Есік қаласында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Рухты асқақтатар бұл рәсім көптің көңілін көтеріп, жастардың бойындағы ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезімін нығайта түсті.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, мәслихат депутаттары, жергілікті әскери гарнизонның, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, зиялы қауым және аудан тұрғындары қатысты. Бір Тудың астында бірігіп, бір мақсат-мүддеге бірге талпынған этнос өкілдері де мемлекеттік мерекенің мазмұнын арттыруға атсалысты. Татулықты, береке мен бірлікті биік қойған біртұтас ел ретінде осы маңызды күнді бірге атап өтуді мақсат етті. Қолдағы жалауларын желбірете мерекеге жиналған қауым патриоттық әндерді бірге шырқады.
Аудан тұрғындары мен қонақтарын осынау айтулы күнмен құттықтаған Нұржан Кеңесұлы: «Құрметті жерлестер, баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіздікке алғашқы қадам жасалды. Осыдан бергі уақыт ішінде Қазақстан қуатты, тұрақты мемлекетке айналды. Бірлік пен келісім – біздің басты байлығымыз. Қоғамдық келісімді сақтай отырып, біз жетістіктерімізді арттырып, жарқын болашақты қамтамасыз етеміз. Ту көтеру рәсімі – ұлттық рух пен патриотизмнің белгісі. Туымыз әрқашан биікте желбірей берсін!» – деп ізгі тілегін білдірді.
Қазақстан Республикасының Гимні орындалып, Мемлекеттік Ту биікке көтерілді. Халықтың бірлігі мен тұтастығының, ел тәуелсіздігінің белгісі болған байрағымыз көк аспанда бейбіт күннің хабаршысы болып желбірей берсін!
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы