Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасының заманға сай жабдықталуы қауіпсіздігіміздің алғышарты десек болады. Осыған байланысты көрсетіліп отырған қамқорлықтың нәтижесінде ұлан-ғайыр шекарамызды қорғауға қажетті техникалық құралдар жеткілікті түрде бөлініп келеді. Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасында өткен ауқымды шара – соның нақты дәлелі.
Осы жолы мұнда шекарашыларға салтанатты жағдайда заманауи үлгідегі 75 автокөліктің кілті тапсырылды. Бұл – қызмет барысында жол талғамайтын «JAK Т-6» және оптикалық-электрондық бақылау жүйесі орнатылған «СОБОЛЬ» автокөліктері. Темір арғымақтардың кілттерін қызметкерлерге шекара басқармасының лауазымды тұлғаларымен бірге ардагерлер де табыстады.
Айта кетерлігі, осыдан бір жыл бұрын алғаш рет сатып алынған 60-тан астам «JAK Т-6» жүрдек көлігі шекараға тәжірибе ретінде жіберілген болатын. Барлық жағдайы қарастырылған көліктер шекарашылардың ел шебін күзетудегі қызметіне қатысты сынақтан сәтті өткен еді. Осыған орай ҰҚК Шекара қызметінің жоғары басшылығы шекара қызметіндегі дәстүрлі «УАЗ» автокөліктерін заманауи үлгідегі аталған техникамен алмастыруға шешім қабылдапты.
Бұл жайында салтанатты шарада бірінші болып сөз алған ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Дәулет Дүйсенбеков:
– Шекара қызметін кезең-кезеңімен қайта жабдықтау аясында әскери техниканың жаңа үлгілерімен қамтамасыз ету ойластырылуда. Нәтижесінде мемлекеттік шекараны күзету ісімен тікелей айналысатын бөлімшелерге осымен екінші мәрте көп мақсатта қолдануға жарайтын заманауи автокөліктер беріліп отыр. Бүгін 75 автокөлік табысталды. Бұл – өз кезегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимылды жеделдетуге елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді.
Жиын барысында ардагерлер атынан сөз алған шекара қызметінің саңлақ сардары, отставкадағы генерал-майор Марат Мәжитов алаңда тізілген автокөліктердің шекарашылар үшін қаншалықты маңызға ие екенін айта келіп, өзінің қызмет барысындағы естеліктерімен бөлісті.
Осыдан кейін мінберге көтерілген келісімшарт бойынша қызмет ететін қатардағы жауынгер Қуаныш Ергеш: «Жаңа қызметтік автокөліктің кілтін алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл сәт мемлекеттік шекара күзетінде қызмет атқарып жүрген барлық әріптесім үшін де аса маңызды. «JAK Т-6» және «СОБОЛЬ» сияқты жаңа автокөліктер шекарамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында қызметімізді тиімдірек орындауға көмектесетінін түсінеміз. Мен өзіме сеніп тапсырылған темір тұлпарымды күтіп ұстауға уәде беремін», – дей келіп, бөлімшелерді заманауи техникамен жабдықтауға ерекше назар аударып отырған Шекара қызметінің жоғары басшылығына әріптестері атынан алғыс білдірді.
Шара соңында Шекара қызметі директорының орынбасары, полковник Д.Дүйсенбеков «Жылдың ең үздік жүргізушісі» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Сонымен, ҰҚК Шекара қызметі техниканы және қару-жарақты жөндеу басқармасының базасында өткен сайысқа Маңғыстау облысы бойынша департаментіне қарасты Қарақия ауданы бойынша шекара басқармасының атынан қатысқан келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері Қ.Ергеш «Шекара қызметінің 2024 жылғы ең үздік жүргізушісі» атанды.
Шара соңында қонақтар мен қызметкерлер жаңа көліктердің мүмкіндігін сынап көрді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы