Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылының құрылғанына 70 жыл толуына орай ұлан-асыр той болды. Орталық көшеге жиналған халықтың қарасы қалың. Өйткені тұрғындардан бөлек, ауылдан түлеп ұшқандар туған жерге жан-жақтан сағына келіп, бір-бірімен шұрқыраса кездесіп жатты.
Ең бастысы – ауылдың мерейтойында үлгі-өнеге боларлық игілікті істердің атқарылғаны. Ортақ қуанышқа мәтібұлақтықтар біркісідей атсалысып, береке-бірлігі мен ынтымақты тірлігін таныта білді. Елдімекен орталығында ардагерлер саябағы салынды. Бұл – осында еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан көрнекті тұлғаларын ұрпақтар есінде мәңгі қалдыру мақсатындағы жарқын іс.
Саябақтың салтанатты ашылуына жиналғандар назарына алдымен ауыл тарихынан сыр шертіліп, елдімекеннің өсіп-өркендеуіне еселі еңбегімен үлес қосқан азаматтар құрметпен еске алынды. Әр салада жоғары жетістіктерге жеткен түлектер де мақтанышпен аталды. Саябақ төрінде ауыл ардақтыларының есімдері тасқа қашап жазылған ескерткіш-тақтаның лентасы қиылып, ауыл ақсақалы Ержігіт Жақыпбаев көпшілікке бата берді. Аудан әкімі Нұрлан Ертас құттықтау сөзін арнады:
– Туған жер – әркімнің де жүрегінің төрінен орын алатын қастерлі мекен. Ол – адами қарым-қатынас пен береке-бірліктің тағылымды ордасы, ұлттық тәлім-тәрбиенің басты бұлағы. Бүгін біз тарихи күнде бас қосып отырмыз. Бұл той – бірліктің тойы. Мәтібұлақ ауылының мерейлі 70 жылдығына байланысты игілікті істің атқарылғаны қуантады. Ауыл – қазақтың жүрегі, елдіктің тамыры, ұлттық рухтың мәңгілік бесігі. Мәтібұлақ – жері шұрайлы, төрт түлік малға аса қолайлы берекелі өңір. Есімі кең даланың төрт қиырына танылған Байторыұлы Кебекбай шешен, әсем әуенімен қазақ даласын тербеткен көрнекті композитор, әнші Кенен Әзірбаев сынды ардақтылардың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Табиғаты қандай ғажап болса, осыннан түлеп ұшып, туған жеріне, Отанына қызмет етіп жүрген азаматтары да соған сай. Туған жердің әр түлегі қайда, қандай қызметте жүрсе де алтын бесігін бір сәтке естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені адамзат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жер топырағынан дариды, – деді.
Расымен, осы ауылдан шыққан азаматтар арасында елге танылғандар аз емес. Қой шаруашылығын дамытқан Еңбек ерлері Жолдасбек Сәдуақасов пен Дәдеш Әмірқұлов, генерал-майор Қуаныш Қисықов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Тоқтархан Айдарбаева, жас ғалым Әсет Қайдарбай, Ерлан Ақапов, Алмабек Айдауов сияқты перзенттерін ауылдастары мақтан тұтады. Мәтібұлақтан батыр да, ақын да, ғалым да шыққан. Бүгінде ұландары спорттың биігін бағындырып, әлемдік додалардан көрінді.
Аудан басшысы 70 жылдық белес өткен тарихымыздың, мәдениетіміз бен дәстүріміздің сақталуы мен дамуын айғақтайтынын атап өтті. Бұл той өткенді еске алу ғана емес, сонымен бірге болашаққа нық қадам жасау екенін, биыл ауылда маңызды өзгерістер болып жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, осындағы 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Бұл – балалардың мәдени-шығармашылық дамуына жасалған үлкен мүмкіндік. Денсаулық сақтау сапасын арттыру мақсатында фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Осылайша ауыл гүлдене бермек. Жер шалғайлығына қарамастан табиғи газ құбырын жеткізу мәселесі шешілгелі жатыр. Сәтін салса, Таңбалытас, Шилібастау ауылдарымен бірге Мәтібұлаққа да көгілдір отын келмекші. Бұл да тұрғындар тұрмысын жақсартып, ауыл әлеуетін арттыруға септігін тигізері анық. Жол жөндеу келесі жылдың жоспарында тұр. Басқа да жоба-жоспарлар жоқ емес.
Аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы Мәтібұлақ ауылының дамуына үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін Кемелбай Рахметовке ауданның Құрметті азаматы атағын тапсырып, бірқатар тұрғынды Құрмет грамоталармен, Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты шарада асылдың тұяғы Бақытжан Кененұлы, кезінде осындағы шаруашылықта қызмет істеген еңбек ардагері Анарбек Нұрланғазиев ел мен жердің қасиетінен сыр тарқатып, келешек ұрпақ үшін атқарылатын шаралардың маңызына тоқталды. Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Темірхан Мүкеевтің жанынан табылып, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген Мұрат Сәпиев, Қайрат Қыздарбеков, Ерік Еркінбайұлы, Әмірғазы Базарқұлов, Мейірбек Сыбанқұлов сияқты азаматтарға көпшілік алғыс айтты.
Мәтібұлақтықтар той тойлап қана қоймай, жас ұрпақ үшін игілікті іс атқарумен қатар қайырымдылықты да тасада қалдырмады. Ауызбіршіліктің арқасында араларындағы мұқтаж жандарға демеу болып, қолдап жіберуді жөн санапты. Салтанатты сәтті пайдаланып, ауыл тұрғындары атынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасын қуантты. Алты баланың анасы Әсел Мақсұтоваға үйдің кілті тапсырылды. Сондай-ақ іскер азаматтар ауыл мектебіне жолаушы тасымалдайтын «ГАЗель» автокөлігін сыйлады.
Мерекелік шара Мәдениет үйінің алдындағы алаңда мерейтойға арналған гала-концертпен жалғасты. Елге танымал өнер жұлдыздары мен эстрада шеберлері шалғайдағы ауылды ән мен жырға бөледі. Арнайы тігілген киіз үйлерде ас таратылғаннан кейін, түс қайта ауыл сыртында бәйге ұйымдастырылды. Құнан жарыс пен аламанға тігілген жүлде қоры қомақты. Құнаннан бірінші келгенге кілем жабылған түйе берілсе, аламанның алды «Лада Гранта» автокөлігі, одан кейінгілері жылқы, мотоцикл, тай, тана және ақшалай сыйлықтар алды. Құнан жарысынан да, аламаннан да бірінші болып Дегерес ауылынан Талғат Атамқұловтың қос жүйрігі келді. 47 тұлпар 30 шақырымға тізгін босатқан аламанда екінші орынды Отар ауылынан Серікхан Тілегеннің аты жеңіп алды. Жарыс жолында көсілген 22 құнанның ішінен Байбатыровтар әулетінің аты екінші орынды ұтты. Сөреден үшінші болып Шиен ауылынан Ернар Шортанбаевтың «Нұртөбел» атты сәйгүлігі өтіп, мотоцикл иеленді.
Осылайша бір ғана ауыл тойының аясында мәдени, спорттық, қайырымдылық шаралар іске асырылды. Қазір Мәтібұлақтың 2 мыңға жуық тұрғыны бар, округ орталығы – осында. Ауылдық округтің құрамына 8 ауыл кіреді. Олар: Мәтібұлақ, Таңбалытас, Еспе, Шилібастау, Жайлау, Жартас, Қызылтаң, Қарабастау елдімекендері. Осы 8 ауылдағы жалпы халық саны 4 мыңнан асады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Мәтібұлақ ауылы, Жамбыл ауданы