Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығында тұрғындарды қабылдады. Онда жер қатынастары, ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, мектеп құрылысы мен жол сапасына қатысты сұрақтар көтерілді.
Қабылдаудың басты қағидасы – ашықтық, сол себепті жазылушылар, келушілер өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауап алды, маман кеңесін тыңдады. Қабылдау барысында өңірдің 8 тұрғыны өз сұрағын тікелей жеткізді. Кездесуде жалпы 7 мәселе қаралды. Аймақ басшысы келушілерді тыңдап, олардың сауалдарын мамандар жан-жақты зерттейтінін айтты. Кез келген мәселе заңдылығына қарай шешімін табады. Ол үшін облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына міндеттер жүктеді.
Мәселен, Іле ауданының тұрғыны Боралдай кентіндегі негізгі жолдарды сапалы жөндеуді сұрады. Аймақ басшысы бұл мәселе оң шешім табатынын айтты. Сондай-ақ Жамбыл ауданынан келген азамат кәсібін дамытуға жер телімін сұрады. Аймақ басшысы аудан әкіміне бұл мәселенің мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
– Тұрғындар көтерген мәселелерді уақытылы шешу – біздің басты міндетіміз. Осыған бар күш-жігерімізді саламыз. Әрине, барлық мәселе тек заң шеңберінде шешіледі. Біз ұсыныс-пікірлерді назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, облыс әкімдігі тұрғындардың өтініштерін жүйелі түрде қабылдап, олардың шешімін табуға ерекше назар аударады.
Ермұрат МҰҚЫРБАЙ
Қонаев қаласы