Облыс әкімдігінде алқалы жиын өтті. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев төрағалық еткен отырыста 9 айда атқарылған жұмыстар сараланды. Алғашқы сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевқа берілді.
– 9 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі салада оң динамика сақталып, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,6 пайызды құрады. Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 32,8 пайызға өсті. Бұл –республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Жыл соңына дейін өңдеуші секторда 113,8 млрд теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8,3 млрд теңгеге 1 094 тұрғынға жеңілдетілген несие берілді. Алайда 18 ауылдық округтің тұрғындары бағдарламамен қамтылмаған. Алдағы уақытта сол ауылдық округтердің әкімдері халық арасында түсіндіру жұмысын күшейтеді және бағдарламаға қатысу үшін мүмкіндіктерді пайдаланады деп үміттенеміз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 52 елдімекенді қамтитын 84 жоба жүзеге асырылуда. 1 қазанға дейінгі мәліметке сүйенсек, жылдық жоспардың 60 пайызы игерілген. Биыл ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етуді 67 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 пайызға, жұмыспен қамтылғандар саны 2,3 пайызға ұлғайды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің өндірген өнімі мен көрсеткен қызметтерінің көлемі Балқаш ауданында 29,9, Іле ауданында 17,2, Қонаев қаласында 23 пайызға азайған. Мұның себебіне тоқталсақ, Балқаш ауданында «Тамшыбұлақ» ЖШС жабдық ақаулығына байланысты күріш өндіруді 2 есеге қысқартса, Іле ауданының Жетіген ауылдық округі мен Қонаев қаласының кейбір шағын және орта бизнес субъектілері Алатау қаласының аумағына өткен. Сонымен бірге көтерме сауда көлемі Еңбекшіқазақ ауданында 18,6, Қарасай ауданында 15,8, Қонаев қаласында 47,5, Талғар ауданында 18 пайызға төмендеді. Жылдық инфляция деңгейі 105,5 пайызды құрады. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Газдандыру деңгейі 50,4 пайызды құрайды. Газбен жабдықтауға жататын 284 елдімекеннің 143-і көгілдір отынның игілігін көруде. Биыл 25 жобаны іске асыруға бюджеттен 11,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 12 жоба «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, қайта қалпына келтіруге және жөндеуге 36,8 млрд теңге бөлінді. Жылыту маусымы 15 қазанда басталды. 43 қазандық, 3,5 км жылу желісі, 114 трансформатор, 201,1 км электр желісі жөнделді, – деген Рустам Маратұлы экономиканың нақты секторының дамуын қорытындылай келе, бірқатар аудандар жоспарды орындамайтынына қынжылыс білдірді. Айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде Қарасай, Талғар, Кеген аудандары, ауыл шаруашылығында Ұйғыр ауданынан басқа барлық аудан өсу жоспарын орындамайды. Құрылыста Балқаш, Кеген, Райымбек аудандарында және Қонаев қаласында жылдық көрсеткішке қол жеткізілмейді. Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Қонаев қалаларында инвестиция тарту жөніндегі жылдық жоспарды орындаудың пайызы төмен.
Келесі кезекте мінберге шыққан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуаныш Чункунов қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің көлемі 477,4 млрд теңгені құрағанын жеткізді.
– Өндірілген өнім көлемі мал шаруашылығында 275,9 млрд теңге және өсімдік шаруашылығында 200,8 млрд теңге болды. Бүгінде Ұйғыр, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласында өсімдік шаруашылығы бойынша нақты көлем индексі төмендеген. Былтыр 3,7 мың гектар болған пияздың егістік алқабы биыл 1,6 мың гектарды құрап, 50,6 мың тонна өнім жиналды. Ішкі тұтыну үшін 24,4 мың тонна қажет. Қалған өнімді сатуды жүзеге асыру бойынша «Алтын Орда» базарында тегін орындар беру жоспарлануда және супермаркеттердің ірі сауда желілерінде сатуға алдын ала келісімшарттар жасалады. Облыста дәнді дақылдарды қабылдауға, сақтауға, кептіруге 3 лицензияланған кәсіпорын және астықты кептірумен және өңдеумен айналысатын «Азия Агрофуд» акционерлік қоғамы жұмыс істейді. Сақтау көлемі 128,6 мың тонна болатын 71 жеміс-көкөніс және картоп қоймасы мен ауданы 84,9 гектар болатын 55 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді. Жылыжай шаруашылығын дамыту облыс пен Алматы қаласының тұрғындарын маусымаралық кезеңде жаңа көкөністермен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Ұйғыр, Іле, Талғар, Балқаш, Кеген, Райымбек аудандарында ауыл шаруашылығы техникасының тозу көрсеткіші жоғары екенін атап өткен жөн. Қарасай мен Іледе ірі қараның, Қарасай ауданында жылқы басының, Еңбекшіқазақ, Талғар, Кегенде құс санының азаюы байқалады. Іле ауданында тауық жұмыртқасын өндіру төмендеген. Облыста 270,5 мың гектар суармалы жер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыстың Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Балқаш аудандарында баяулығы байқалады. Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау бойынша биыл 26,5 млрд теңге бөлінді. 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 25,3 млрд теңге субсидия берілді, – деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Одан кейін сөз алған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков осы салада 9 айда атқарылған жұмыс жайын баяндады.
– Облыс аумағында жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың 9 айлық жоспары 97 пайызға орындалды. Жыл басынан сібір жарасына қарсы 3,03 млн, аусылға қарсы 4,7 млн, қой шешегіне қарсы 2,5 млн, пастереллезге қарсы 1,9 млн, ірі қара қарасанына қарсы 395,6 мың, етқоректілердің эхинококкозына қарсы 97,8 мың бас малға вакцинациялау жүргізілді. Бруцеллез ауруына диагностикалық зерттеудің 9 айлық жоспары 98 пайызға орындалды. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының 7 қолайсыз ошағы тіркелді. Қазіргі уақытта барлық ошақта сауықтыру шарасы толық жүргізілді.
Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылдық округіндегі барлық мал мәжбүрлі түрде сібір жарасына қарсы вакцинациялаудан өткізілді. Мал қоралары мен жайылым жерлерге
мәжбүрлі және қорытынды дезинфекциялау жұмысы жүргізілді. Дезинфекцияның сапасын анықтау үшін зерттелген 119 сынама қанағаттанарлық нәтиже көрсетті. Ауылдық округ аумағында белгісіз себептермен өлекселерден диагнозды нақтылау үшін 20 сынама алынды. Мал өлекселері өртеліп, жойылды. Ауылға кіретін жолдарға 2 блокпост қойылып, тәулік бойы ветеринария және полиция қызметкерлерімен кезекшілік жүргізілді. Ветеринариялық инспекция тарапынан карантиндік режим ережелерін сақтамағаны үшін ауылдық округ әкіміне 1 нұсқама, ауыл тұрғындарына 6 ескерту беріліп, ауданның ветеринария бөлімінің басшысына, ветеринариялық пункт меңгерушісіне және 14 ауыл тұрғынына айыппұл салынды. Облыстық ветеринариялық стансаның бөлім басшысына ескерту және Ұйғыр ауданының
10 ветеринар дәрігеріне сөгіс берілді. Ветеринария бөлімінің басшысы мен ветеринариялық пункт меңгерушісі жұмыстан босатылды. Сібір жарасы жерленген жерлердің санитарлық-қорғау аймағы бұзылған ошақтарға мониторинг жүргізіліп, 1000 метрден кем арақашықтықта орналасқан 13 ошақ тіркелген. Балқаш, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында сібір жарасы көмінділерінің санитарлық қорғау аймағындағы жер телімдері жеке қолданысқа берілген. Басқарма тарапынан аудан және қала әкімдеріне сібір жарасы көмінділерінің ошақтарына тікелей жақын жерде құрылыс салу үшін жер учаскелерін бермеу туралы хат жолданып, тапсырма берілген. Алайда Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Ұйғыр аудандарындағы сібір жарасы көміндісінің санитарлық қорғау аймақтарында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер орналасқан. Сонымен қатар Іле, Балқаш, Ұйғыр аудандары мен Алатау қаласындағы 11 көмінді әртүрлі себеппен теңгерімге алынбаған, – деген ветеринария басқармасының басшысы мал сою пункттерін салу бойынша Балқаш, Жамбыл, Іле, Қарасай, аудандарында жұмыс жүргізілмегенін сынға алды. Сонымен қатар мал қорымдарының жеткіліксіздігіне байланысты, қараусыз және қаңғыбас ит, мысықты аулау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғап, алдағы жоспарымен бөлісті.
Жиында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдын Бегімбековтің құрылысы аяқталмаған инфрақұрылымдық жобалар туралы және оған қосымша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетовтің баяндамалары тыңдалды. Сонымен бірге құрылыс басқармасының басшысы Мұғамедғаріп Құрманғалиев құрылысы аяқталмаған әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы жайында есеп берсе, облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов орындаушылық тәртіптің орындалуы жайын баяндады.
Әкімдік отырысын қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев 9 айдағы атқарылған жұмыстарды саралалай келе, барлық көрсеткіш бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенін қаперге салды. Сондай-ақ сөз болған бірқатар кемшілікті жою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
– Биыл Мемлекет басшысы Үкімет алдына экономиканың 6 пайыз өсуін қамтамасыз ету міндетін қойды, оған барлық өңір үлес қосуы тиіс. Сондықтан біз қолда бар резервтерді өңірлік өнімнің үштен бірін құрайтын өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында пайдалана отырып, жыл соңына дейін оң динамиканы сақтап қалуымыз керек. 9 айда 30 млрд теңге бюджет қаражаты игерілмеген, оның 50 пайызы – жергілікті бюджет қаражаты. Білім басқармасында, Талғар,
Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау, Қонаев қалаларында бюджет қаражатын игеру жұмысы әлсіз жүргізілген. Сонымен қатар пайдаланылмайтын 111 коммуналдық, 163 иесіз мүліктің әрқайсысының экономикалық тиімділігін арттыру бойынша арнайы Жол картасын әзірлеп, жұмыс жүргізу тапсырылған. Бірақ бүгінде нақты шаралар қабылданған жоқ. Бұл ретте, облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевқа, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы басқармаларына аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, бюджетті игеру және оның кіріс бөлігін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Өңдеу саласында жыл басынан бері тамақ өнімдері мен сусындар өндірісінде аздап өсім байқалады. Дей тұрғанмен, әлі күнге дейін бірқатар жүйе құраушы кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуі орын алуда. Одан бөлек, экономиканың өсуін қамтамасыз ету жоспары аясында іске қосу көзделген 6 жобаның тек біреуі ғана тапсырылды, – деген облыс басшысы орынбасарлары мен аудан, қала әкімдеріне және тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
А. БАҚТЫБАЙҰЛЫ