Қазір елімізде 12 мыңға жуық омарташы бар. Оның 90 пайызы жеке отбасылық шаруашылық. Бұл өте аз. Олардың санын көбейтсек, экспортты да еселеп арттыруға болады. Жалпы, ара өсіретін шаруашылықтардың 70 пайызы шығыста шоғырланса, оңтүстік аймақ, Жамбыл, Алматы облыстарында енді дамып келеді.
Омарташылық – оңай кәсіп емес. Бір жәшікте сегіз мыңдай ара болады. Ал маусым уақытында олардың саны 25 мыңға жетеді екен. Бір маусымда бір жәшіктен 120–150 кг аралығында бал алынады.
Ара – бал жинайтын қанатты жәндік. Оның 21 мың түрі бар. Балы жер бетінде ең ұзақ сақталатын өнім. Оны шамамен үш мың жылға дейін сақтап, пайдалануға болады. Балдың бір ерекшелігі – мыңдаған ауруға ем. Бұл медициналық тұрғыдан дәлелденген. Медицина атасы Ибн Сина: «Жастығыңды сақтағың келсе, жиі бал жеп тұр» деген екен. Осыдан–ақ, балдың қандай пайдалы екенін түсінуге болады. Балдың құрамында түрлі дәрумендер, сондай–ақ 22 түрлі амин қышқылы кездеседі. Жас баланың сүйегін қатайтуға жақсы әсер етеді және қатерлі ісікке де таптырмас ем.
Екінің бірі айналыса бермейтін, кәсіптің түрі – омарташылық. Осыған орай, Тасашы ауылында ара бағып, бал алып, одан балсабын жасап, кәсібінен нәсіп тауып отырған Игілік Әбдірәсілді арнайы іздеп бардық. Жас орташыдан омарташылықтың біз біле бермейтін сырлары, аралардың жай-күйі, бал өнімі мен балсабыны туралы білмек болдық. Біз ауласына бас сұққанда, Игілік омартада аралармен жұмыс істеу барысында екен. Оны әңгімеге тартымызда бұл кәсіпке деген қызығушылығы қай кезден басталғаны және қазіргі қол жеткізген жетістігі жайында ақтарыла әңгімелей жөнелді.
- Омарташылықпен 2018 жылдан бері айналысып келемін. Бастапқы жылы бес жәшік алып, ақырындап қызығушылықпен үйрендім, қазір 50 жәшікке жеткіздім. Мынау – ең соңғы күзгі сүзілетін тау жалбызының балы. Емдік қасиеті өте жоғары. Имунитетті көтереді. Тұмауға қарсы таптырмас ем. Мынау қолымдағы прополисті ауызға салып шайнасаңыз, тұмауыңыз қайтады. Тіс ауруына да ем. Тіс қуысындағы микробтарды өлтіреді. Қазір араларды қысқа дайындаудамыз. Олар да тынығуға ыңғайланып жатыр. Бұлардың ішінде төбесінде өзгеше белгісі бар жалғыз аналығы болады, қалғаны жұмысшы аралар. Жалпы, араның түрі өте көп. Тұқымы мен тұрқы әркелкі болып келеді. Мәселен, мен өсіріп отырған баларасы «Украиналық карпатка» деп аталады. Алдағы уақытта шет елден аралар алдырып, аналықтарды ауыстыру жоспарда бар, – деді.
Балдан сабын жасауды қолға алған кәсіпкер оның жасалу технологиясымен де бөлісті.
– Балдан сабын жасау көптен бері ойымда жүрген іс еді. Қазір соны жүзеге асырудамын. Шамам келгенінше балсабынын жасап жатырмын, сұраныс та артып келеді. Жасалу жолы өте қарапайым. Балсабынға ешқандай химия өнімдері пайдаланылмайды, тек қана көпіршіктер қосылады. Көпіршіктер Қытайдан арнайы әкелінеді. Балды сол көпіршікке араластырып, арнайы пішіндегі қалыпқа құямын. Ол бір сағаттай тұрады. Қалыптан шығарғанда балсабыны дайын болады. Одан табиғи балдың иісі шығып тұрады. Балсабыны бөрткен, безеуді емдейді, дененеге енген суықты шығарады әрі теріні жұп-жұмсақ етіп тұрады.
«Ара шаруашылығына мемлекеттен қолдау бар ма?» деген сұрағымызға жауап берген кәсіпкер құжат жинауда қиындықтар туындайтынын алға тартты. Былтыр, қайтарымсыз бес миллиондық грантқа құжаттар өткізгенімен, қиыншылық туындап, екі құжаты дұрыс болмай, кері қайтарылғанын айтты.
Бүгінде өз кәсібімен таныла бастаған Игілік Қонаев қаласында ұйымдастырылған Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне, одан соң Астана қаласында өткен Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыс, аудан атынан барып, бал мен балсабынын таныстырып қайтқан. Осыған орай кәсіпкердің жәрмеңкеге баруға қолдау көрсеткен аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақовқа айтыр алғысы шексіз.
– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы Қонаев қаласындағы жәрмеңкеге 200 кг бал, ал Астана қаласындағы жәрмеңкеге 300 кг бал апарып, көпшілікке өз өнімдерімізді таныстырып қайттық. Бір килограмм балдың бағасы – 3000 теңге, қолсабынның бағасы – 1000 тг. Өнімдерге сұраныс болып, жақсы өтті. Тапсырыс әлі де көптеп түсуде, – деді кәсіпкер.
Иә, осындай игілікті істің басында жүрген Игілік Әбдірәсілдің омарта шаруашылығына аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы жаз айында арнайы келіп, қолдау білдіретінін жеткізген. Кәсіпкерлер күні қарсаңында омарташы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 30 000 теңгелік арнайы сертификатымен және аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың қабылдауында болып, Алғыс хатпен марапатталды.
Қазақта: «Араға ерсең, балдан татарсың» деген сөз бар. Бұл арадай еңбекқор бол дегені. Арамызда еңбекқор азаматтар көп болсын, ел мен жердің ырыздық–несібесі таусылмасын!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы