Бұқаралық ақпарат құралдары адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани жағынан байытады, сананы қалыптастырып, кемелдендіреді. Телеарналар мен әлеуметтік желілер ақпаратты жылдам жеткізеді дегенімізбен, мерзімдік басылымдарда жарияланатын сараптама, талдау, әдеби-танымдық мақалалардың орнын баса алмайды. Бүгінгі таңда да газет-журналдарды жаздырып алатындар саны аз емес. Сондай-ақ баспасөзге жазылу науқанының аяқталуына аз уақыт қалды. Осы орайда Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің басын құрап отырған «Өлке тынысы» ЖШС директоры, ақын Кәдірбек Құныпияұлы Кеген ауданына арнайы іссапармен келіп, оқырмандармен жүздесті. Кездесу алдында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың жеке қабылдауында болып, өзара әріптестік жайын талқылады.
Аудан әкімдігінің ғимаратында өткен оқырмандармен жүздесуге мекеме, ұйым басшылары мен тұрғындар қатысты. Кездесудің мақсаты – баспасөзге жазылудың кезекті маусымын пысықтау, жұртшылықпен арадағы байланысты нығайту.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков ашып, баспасөзге қатысты былайша ой өрбітті.
– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Арада қаншама уақыт өтсе де, Ахмет Байтұрсыновтың осы бір сөзі өз құндылығын жойған емес. Жоймайды да. Иә, бүгінгі жаһандану заманында ақпараттар легі көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып, әлеуметтік желілердің рөлі арта түсті. Бірақ көзіқарақты оқырман қауымның көкейіне ой салар, қоғамдағы өзекті мәселенің түйінін тарқатар басылымдар ұсынатын дүниенің әлдеқайда сапалы болары хақ. Бұған дейін де осы іске қатысты түсіндіру жұмысы жүргізіліп, жиын өткізілді. Біз өз тарапымыздан баспасөзді қолдаймыз. Соның ішінде «Алатау арайының» Кеген ауданындағы жаңалықтарды халыққа жеткізуде рөлі зор, облыстың бас газетіне жазылу науқанына байланысты «Өлке тынысы» ЖШС-ның директоры Кәдірбек Құныпияұлы арнайы келіп отыр, – дей келе, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған басылымға жазылу басты назарда екенін айтып өтті.
Өз кезегінде сөз алған Кәдірбек Құныпияұлы:
– Күз келісімен баспасөзге жазылу науқаны алдымыздан шығады. Кеше Райымбек ауданында халықпен жүздестік, газетке жазылуға ерекше ықыластары қуантты. Бүгін сіздермен жүздесіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасына байланысты газет-журнал, кітап оқу үрдісін жандандыруымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, облыстың Жетісу аталуына байланысты «Жетісу» газеті Талдықорғанда қалып қойды да, оның орнына Алматы облысында «Алатау арайы» газеті шығып жатыр. Орыс тілінде шығатын «Огни Алатау» атты басылымымыз тағы бар. Кеген ауылында орыс жоқ болса да, орыс тілді оқырмандар бар деп ойлаймын, мұнда орыс мектебі де жұмыс істейді. Оны да тыс қалдырмаңыздар. Газет – руханият бастауы, тәлім-тәрбие негізі. Сол себепті газет оқуды ұмытпаңыздар. Қазіргі таңда көпшілігіміз әлеуметтік желіге байланып қалғанымыз рас. Бірақ ондағы бүгін бар нәрсе, ертең жоқ. Ал газет – кәдімгі тарих. Оның әрбір саны мұрағатта сақталып, ғасырлармен бірге жасай береді. Сондықтан газеттің мәні ешқашан жойылмайды, – деген ақын баспасөзге жазылу науқанына бей-жай қарамау қажеттігін тілге тиек етті.
Бұдан соң Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Қуан Несіпбекқызы сөз алып, газет-журнал, кітапты шамшырақ еткен ел ғана білімнің биігіне шығып, болашақтың туын ұстайтынын алға тартты. Осы орайда газетке жазылудан жас ұрпаққа білім-тәрбие беретін ұстаздардың шет қалмайтынын, мұғалімдер үшін баспасөз бірінші орында тұруы қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев, «Қарқара» газетінің тілшісі Нұрболат Тастанқұлов, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әсем Құдайберген көкейкесті сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков:
– «Алатау арайы» және «Огни Алатау» – тоғыз аудан мен екі қаланы қамтып, аймақ тынысын жеткізіп отырған облыстық газет. Аталмыш басылымдардың кез-келген санында ауданымызға қатысты мақалалар шығып тұрады. Облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды осы газеттерден оқып, құлағдар боламыз. Аймақтағы игі істер мен танымдық, тағылымдық шаралардан хабардар болғымыз келсе, газетке жазылайық! – деді.
Ғаламтор үстемдік құрып тұрған кезеңде де көзіқарақты оқырман газет-журналдан қол үзбек емес. Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген. Ал баспасөздің өміршең болуы оқырманның көптігіне тікелей байланысты. Басылымға жазылушылардың саны көп, оқырманның әдеби талғамы биік болған сайын баспасөздің рөлі беки түсіп, тынысы кеңи бермек. Жас ұрпақтың зерделі, ойлы болып өсуі үшін де газет-журнал, кітаптан қол үзбеу керек. Бұл ретте облыстық басылымдардың орны бөлек. Сондықтан да, баспасөзге жазылу науқанынан қалыс қалмаған абзал.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы