Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар айтысы өтті. Облыстық білім басқармасы мен «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен өткен жыр додасы екі күнге созылды.
Алғашқы күнгі тақырыптық айтыста 20 оқушы, екінші күнгі қайым айтыс бойынша 16 оқушы бақ сынасты. Ақтық кезеңге дейін жас ақындар жеребе арқылы анықталып, бағалау ашық түрде өткізілді. Ақын Талант Арғынғали төрағалық еткен қазылар алқасы суырыпсалмалық қабілетіне, тақырыпты аша білуіне, сахна мәдениеті мен өлең құрылымына назар аударып, сөз шеберлерінің өнерін 10 балдық жүйемен бағалап отырды.
Республика күні мерекесіне тұспа-тұс келген мәдени шара тұрғындарға тамаша тарту болды. Екі күн бойы көрермен залы айтыссүйер жұртшылықтан босамады. Сөз сайысының қорытындысында жүзден жүйріктер анықталып, марапатталды. Салтанатты сәтте облыстық білім басқармасына қарасты «Жас дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Диана Онбырбаева сөз алып:
– Байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен Алатаудың баурайына, жыр алыбының ауылына келген қадамдарыңыз құтты болсын! Киелі Жамбыл жерінде көрсеткен өнерлерің үлкен жолдың бастауы болсын. Сіздердің араларыңыздан халықтың сөзін сөйлейтін нағыз ақын шығатынына сенеміз, – деген Диана Тетенқызы 20 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысының жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды сақтау мен өнерді дамытуда алар орнын атап өтті. Оқушыларды өлең сөзге баптап, осында алып келген ұстаздарға, шараны барынша қолдаған аудан жұртшылығына алғыс білдірді.
Марапаттау салтанатында алдымен тақырыптық айтыс бойынша бағы жанғандардың есімдері құрметпен аталып, жүлделері тапсырылды. Атап айтқанда, Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы жүлде және 30 мың теңгелік қаржылай сыйлыққа Жамбыл облысынан келген талапкер Әсемай Сейдакбарова, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы арнайы жүлде мен 30 мың теңге қаржылай сыйлыққа Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Елсияр Құлахмет ие болды. Үш ІІІ орын және 50 мың теңгеден қаржылай сыйлықтарды Шымкент қаласы №137 мектебінің 8-сынып оқушысы Аятулла Мәжит, Алматы облысынан Сүйінбай атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Диана Асылбекқызы және Астана қаласы А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Айғаным Мақсұтқанова иеленді.
Жүлделі екі ІІ орын және 100 мың теңгеден қаржылай сыйлықтар Алматы қаласы №172 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Айбарыс Сауытқан мен Жетісу облысы М.Жұмабаев атындағы №19 мектебінің 10-сынып оқушысы Жайық Жұмағазыға бұйырды. І орын мен 150 мың теңгені Алматы облысы Т.Бокин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Балнұр Шәріпбай жеңіп алды. Тақырыптық айтыстың Бас жүлдесі мен 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа сонау Маңғыстау облысынан ат арытып келген жас жүйрік, «Daryn School-Lyceum» мектебінің 11-сынып оқушысы Бейбіт Байжігіт лайық деп танылды.
Қайым айтыс бағыты бойынша да алдымен арнайы жүлделер табысталды. Әлімқұл Жамбылов атындағы жүлде мен 30 мың теңгелік қаржылай сыйлық Маңғыстау облысы №3 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Әли Сәрсенге, ал Есдәулет Қандеков атындағы жүлде мен 30 мың теңге Алматы қаласы №108 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Аяжан Құдайбергенге берілді. ІІІ орындар және 50 мың теңгеден қаржылай сыйлықтарды Жетісу облысы Д.Рақышев атындағы облыстық қазақ мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Динара Нұрланханқызы, Алматы қаласы Абай атындағы мектеп-интернатынан келген 11-сынып оқушысы Сырымбет Сезімхан және Павлодар облысы Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Мейіржан Баршинбаев иеленді.
Қайым айтыстың екі ІІ орындары мен 100 мың теңгеден сыйлықтар Алматы облысы Қарғалы №4 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ақнұр Зинулла мен Жамбыл облысы №3 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Інжу Жаңабайға бұйырды. І орын және 150 мың теңге сыйақы Астана қаласы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Абылай Қайратұлына берілді. Қайым айтыста да еліміздің батыс өңірінен келген жас ақынның бағы жанды. Сөйтіп бас жүлде және 200 мың теңге сыйлықты алуға Атырау облысының Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 11-сынып оқушысы Марсель Ерсайынов лайықты деп танылды.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Нұрлан Ертас тағайындаған арнайы жүлде мен 100 мың теңге сыйақы ақтөбелік Арай Нұраділге берілді. Әсімхан Қосбасаров атындағы жүлде мен 30 мың теңгеге павлодарлық Еркеш Қажет ие болды. Ал Алматы қаласының технократ азаматтарының демеушілігімен құны 400 мың теңгелік бағалы сыйлық Алматы облысынан Диана Қанайбекқызына тапсырылды. Сөз сайысына түскен қатысушылардың ешқайсысы жыр жампозы – Жамбыл жерінен құрқол қайтқан жоқ, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен марапатталды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы