып, жас білімгерлермен сұхбаттасты. Екі тарап алдын-ала дайындалған бейнебаяндар бойынша сауал түзеп, сұрақ-жауап түрінде көшелі әңгіме құра білді. Бұл да басқосудың көздеген мақсатына жетуі үшін өз міндетін атқарған іс болды.
Болмысы бөлек бұл басқосу аудандық білім бөлімі мен облыстық «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттерін біріктіретін «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қарасай аудандық «Naqty» газеттері арасында әріптестік жайында меморандумға қол қоюмен аяқталды. Бұл меморандум бойынша ұстаздардың жаңашыл мақалалары мен оқушылардың үздік шығармаларын, өлең-әңгімелерін баспасөз беттерінде жариялап тұруға мүмкіндік арта түспек. Ал ұстаздар тарапынан басылымға қолдау көрсетіп, газетке жазылып тұрса болғаны. Екіжақты келісім ел Президентінің «Оқитын ұлт» жобасы аясында газет-журнал, кітап оқитын ұрпақты қалыптастырып, рухани құндылықты бойына терең сіңірген ұлтқа айналуымызға негіз болмақ.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы