Елімізге атом электр стансасын салу керек пе, жоқ па деген сауалдың талқыланып жатқанына біраз жыл болды. Әрине, Украина мен Жапониядағы апаттан кейін көңілге күдік ұялайтыны рас. Дегенмен бұл мәселеге жан-жақты ойланып, пайдасы мен зиянын таразылап, тиімділік тұрғысынан келген дұрыс деп есептеймін.
Ең алдымен атом электр стансасы не үшін қажет дегенге келейікші?! Иә, күн санап дамып келе жақтан Қазақстан болашақта шикізат көзі болудан арылып, өндірісі дамыған мемлекетке айналуы тиіс. Ондай жағдайда электр қуатына деген тәуелділік тіпті арта түседі. Қазірдің өзінде жетіспейтін электр қуатын шет елдерден сатып алып отырған еліміз тағы да өзге мемлекеттерге тәуелді болады. Бұл ең алдымен мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, түрлі сын-қатерлерге төзімділігіне нұқсан келтіретіні анық. Егер біз тұрақты даму жолына түсіп, жер қойнауындағы ел ырысын өзіміз игеруді мақсат тұтатын болсақ, энергетикалық қауіпсіздігімізді арттыру аса маңызды.
Бүгіндері көзі қарақты кез-келген жан әлемде атом қуатына деген сұраныстың жыл санап артып келе жатқанын біледі. Оны жер шарының әр шалғайында салынып жатқан, пайдаланып жүрген атом электр сансаларының санына қарап аңғаруға болады. Бір-екі еуропалық мемлекеттен басқалары арзан әрі тиімді электр санциясының тиімділігін түсінген. Ал, жаңа дамыған технологиялар апаттар мен түрлі техногендік оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік тудырып отыр. Оның үстіне табиғатқа тигізетін экологиялық зардабы аз, ұзақ жылдар бойы өзімізде өндірілетін аса арзан отынмен жұмыс жасайтын және қуатты мұндай станция елімізді энергетикалық тәуелділіктен біржола құтқаратыны – атом электр стансасын салу қажеттігін дәлелдей түседі.
Шындығын айту керек, егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, экономикалық өрлеуге де, көшбасшылыққа да қол жеткізе алмаймыз.
Неге атомдық энергияны алға тартып отыр десеңіздер, ол энергияның баламалы түрлеріне, яғни көміртегі жоқ энергияға жатады. Энергияның бұл санатына күн, жел энергиясы да кіреді. Бұларды басқаша «жасыл энергия» деп те атайды, өйткені зиянды шығарындылары жоқ.
Атом электр станциялары уран таблеткаларымен жұмыс істейді. Көлемі 1 текше сантиметр болмайтын уран отынынан өндірілетін энергия 1 тонна көмірмен немесе 500 текше метр газбен тең. Бұл қоршаған ортаны қара түтінмен ластамауға, әрі үнемдеуге сеп. Қазір әлем бойынша 500-ге тарта АЭС бар. Олар 3-буындағы реакторларды пайдаланады. Ғалымдардың пікірінше, жаңа үлгідегі қазандықтарда жарылу қаупі мүлде жоқ.
Ел экономикасы мен энергетикалық тәуелсіздік мәселесін шешу мақсатында мен атом электр сатанциясын салуды қолдаймын. Ал, ең бастысы – оның дұрыс салынуы және қауіпсіздік мәселесінің оңды шешімін табуы. Осы екі мәселеге баса мән беріп, елімізге атом электр станциясын салсақ, еліміз бұдан да биік дәрежеде өркендеп дамиды, әлемдік аренадан өз орнын алады.
Ерболат Тұрымбетов,
Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы