Осы айдың 1-інен бастап облыстың бірқатар елдімекендерін Алматы қаласымен байланыстыратын муниципалдық бағыныстағы автобус бағыттары ашылды. Барлық бағыттағы автобустарда жолақысын төлеу «Onay» төлем жүйесіне қосылған және құны 120 теңгені құрайды.
Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қараша айының бірінен бастап қала төңірегіндегі бірнеше ірілі-ұсақты елдімекендерге автобустар қатынай бастайды. Олар Қаскелең қаласы мен Ұзынағаш ауылына дейін барады. Сонымен қатар жаңадан тағы да үш бағыт ашылып отыр. Әкімдік таратып отырған хабарламада: «№245 бағыт Ұзынағаш ауылы мен Алматы қаласын байланыстырмақ. Автобус Төле би-Яссауи аялдамасынан жүреді. Бұл бағытқа сыйымдылығы үлкен 25 автобус бекітілген. Жүру уақыты таңғы 5:45-те басталып, түнгі 23:00-де аяқталады. Тасымалдаушы – «Ecobus service» ЖШС. №254 бағыт Қаскелең – «Сәлем» базарын жалғамақ. Бұл бағытқа сыйымдылығы үлкен 16 көлік бөлінген. Жүру уақыты – 5:50, аяқталуы – 23:00. Тасымалдаушы – «Мадина» ЖШС. №239 бағыт «Б.Момышұлы» метробекеті – Долан ауылына 18 автобуспен қызмет көрсетпек. Жұмыс уақытының басталуы – 5:30, аяқталуы – 23:01. Тасымалдаушы – «Neo City Trans» ЖШС», – делінген.
Аталған бағыттардың барлығындағы жолақысы қаладағыдай 120 теңге деп бекітілген. Өйткені барлық автобус «Onay» электронды билеттендіру жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ Алматы қалалық әкімдігі бұл бағыттардың барлығы да тасымалдаушыларға қызмет көрсетуге арналған байқаулар өткізілгенге дейін берілгені әрі тестілік режимде қызмет атқаратыны хабарланды. Қозғалыс сызбасының қорытындысы бойынша жолаушы ағыны мен халықтың сұранысы ескеріле отырып, өзгерістер енгізілетін болады.
Бейбіт МЕКЕЕВ