Облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар мен «Огни алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина Балқаш ауданына арнайы келіп, аудан әкімінің орынбасары Марлан Жолдахметтің қатысуымен баспасөзге жазылуға байланысты жиын өткізді. Мәжіліс залындағы кездесуге ауылдық округ әкімдері, аудандық мекеме, ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар облыстық газеттің шығу тарихына тоқталып, қазіргі таңда ақпарат ағымында әлеуметтік желілердің төрден орын алғанын және олардың ақпарат көзіне айналып үлгергенін, қоғамда болып жатқан оқиғаларды жұрт ғаламтор арқылы оқып-біліп алғандықтан, газетке жазылушылардың саны төмендеп кеткенін айтты.
«Көпшіліктің газет оқымайтындығына интернетті кінәлай беруге тағы болмайды. Ғаламтор оқырмандардың азаюына алып келетін болса, шетелдік газеттер баяғыда-ақ жабылып қалар еді. Жапония, АҚШ сияқты техникасы мен технологиясы қарыштап дамыған елдерде қағаз басылымдар әлі күнге дейін миллиондаған данамен таралады. Бұл нені білдіреді? Бұл ақпарат айдынында газеттің алатын орны айрықша екенін айғақтайды. Балқаш ауданының тұрғындары да облыстық газетке құрметпен қарайтынын жақсы білеміз. Оқырмандарымыздың басым бөлігі осы өңірден. Келесі жылы бұдан да еселене түсетініне сенімдіміз», – дей келе Қуаныш Тұнғатар аудан тұрғындарын баспасөзге жазылуға шақырды.
Келесі кезекте сөйлеген «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Дайранқызы басылымның бүгінгі таралымы жайында хабардар етіп, баспасөзге Балқаш ауданының тұрғындары үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Бақ дарыған өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен тың жаңалықтарды қос газет облыс тұрғындарына уақытылы жариялап тұратынын тілге тиек етті. Жиын соңында қатысушылар республикалық, облыстық, аудандық газеттерге қолдау көрсетуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсақ, газет – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан, тарихы тереңде жатқан бұқаралық ақпарат құралы. Мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытуда баспасөздің үлесі мол. Сондықтан газетке қолдау көрсету – бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі.
Бақтығали Дәуітбаев
Балқаш ауданы