-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Еңбегімен ер атанған

    12.10.2024
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Еңбегімен ер атанған
    0
    SHARES
    9
    VIEWS

          Ол ешқашан марапатқа, мақтауға, мадақтауға мұқтаж болған емес және соларға қайт­сем де қол жеткіземін деп ұмтылған да жоқ. Зейінділігімен, жігерлілігімен, тиянақтылығымен ел өркендеуіне үнсіз үлес қосты. Қарапайым жұрт оның қажырлы еңбегін жоғары бағалады. Бүгінгі әңгіме саналы өмірін ауылына еңбек етуге арнап, абырой биігіне көтеріле білген Марат ­Шенсізбаев жайында болмақ. Елінің ертеңіне деген бар жанашыр­лығын, ынта-жігерін танытқан жанның бүгінде көзі жоқ болса да, ол тіреу болған шаңырақта өнегелі өмірдің ізі жаңғырады.

    Марат Шенсізбаев 1942 жылы 10 қазанда Кеген ауданы Бөлексаз ауылында дүниеге келген. 1960 жылдары сол кездегі Бөлексаз кеңшарының орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Ал 1963 жылы ­Алматыдағы зоотехникалық институтына оқуға түседі. 1968 жылы Шелек ауданы Масақ кеңшарында мал дәрігері болып еңбек етеді. Марат ағамыздың жары Әлия Сыдығалиеваның сөзінше, 1969 жылы аталған кеңшарда қалың қар жауып, төрт түлік малды қыстан шығару қиынға түседі. Марат Шенсізбаев жас маман ретінде жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп, қой шығынын барынша төмендетуге күш салады. Сол жылы ағамыздың еңбегі еленіп, медальмен марапатталады. Кейін ол кісі 10 жылға жуық Таусүгір қой кеңшарында бас мал дәрігері болып жұмыс істейді. Күш-жігері бойында тасып тұрған, тәжірибе де жинақтап үлгерген ол бұл іске беріле кіріседі. Басты мақсат – қысқа мерзімде мал басын көбейту, мал азығының берік қорын жасау болады. Жалынды жас осы міндеттің барлығын өз деңгейінде өнімді атқара білді.
    – Марат соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл балаларымен бірге ерте есейіп, еңбекке араласты. Мал дәрігері болғаннан кейін де тыным таппай тер төкті. Кеңес заманында «Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізейік!» деген ұран тасталғандықтан, Шопан ата түлігінің қадірі артып, озат шопандар жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болып, атақ-даңқы дүрілдеп тұрды. Сол себепті мал дәрігері де маңызды мамандық саналды. Ол кісі үй бетін көрмей жаз жайлауда, қыс қыстауда шопандардың арасында жүретін. Елеулі еңбегіне елі дән риза болды. Марат кеңшардағы мал санын арттыруға біркісідей үлес қосты. ­Кейін Шелектегі шұжық өндіретін цехті басқарды. Ол қай салада болмасын бар ынтасымен қызмет етті,– дейді зайыбы Әлия Сыдығалиева.
    Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырсақ, бұл ретте кәсіпкерлік саласының алатын орны ерекше. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде Марат ­Шенсізбаев ауылдағы ағайынға бастамашы болып, кәсіпкерлікке ден қояды. Қазіргі ­Еңбекшіқазақ ауданының Асы ауылдық округіне қарасты Асысаға ауылында төрт түлік төлдетіп, қара жерге дән егіп ауылдастарын қызу еңбекке бастайды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанып, 25 гектар аумаққа алма бағын өсіреді.
    Сол бір жасыл бақ Марат ағамыздан қалған мәңгілік ескерткіш іспетті. Алма бақтан биыл да мол өнім алыныпты. Ондағы әр түп ағашты ол кісі өз қолымен егіпті. Бүгін сол ағамыздың көзіндей болып ұлы Асхат алма бақтың арасында әбігер болып жүгіріп жүр. Шындығы сол, еңбек адамды тәрбиелейді. Дана халқымыз қашан да баланың тәрбиесі мен біліміне ерекше мән берген. Әсіресе, еңбек арқылы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, бірлікке, адалдыққа, әділдікке, іскерлікке баулыған. Бұтақтары жерге жеткен алма ағаштары Марат ағамыздың өз ұрпағын еңбек деп аталатын өмірлік құндылыққа барынша бас идіре білгендігін аңғартады.
    – Бала кезімізде шамамыз келгенше үйдің шаруасына араластық. Әкеміз нағыз еңбек адамы еді. Тыным таппай тер төгетін. Сол маңдай терімен жеткен табысын жақындарының қуанышына, игілігіне жұмсайтын. Әкеміздің сол бір асыл қасиетін бойымызға дарытуға құлшындық, – дейді Асхат Маратұлы.
    Марат Шенсізбаев еңбекпен қатар елдік мәселелерге кеңінен араласып, жастарға ақыл-кеңесін бере біліпті. Айтылған жайларды өзі қадағалап, оның орындалуына ұйытқы болған. «Халықтың жоқтай білген мұң-мүддесін, Даңқтың алады екен мың жүлдесін» деп өлең жолдарында айтылғандай, Марат аға халық мүддесін ешқашан көзінен де, көңілінен де тыс қалдырмаған.
    Әлия Сыдығалиеваның айтуынша, Марат ағамыз өнерден де құралақан болмаған. Ол кісі той-думанда баян тартып, ән салуды ұнатқан. Ал баян тартуды бала кезінде үйреніпті. Сол бір балдырған шағында соғыстан оралмаған әкесіне деген сағыныш кеудесінен сырға толы сарын болып ақтарылған шығар? Кім білсін, шығандаған үн оны шыңға жетеледі ме екен? Әлия анамыз ағамыздың ұзақ жыл серігі болған ескі баянды көрсетті де, көзіне ыстық жас алды. Жалынды жастық шақ, сырға толы алаулы жылдардың әуендері мен адамды сан әлемге жетелейтін сарындар осы бір музыкалық аспаптың құяшықтарына қонақтап қалғандай. Ескі баян егесін, мың құбылтып ән әуелететін салалы саусақтарды сағынатын сияқты…
    Марат Шенсізбаев өмірлік қосағы Әлия Сыдығалиевамен бірге 60 жылдан астам бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешті. Жұптары жарасқан аяулы жандар төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларынан немере-шөбере сүйіп, бақытты да бақуатты тірлік кешті. Әулетке бас болып, бар жақындарын қанаттандырғаны тағы бар. Сондықтан да ағайын-туыстың жаны жайсаң ағаға айтар алғысы шексіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, өмірі мен өсу жолдары өзгелерге өнеге болаған Марат Шенсізбаев өткен жылы қазан айында 83 жасқа қараған шағында дүние салды.
    Аяулы аға жөнінде бөлінбейтін, жарылмайтын, жаңылмайтын, талқыға салынбайтын бір-ақ пікір қалыптасқан. Ол – оның адалдығы, тазалығы, тұрақтылығы, қажырлылығы, әділдігі, батылдығы, іскерлігі, талапшылдығы. Бұл – ел-жұртының бағасы. Қай жағынан келсеңіз де, қай өлшеммен алсаңыз да, қай таразымен безбендесеңіз де, ол сөз жоқ өз еліндегі тұғыры биік, туы жоғары азаматтың бірі болды.

    Ерзат АСЫЛ

    Еңбекшіқазақ ауданы

    Ұсынымдар

    Балалар үйінің тәрбиеленушілері облыс әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды

    Балалар үйінің тәрбиеленушілері облыс әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды

    3 months ago
    Ұлттық киім паш етілді

    Ұлттық киім паш етілді

    1 year ago
    Жат ағым – елге қауіп

    Жат ағым – елге қауіп

    8 months ago
    Мультфильм – тәрбие құралы

    Мультфильм – тәрбие құралы

    4 months ago
    Бала Ихсанның ерлігі

    Ерлігіне ел риза

    12 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.