Қазақстан – экономикалық, саяси тұрғыдағы мүдделер тоқайласқан бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше. Соның аясында саналуан шаруаларға араласып, тіпті қабақ шытысқан, дүрдараз болған мемлекеттерге араағайындық жасауға атсалысып келеді. Сондай ұйымдардың бірі деп BRICS-ті атар едік. Осы тұста «Біздің елдің басшылығы неге бұл ұйымға мүше болып кірмеді?» деген сұрақ туындайды. Оның елімізге қажеттігі қаншалықты маңызды? Жауап күткен мәселелер аз емес.
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстан қазір бұл ұйымның тыныс-тіршілігін сырттай бақылайды. «Қазақстан BRICS-тің даму барысын жіті қадағалап отырады, ұйымның негізін қалаушы көшбасшы мемлекеттердің үстемдіктен азат, әділетті, демократиялық әлем құру үшін бар күшті салайық деген үндеулерін қолдайды», – деді Берік Уәли өзінің мәлімдемесінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айының 22-24 күндері Татарстанның астанасында өткен BRICS саммитіне қатысты. Қазақстан мұнда да өз ұстанымынан айныған жоқ.
Енді еліміздің сыртқы саясаттағы қадамдары мен бізге қатысты өзгелердің ұстаным-көзқарастарына сараптама жасап жүрген отандық «Альтернатива» зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтің саммит қарсаңындағы болжамына назар салайық. «Аталған ұйымның алдағы саммитінде Қазақстан BRICS-ке мүше болуға өтініш бере алады» деген екен. Әрине, еліміздің қандай да бір ұйымға мүше болуға өтініш беру мүмкіндігі мен құқығы туралы сөз еткенде бізге Чеботаревтің сәуегейлігіне жүгінудің қажеті шамалы. Әйтсе де, «Біздің өтініш беру құқығымыз бен ықтимал ниетімізге шешуші державалардың не деуі, қалай қарауы мүмкін» деген тұрғыдан келгенде, сырт көздің сыншылығы артықтық етпесі хақ. Саясаттанушы: «Қатысушы мемлекет ретінде BRICS-тің әл-ауқатын дамытуға Қазақстанның да үлес қосуға дайын екендігі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 24 тамызда Оңтүстік Африка Республикасының астанасы Йоханнесбургте өткен осы ұйымның ХV саммитінде мәлімдеген болатын. Рас, әзірге Қазақстанның BRICS мүшелігіне өтуіне қатысты ресми ақпарат жоқ. Бәлкім, бұл мәселеге қатысты жағдай Қазақстан Президентінің 22-24 қазан күндері Қазан қаласында өтетін BRICS -тің XVI саммитіне барған кезінде айқындалатын шығар», – деген еді. Былтыр тек үлес қосуға дайын екендігін айтқан Президентіміз мүшелікке қабылдау-қабылдамау турасындағы ниетін ұйым мүшелерінің төрткөзі түгел жиналған жерде айтпағанда, қайда айтады?
Дей тұрғанмен, ол ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шілденің 3-і күні Астанаға келген мемлекеттік іссапары кезінде Қазақстанның BRICS-ке қосылуына қолдау білдіргенін, сондықтан Пекиннің қолдауы Астананың таяу арада ұйымға қосылу жөніндегі шешімді қабылдауы үшін байыпты стимул болуы ықтимал екенін еске алып отыр. Сарапшы сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымында Астананың серіктесі болып саналатын Анкара мен Бакудің де осыған ұқсас ниеттері өз ықпалын тигізетінін атап көрсетті. Шартты түрде алғанда Шығыс державаларының еліміздің сөз болып отырған бастамасында қолдау көрсетері соқырға таяқ ұстатқандай белгілі.
Олай болса, Батыс дөкейлерінің көзқарас-ұстанымы қандай болуы мүмкін? Салаға маманданған Чеботарев мына жағдайға назар аударуды ескертеді. Қазақстанның BRICS-ке қосылу ықтималдығына АҚШ, Ұлыбритания және Еуропа одағы жақтырғаны былай тұрсын, қырын қарайтыны даусыз. Алайда республикамыз ҰҚШҰ, ЕАЭО және ШЫҰ сияқты ұйымдарға мүше болғандықтан, олар бізбен санасуға мәжбүр. Оның үстіне Батыс елдері Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы қағида ұстанатынын ескере отырып, біздің елімізбен конструктивті қарым-қатынасты сақтауға мүдделі, сол себептен олардың тарапынан қандай да бір нақтылы қатаң реакция күтудің қажеті жоқ.
Бұл сөзімізге дәлел ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуі барысында Лавров мырзаның Ресейдің стратегиялық әріптесі және одақтасы ретінде Қазақстанды осы саммитке шақырғанын айтсақ та болады. Десек те, кеңейтілген BRICS-ке мүше болған 10 елдің 16-басқосуына осы форматтың толық мүшесі болуға дайын екендігін бұдан бұрын мәлім еткен республикамыз да белсенді түрде қатысты. Тұтастай алғанда, әлем елдері BRICS-ті теңқұқылылық негізде диалог пен ынтымақтастық құратын алаң ретінде қабылдайтыны да сөзімізге бір дәлел. Осы тұста атап көрсетерлік жайт – Батыстың санкциялары Ресей экономикасына кері әсерін тигізіп отырғанымен, осы ұйымның арқасында оны толығымен оқшаулай алмағандығы. Құрлықтың 30 пайызын жайлап, әлем халқының 45 пайызының басын біріктіріп, әлем бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемінің 40 пайызын, әлемдік тауар экспортының 25-ке жуық пайызын қамтамасыз етіп отырған бір кездегі Бестік, бүгінгі таңдағы Ондық елдерінің белді мүшесі Ресеймен санаспау мүмкін еместігі айқын. Мұндай ұйымға мүше болмай-ақ, жай ғана экономикалық және сауда-инвестициялық мүдде тұрғысынан атсалысып отырудың өзі еліміздің әлемдік аренадағы орны мен ықпалына әжептәуір бедел қосары даусыз. Мұның сыртында Астана экспортты диверсификациялауға, озық технологияларды иемдену мен көлік-логистикалық бастамаларын ілгерілетуге де мүдделі.
Осы ұйым және онымен әріптес елдер қарым-қатынастары төңірегінде сөз қозғап жүрген сарапшылардың пікіріне қарасақ, 2028 жылға қарай BRICS-ке мүше елдердің жалпы ішкі өнімінің көлемі әлемдік тұрғыдан келгенде 37 пайызға жетсе, G7 аталып жүрген «Жетіліктің» табысы 27 пайызға құлдырамақ. Өткен жылдың өзінде BRICS елдерінің Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы үлес салмағы 42,5 пайызды құрады. Ал осы ұйымға мүше Қытай мен Ресей – географиялық жағынан алғанда, еліміздің ең жақын саяси және сауда-экономикалық әріптестері. Сонымен қатар Қазақстан Үндістанмен стратегиялық байланыс орнатса, ОАР және Бразилиямен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытып отыр.
Аталған жағдайды қорытындылайтын болсақ, BRICS-тің дамушы елдердің дауыстары басымдыққа ие болатын анағұрлым көпполярлы әлем қалыптастыруға мүмкіндік туғызатыны айқын көрінеді. Олар сыртқы саясаттың неғұрлым тәуелсіз болуын қолдап, халықаралық қарым-қатынастарға батысшыл тұрғыдан келуге балама жол ұсынбақшы, яғни ұйым жаһандық мәселелерді шешуге анағұрлым жан-жақты тұрғыдан келуді мақұлдап отыр. BRICS-тің биылғы басқосуының қорытындысы негізінде ұйымға мүше елдер декларация қабылдады.
Ресейдің «Аргументы и факты» басылымына берген сұхбатында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның BRICS жөніндегі ұстанымына қатысты түсініктеме берді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан бұдан өзге ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ және Түркияның бастамасымен құрылып, байланыстарын нығайтып қана қоймай, еңсе тіктеп келе жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының белсенді мүшесі болып саналады. Олар біздің ортаазиялық одақтастарымыз бен стратегиялық әріптестерімізге үлкен назар аударып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде Астананың ұстанымы Қазақстанға да, Орта Азия елдеріне де әмбебап құрылым болып саналатын БҰҰ-мен белсенді қарым-қатынас орнатуға еш бөгет бола алмайды. Сонымен қатар, түптеп келгенде, өздерінің оңтүстіктегі, ҰҚШҰ, ЕАЭО бойынша одақтастары, бәрінен бұрын, BRICS-пен жақындасудан өздеріне тікелей пайда көретіндіктен, мүшелікке өтуді міндетті санамай-ақ, нақтылы жобаларды жүзеге асыруға атсалысқанды қолай көріп отырғандықтары сөзсіз. Ал мұның Ресейдің өзінің мүддесіне қайшы келер тұсы жоқ екенін атап көрсетті. Әрі бұдан біраз уақыт бұрын Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков та Мәскеудің Қазақстанның аталған ұйымға қатысты ұстанымына құрметпен қарайтынын хабарлаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, БРИКС (BRICS) – тоғыз мемлекеттің бірлестігі: Бразилия, Қытай, Ресей, Үндістан, БАӘ, Иран, Египет, Оңтүстік Африка Республикасы және Эфиопия. Ұйым мүшелері Батыс елдерінің Халықаралық валюта қоры және Бүкіләлемдік банк сияқты халықаралық ұйымдарда басымдыққа ие, сондықтан дамушы экономикалардың да дауысы естілетіндей теңқұқылы күш қажет деген идея төңірегіне топтасты. Соған орай 2014 жылы инфрақұрылымдық жобаларға несие ұсынатын Жаңа даму банкін құрды. Ұйым елдерінің бірлескен экономикасы 28,5 триллион доллар деп бағалануда, басқаша айтқанда, әлемдік экономиканың 28 пайызын құрап отыр. Ал егер ұйымға Сауд Арабиясы қосылса, онда BRICS әлемдік мұнайдың 44 пайызын өндіретін орасан күшке айналмақ.
Ұйым 2006 жылы құрылды.
Бейбіт МЕКЕЕВ