Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Досжан Жүзбаев өңірдегі ауыл шаруашылығы бойынша негізгі көрсеткіштердің орындалуы жөніндегі мәліметтерді ортаға салды.
Басқарма өкілінің таратқан мәліметіне қарағанда, биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 419,5 мың гектарды құраған. Соның ішінде дәнді және масақты дәнді дақылдар – 112,0 мың га, жүгері – 50,4 мың га, күріш – 6,7 мың га, майлы дақылдар – 23,7 мың га, қант қызылшасы – 0,2 мың га, картоп – 10,4 мың га, көкөніс – 15,6 мың га, бақша дақылдары – 1,8 мың га, азықтық дақылдар – 198,4 мың га аумаққа егілген.
Облыс бойынша жалпы сақтау көлемі 128,6 мың тонна болатын 71 жеміс-көкөніс және картоп қоймасы бар болса, соның 39-ы – заманауи,
2-еуі – орташа, 29-ы – қарапайым, біреуі – төмен дәрежедегі қоймалар. Бұған қоса, жалпы ауданы 84,9 га болатын 55 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді. Жылыжай шаруашылықтарын дамыту облыс пен Алматы қаласының тұрғындарын маусымаралық кезеңде жаңа піскен балғын көкөністермен қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыс бойынша 5 454 тонна дизель отыны мақұлданған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1 684,1 тонна дизель отыны жөнелтілді. Облыстағы техниканың жалпы саны 10,7 мың бірлікті құраса, оның 6,6 мың бірлігі, яғни 61,4%-ы 25 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылуда. Белгіленген жоспарға сәйкес, паркті жыл сайынғы жаңарту техниканың жалпы санының 5,5%-ын құрауы тиіс. Соған сәйкес осы жылдың соңына дейін 588 бірлік жаңа техника сатып алу жоспарланып отырса, 9 айдың қорытындысы негізінде 4,2 млрд теңгеге 339 бірлік техника сатып алынған.
Мал шаруашылығындағы ахуалға келсек, биылғы 1 қыркүйекке дейінгі кезеңде ірі қара мал басы – 609,6 мың, ұсақ мал – 2,7 млн, жылқы – 228,9 мың, ал құстар 9,6 млн басты құрап отыр. Мәліметтерге сәйкес, ет өндірісі үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйегінде
190,2 мың тоннаны құрап, 14,6%-ға ұлғайды. Сүт өндірісі болса, 221,8 мың тоннаны құрады. Ал тауық жұмыртқасының өндірісі 386,7 млн данаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті.
Облыста барлығы 270,5 мың га суармалы жер болса, олардың суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Суару желілерінің меншіктік үлесі тұрғысынан алғанда, республикалық меншікте – 0,63 мың, коммуналдық меншікте – 4,13 мың және жеке меншікте 4,64 мың шақырымы бар. Облыстық құрылыс басқармасы 2022 жылы республикалық бюджеттен 3 суару желісін қайта жаңарту жұмысын жүргізуге 1,4 млрд теңге бөлген. Ал 2023 жылы суару желілерін қайта жаңарту жұмысын жалғастыру мақсатында 3,5 млрд теңге қарастырылған болса, биыл республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінді. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 17,9 мың га пайдаланылмайтын суармалы жерлер айналымға қайта енгізілетін болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Белгіленген жұмыс жоспарына сәйкес, облыс бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары 42,6 мың гектарды құрап, бүгінгі таңда 38,0 мың га алаңда су үнемдеу технологиялары енгізілді. Пайдалануға берілген жаңа алаңдар – 17,3 мың га, оның ішінде тамшылатып суару – 6,6 мың га, жаңбырлатып суару 10,8 мың га құрап отыр. Осы технологияларды енгізу АШТӨ-ні қосымша ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қарастырылатын инвестициялық шығындар кезіндегі субсидиялау мөлшерлемесін биылғы жылдың 25 мамырынан бастап 80%-ға дейін ұлғайтуға қол жеткізді. Cонымен қатар сатып алудың қолжетімділігін арттыру үшін облыста тамшылатып суару жабдықтарын өндіру зауыты жұмыс істеуде.
Биылғы жылдың 25 қаңтарында берілген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы негізінде 2024-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалар бойынша Жол картасы әзірленді. Осы жылдың қыркүйек айында жалпы сомасы
329,3 млрд теңгеге 48 жоба кіретін пул өзектендіріліп, жиналды. Соның ішінде 61,1 млрд теңге тұратын 4 жоба 2025 жылға және 500 млн теңгеге бағаланған бір жоба 2026 жылға ауыстырылды.
«Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бойынша 2023 жылы 8,3 млрд теңге бөлініп, 1 090 шағын несие берілді. Осы соманы игеру осы жылдың маусым айында аяқталды. Өсімдік, мал және ауыл шаруашылығы емес бағыттағы бизнес саласына несиелер берілді. Атап айтқанда, 1 транш сәуір айында 2,3 млрд теңге, 2 транш шілде айында 5,9 млрд теңгені құрады.
Республикалық бюджетті оңтайландыруға байланысты Алматы облысы бойынша бюджет қаражаты қайта бөлінді және 14,1 млрд теңгеге жаңа пул қалыптастырылатын болады.
Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Алматы облысы әкімдігі арасында үшжақты шартқа қол қойылды. Бүгінгі таңда сенім білдірілген өкілді анықтау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Бейбіт МЕКЕЕВ