Алматыда бүгін қала маңынан жаңа 3 бағыт бойынша қоғамдық көлік жүре бастады. Алдағы уақытта тағы бір бағыт жүре бастайды деп жоспарланып отыр.
Атап айтсақ, 28 қазаннан бастап №237, №257 және №258 маршруттар іске қосылды. Ал 1 қарашадан бастап №239 маршрут жүреді деп жоспарланып отыр.
№237 «Барлық базары – Қаратөбе ауылы» бағытындағы маршрутта үлкен сыйымдылықтағы 5 автобус қызмет көрсетеді. Маршрут жұмысы 5:30-да басталып, 23:05-де аяқталады. Тасымалдаушы – «Қаскелең автобус паркі» ЖШС.
№257 «№7 қалалық аурухана – Еңбекші ауылы» бағытындағы маршрутта да үлкен сыйымдылықтағы 5 автобус қызмет көрсетеді. Алғашқы автобус жолға таңғы сағат 5:30-да шықса, соңғы автобус жұмысын 23:01-де аяқтайды. Тасымалдаушы – «Қаскелең автобус паркі» ЖШС.
№258 «Жетісу базары – Өстемір ауылы» бағытындағы маршрутта 2 автобус қызмет көрсетеді. Маршрут жұмысы сағат 5:40-та басталып, 22:01 аяқталады. Тасымалдаушы – «Самат-Транс» ЖШС.
«Б. Момышұлы метро бекеті – Долан ауылы» бағытындағы №239 маршрутта 18 автобус қызмет көрсетеді. Бағыт бойынша алғашқы автобус жолға сағат 5:30 шығып, соңғы автобус 23:01 жұмысын аяқтайды. Тасымалдаушы – «Neo City Trans» ЖШС.
“Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережесіне сәйкес, бұл маршруттар конкурстар өткізілгенге дейін тасымалдаушыларға берілді және тест режимінде жұмыс істейді. Соның нәтижесінде жолаушылар легі мен халықтың қажеттілігі ескеріліп, қозғалыс схемаларына өзгерістер енгізіледі”, – деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кеткен жөн, былтыр Алматыдан қала маңына жүретін жаңа 10 бағыт ұйымдастырылған. Бұл бағыттар бойынша 50-ге жуық елдімекен тұрғындарының қалаға қатынауы жеңілдей түскен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қала маңына қатынайтын тағы бір жаңа автобус бағыты ашылғанын жазған болатынбыз.