Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округі – мал бағып, егін егіп, атакәсіпті жалғастырып, облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған берекелі мекен.
Ауылдық округ әкімі Мақсат Жазиевтің мәліметінше, биыл егістік алқабы 8050,4 гектарды құрап отыр. Егін шаруашылығымен 94 шаруа қожалығы, 6 АКК, 1 ӨК, 14 ЖШС айналысады. 14 шаруа қожалығы су үнемдеу техникасын қолданады. Шеңгелді алқабында 709 гектар жер тамшылатып, 117 гектар жер жаңбырлатып суарылады. Күзгі дала жұмыстарына 119,0 тонна дизель отынына өтінім берілген. 1879,79 га арпа, 2146 га жоңышқа, 101 га бидай, 678,8 га дәнге арналған жүгері, 1408 га сүрлемге арналған жүгері, 227 га қант қызылшасы, 407 га бақша дақылдары, 75,5 га картоп, 606 га соя, 511 га пияз егілген. Бүгінгі күнге дейін 1750 тонна картоп, 3500 тонна сүрлемге арналған жүгері, 1408 тонна арпа жиналған. Пияздың отаны саналатын Шеңгелді алабында өзге де көкөністер мен дақылдар өсіріле бастағаны байқалады.
Пияз демекші, тамыздың 15-інен басталған пияз жинау науқаны әлі жалғасуда. Әкім келтірген дерекке сүйенсек, былтыр 1500 гектарға жуық болған пияз көлемі биыл үш есеге дейін азайып кеткен. Былтырғы егін жинау науқанынан кейін өңір диқандарының пияз сатуда қиындықтар туындағаны белгілі. Шаруалар өнімін өткізе алмағандықтан оны қоймада, қоймасы жоқтары есігінің алдындағы күнқағарларда сақтаған. Биыл көктемде олар қыстай сата алмаған тонна-тонна пияздарын шіріп кеткендіктен далаға тастауға мәжбүр болған. Осылайша, нәпақа тапқысы келген шаруалардың есіл еңбегі зая кетіп, шығынға батқан.
Қаңтар айында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Шеңгелдіде пиязды сатуда туындаған мәселені шешудің үш нұсқасын ұсынған. Біріншісі – көкөністің осы көлемін сатып алу туралы шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізу. Екінші нұсқа – «Алтын орда» базарында сатылатын тегін алаң ұйымдастыру. Үшінші – басқа өңірлердің кәсіпкерлерін пияз сатып алуға қызықтыру. Екінші мәселе бойынша облыс пен қала әкімдігі тарапынан шеңгелділіктер үшін «Алтын орда» базарынан пияз сатуға арналған тегін орын ұйымдастырылған болатын. Алайда шаруалардың көпшілігі ол жерге барып, өнімін саудаламаған. Бұл жөнінде жыл басында өткен облыс әкімдігінің алқа мәжілісінде аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласы әкімдігінің «Алтын орда» базарындағы аталған орында шеңгелділік диқандар өнімінің сатылуына мүмкіндік жасамай отырғанын сынға алған болатын. Шаруалар пиязды «Алтын орда» базарындағы арнайы орынға апарудың тиімсіз екенін айтады. Ол үшін жүк көлігін жалдау керек. Көтерме бағамен сататындардың бұрыннан алып жүрген өз адамдары бар. Бұлардың тұтынушылары болмаған соң бір көлік пияз бір күнде өтпей, бірнеше күн тұрып қалады. Одан да ауыл іргесіндегі «Алматы – Өскемен» автокөлік жолының бойында саудалағанды жөн санайды.
Күзгі жиын-терін науқаны кезінде Шеңгелді өңіріндегі егістік алқабын аралап, пияз өсіруші диқандардың бірқатарына жолығып, аталған жайттың жай-жапсарын анықтауға тырысқан едік.
«Арыстан» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Баталов 30 гектар аумаққа келісі 150 мың теңге тұратын «Манас» деп аталатын пияз сортын сепкен екен. Шаруа қожалығының басшысы жаз айында егістіктің зиянкес жәндіктерден зардап шеккенін, соның салдарынан биыл өнімді аз жинап отырғанын тілге тиек етті. Ол былтыр Моңғолия мен Ауғанстанға өнімін саудалаған. Жарамсыз болып тастаған пияз көлемі де басқа шаруашылықтардан аз болыпты. Әлібек Аманғалиұлы теміржол тұйығы қажет екенін, Қонаев қаласына барып вагонға тиеу үшін көлік жалдау керегін, оның қаражат пен уақытты шығындайтынын алға тартты.
Келесі кезекте «Нұр агро» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасына аялдадық. 13 мың тоннаға лайықталған қойма күзетінің басшысы Бейбітжан Жаманқұлов пияз сатып алушылар ЖШС-ның кеңсесіне барып, келісімшартқа отыратынын жеткізді. Айтуынша, бұрын пияз негізінен Ресейге тасымалданатын. Биыл қыста көршілес ел Қазақстаннан пияз экспорттауға тыйым салғаннан кейін, өзге де шеңгелділік шаруашылықтар секілді бұл серіктестік те өнімін өткізе алмай қалған. Аталған шаруашылықта пияздан басқа алма, қызылша өсіріледі. Былтыр гүлдеп тұрған кезінде ауа райының күрт суытуынан үсіп кеткен алма ағаштар биыл өнім бермепті. Қойма ғимаратының бөлмелерін көкөніс сақтау үшін басқа да
шаруашылықтарға жалға береді. Көктемде серіктестіктің және қойма бөлмелерін жалға қойған шаруалардың пияздары шіріп кеткен. Жарамсыз өнімдер экология мамандарының қадағалауымен арнайы шұңқырға көмілген. Сондықтан биыл пияз егу көлемін азайтуына тура келген.
Біз осы шаруашылықтың егістік алқабына барған кезде диқандар пияздың «Калоба Ф1» сортын жинап жатыр екен. Бір ерекшелігі, мұнда пияздың жұлынуы, арықтың бойына жиналуы, жүк көлігіне тиелу жұмыстары техниканың күшімен атқарылады. Піскен өнімді жинаған комбайн бірден көлікке тиеп, қоймаға жөнелтуде. Пияз қойма бөлмелеріне төгіліп, содан соң қаптарға салынады. Аталған шаруашылықта 2010 жылдан бері тамшылатып суару әдісі қолданылып келеді. Бұл әдіс суды үнемдеуге және өнімді мол алуға септігін тигізеді. Сондай-ақ «Нұр агро» ЖШС қайырымдылық шараларына да атсалысып тұрады. Биыл еліміздің батыс облыстары су тасқынынан зардап шеккен кезде көмек ретінде 200 мың тонна пияз жіберіпті.
Бұдан кейін Ақөзек ауылының маңайындағы алқапқа пияз бен жоңышқа еккен «Тайшыбаев» шаруа қожалығына атбасын бұрып, басшысы Еркін Қабидоллаұлымен дидарластық. 10 гектар жерге «Банко 1 Ф» деген пияз сортын отырғызған. Ол биыл зиянкес жәндіктердің көп болғанын, соның салдарынан егістіктің біраз бөлігі зардап шеккенін айтты. Оның сөзінше, өзімен көршілес пияз еккен кейбір диқандар зиянкестердің әлек салуынан егістік алқабын тастап кетуге мәжбүр болыпты. Зиянкестердің әуресіне су тапшылығы қосылып, бірсыпыра аумақтағы пиязы пісіп үлгермей қалған. Шаруа қожалығының иесі өнімді делдалдардың арзан бағамен алатынына көңілі толмайтынын білдірді. Осыдан оншақты жыл бұрын пияздың көтерме бағасы 45-50 теңге болған. Еркін бүгінгі күнге дейін сол бағаның өспей, екі ортада делдалдардың пайдаға кенеліп отырғанына қынжылыс білдірді.
Өзіміз жолыққан диқандар мен тұрғындардың барлығы пиязға сұраныстың болмау себебін Ресейдегі саяси жағдаймен байланыстырды. Бұрын Ресей ғана емес, оның аумағы арқылы Еуропа мен Балтық жағалауы елдері де Шеңгелдінің пиязын тұтынған. Былтырдан бері ол мемлекеттерге пияз тасымалданбайтын болған. Санкция салдарынан өнімін батыс елдеріне шығара алмаған Ресей мемлекеті ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, көкөніс пен дәнді дақылдарды Қазақстан мен Орта Азияға арзан бағамен саудалағаны белгілі.
Шеңгелділік шаруалардың өнімін сатып алушылардың азайып кетуінің тағы бір себебі – Жамбыл облысы диқандарының пиязды көптеп өсіруі болып отыр. Өңір тұрғындарының айтуынша, Жамбыл облысында пияздың бағасы төмен және оны өсіруге кететін шығын аз көрінеді. Жұмыс күші де арзан. Көпшілігі су үнемдеу технологиясын қолданады. Бірақ Шеңгелді алқабында өскен пияз сапасының жоғары екеніне ешкім талас тудыра қоймас. Оны биыл қыста облысқа жұмыс сапарымен келген сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те растаған. Әкімдікте өткен келелі жиында министр Алматы облысында өсетін пияз сапасының жоғары екенін айтып, Жамбыл облысының пияз өсіру бойынша мол өнім жинап отырғанын атап өтті. Сонымен бірге облыс басшысы мен сала мамандарын пияз егумен айналысуға ниетті жандардың Жамбыл облысының диқандарымен тәжірибе алмасуына ықпал жасауға шақырған еді.
Өңір тұрғындары және шаруашылық басшылары суаруға пайдаланатын судың қымбаттығын тілге тиек етті. Сондай-ақ тозығы жеткен сусорғы стансасының жұмысы көңіл көншітпейді. Ауылдық округ әкімі Мақсат Жазиев бұл мәселенің жуық арада шешілетінін айтты. Ол №5 сорғы стансасының суару жүйесін қайта жаңарту жұмысы жүргізіліп жатқанын, кешенді даму жоспары шеңберінде «Шеңгелді алабының суару желілері мен №1,3,4,6 сорғы стансаларын қайта жаңарту» жобасы әзірленуде екенін жеткізді.
Шаруалардың былтыр жинаған пияздарын шірітіп алуына өздерін кінәлайтындар да бар. Олар бағаның көтерілуінен үмітті болып, арзанға сатқысы келмей, қоймаға сақтап қойған. Әрине, диқан қауымын да түсінуге болады. Ала жаздай маңдай терін төгіп өсірген пияздарын қымбатырақ сатып, пайдасын көргісі келгені үшін «пендешілікке салынды» деп жазғыруға болмас. Бес теңге артық пайда тапқанды кім жек көрсін? Алайда «Үйдегі нарықты базардағы баға бұзады» дегендей, шаруалардың ойлағаны орындалмай қалды. «Сауда сақал сипағанша» деген. Ол – бірде олай, бірде бұлай болып тұратын құбылыс. Оған әкімді де, диқанды да айыптаған жөн болмас.
«Сүтке аузы күйген айранды үрлеп ішеді» демекші, биыл пияз көлемін қысқартқан диқандарды тағы бір сынақ күтіп тұр. Ол – зиянкес жәндіктер. Көптеген шаруашылық зиянкестердің шабуылынан зардап шегіп, пияз алқабын тастап кеткен. Бұл да жығылғанға жұдырық болуда. Тағы бір қиындық – жұмыс күшінің жетіспеуі. Бұрынғы жылдардағыдай маусымдық жұмысшылар көп емес. Айтуларынша, ауыл тұрғындарының бірқатары облыс орталығында ашылған кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа кіріп алған. Сондықтан шаруашылықтар егін жинау науқанында Әли ауылынан жұмысқа адам әкелуге мәжбүр болуда. Сондай-ақ «Алтын орда» базарынан ұйымдастырылған тегін алаң да диқандар мәселесінің түйінін тарқата алмаған. Оның теңізге тамған тамшыдай ғана әсері болған. Диқан қауымның тілегі көрші Ресейдегі саяси жағдайдың реттеліп, Украина арасындағы әскери қақтығыстың жуықта аяқталуы болып отыр. Сонда ғана Еуропа және Балтық жағалауы елдеріне өнімдерін еркін экспорттай алмақ.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ең алдымен суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек», – деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің облыста да бірқатар шаралар қолға алынуда. Биыл облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев та аймақта тамшылатып суару жүйесінің кенжелеп қалғанын, әсіресе мұндай технология Шеңгелді аумағына да керек екенін айтқан. Сондықтан шеңгелділік диқандар да су үнемдеу технологиясына көшкені жөн. Сол арқылы суды ғана емес, қаражатты да үнемдей алады.
«Әр қиындықтың артында жақсылығы болады» дегендей, пиязымен танымал болған Шеңгелді өңірі диқандарының еңбегі ақталып, пайдаға кенелетін күні туар. Шаруалардың төккен тері ақталып, жұмысының нәтижесін көретін күні алыс емес деп ойлаймыз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Шеңгелді ауылы