Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «ADC TAZA А ‘Lem» ЖШС өкілдерімен кездесті. Жүздесу барысында Іле ауданындағы «Қатты тұрмыстық қалдықтарды қалдықсыз өңдеу техно-экопаркін салу және іске қосу» жобасы аясында салынып жатқан тұрмыстық қалдықтарды өндеу зауытының құрылыс жұмысын саралады.
Аймақ басшысы өз сөзінде қоқыс өңдеу ең өзекті мәселе екенін, сол себепті оған барынша назар аударылатынын жеткізді.
– Жыл сайын Алматы облысының аумағында 430 мың тоннаға жуық қоқыс түзіледі. Бірақ тек 100 мың тоннаға жуығы өңдеуге жіберіледі. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік ашатын қоқыстарды дұрыс сақтау, сұрыптау және қайта өңдеуге басымдылық беру керек. Аймақтың басты проблемаларының бірі болып табылатын жағымсыз иіс шығаратын және айналаны уландыратын табиғи полигондардың саны артып келеді. Қазір өңірде қайталама шикізатты өңдеумен 12 кәсіпорын айналысады. Алайда, олар жеткіліксіз. Осыған орай алдымызда инвестиция тарту, тиісті инфрақұрылымды құру міндеті тұр. Сондықтан «ADC TAZA А ‘Lem» ЖШС-нің ауқымды жобасына қашанда қолдау көрсетеміз, – деді Марат Елеусізұлы.
Биыл шілде айында Іле ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемдегі материалдарды, темірбетон бұйымдарын қайта өңдейтін және қоқыс жағу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт іргетасы қаланған болатын. Жобаға жауапты «ADC TAZA А ‘Lem» ЖШС өкілдері жер телімдерін алу мен басқа да жобалық-сметалық құжаттамаларға байланысты зауыт құрылысы кешеуілдеп жатқанын жеткізді. Ал облыс әкімі бұл кедергілерді тездетіп шешіп, жоба құрылысының қарқынды жүруіне қолұшын беретінін айтты.
Жоба «Жасыл даму» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асады. Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткен болатын. Жобаның жалпы құны шамамен 32,6 млрд теңгені құрайды. «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» сұралған сома – 24,3 млрд теңге.
«ADS Taza A‘LEM» ЖШС директоры Ерлан Дүйсебаевтың айтуынша, бұл өте маңызды жобалардың бірі. Іргетасы қаланатын зауыттың жалпы ауданы – 32 гектар. Онда күнделікті 700 тонна көлемінде қоқыс өңделіп, сағатына 18 МВт электр тоғы шығарылады. Зауыт іске қосылғанда 160-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобаға серіктес ретінде Түркия елінің компаниясы тартылған. Зауыт құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Ерзат АСЫЛ