Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі балмұздақ және пакеттегі сүтті өндіретін ең ірі кәсіпорынның бірі саналатын «Шин-Лайн» компаниясы мен Оңтүстік Корея Республикасының «Hyundae hospital» ауруханасының өкілдерін қабылдады.
Басқосу барысында Байсерке ауылында салынатын, пациенттерге ортопедия мен травматология, кардиология мен нейрохирургияға дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсына алатын 200 төсектік көпсалалы аурухана құрылысының жайы сөз болды. Аталған медицина мекемесі «Шин-Лайн» компаниясы мен Оңтүстік Корея Республикасының «Hyundae hospital» бірлескен кәсіпорын форматында жүзеге асырылмақ. Құрылыс бюджеті 72 миллион АҚШ долларына бағалануда.
Марат Елеусізұлы меймандарға Алматы облысы жайлы мол мағлұмат беріп, жаңа аурухананың құрылысы 2027 жылы аяқталып, өңір тұрғындарына жоғары сапалы қызмет көрсетуге қол жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды медициналық орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ «Шин-Лайн» және «Hyundae hospital» сияқты ірі серіктестермен ынтымақтастықтың облыс үшін бірегей мүмкіндіктер ашатынын және уақыт талабына сай аурухана мен жаңа жұмыс орнын құру аймақтың дамуына елеулі үлес қосатынын тілге тиек етті.
«Шин-Лайн» компаниясының басшысы Андрей Шин екіжақты ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асқалы отырған жобаның болашағы жайлы сөз қозғады.
«Hyundae hospital» компаниясының президенті Ким Бу Соп Қазақстан олардың компаниясы үшін стратегиялық маңызды серіктес екенін және бірлескен жобалар халықаралық байланыстарды нығайтатынын айтты. Жаңа медициналық орталықтың екі ел мамандарының тәжірибе алмасу кеңістігіне айналатын маңызды нысан болатынын жеткізді. Өз ауруханаларының Кореядан басқа да елдерде бар екенін алға тартты. Сонымен қатар «Шин-Лайн Хендэ ауруханасы» жобасының таныстырылымы жасалды.
Маңызды кездесу ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қою рәсімімен қорытындыланды. Бұл құжат ұзақ мерзімді өзара ынтымақтастық аясында аурухананы дамытуға ықпал етеді. Мақсаты – әрбір тараптың рөлі мен міндетін нақтылау. Осы меморандум аясында әр тарап үздіксіз процесті қамтамасыз ету үшін тығыз жұмыс істейді. Маңызды шешімдер өзара келісім бойынша қабылданатын болады. Аталмыш жоба жүзеге асса, облысымыздың медицина саласының дамуына айтарлықтай үлес қосылмақ.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ